Ресей мүфтиі «Нұр-Мүбарак» университетінің проректорына алғыс жариялады (ФОТО)

Желтоқсанның 10-12 жұлдыздары аралығында өткен X Халықаралық мұсылмандар форумының сәтті өтуіне сәйкес  Ұйымдастыру комитеті және Ресей мүфтилер Кеңесінің төрағасы, мүфти шейх Равиль Гайнутдин де жеке өз атынан «Нұр-Мүбарак»  университетінің  проректоры Шамшәдин Тұрсынұлы Керім мырзаға арнайы алғыс хат жолдады. Доктор, профессор Шамшәдин Керім мырза жыл сайын өтіп келе жатқан  бұл Халықаралық форумның басым бөлігіне қатысып, баяндама жасаған болатын. Ал  биылғы 10 жылдық мерейтойлық  датаға сәйкес ерекше деңгейде ұйымдастырылған форумның «Нұр-Мүбарак» университеті үшін ерекшелігі Мәскеу ислам институтымен келісімшарт қабылдап, әріптестік байланысты арттыра түсуі.

X Халықаралық форумда мұсылман қауымына қатысты жетістіктер мен өзекті мәселелер және оның шешімдері  талқыланды. Бұл жолғы форумның негізгі нысанасы монотеистік  діндердің (ислам, христиан, яхудилік) қазіргі замандағы ролі, еуразиялық интеграция мен мұсылмандардың орны, мемлекеттердің, діни ұйымдар мен қоғамның өзара ұтымды ынтымақтастықтары туралы болды. Форумға қатысушылардың ашық та нәтижелі пікір алмасулары мен өзара түсіністіктерінен кейін мынадай тоқтам жасалды. Яғни, қоғамның  дәстүрлі  өзегіне тікелей қауіп төнген жағдайда шұғыл түрде түрлі діни конфессиялар мен діни ұйымдар, мемлекеттік орындар арасында диалог ұйымдастырылу қажет. Бұл шара  ішінара  мұсылман жамағатының арасында  да өткізілуі маңызды.

Осы мәселелерді атай келе, әлем мұсылмандары мен халықтар арасындағы достықты нығайту барысында маңызды іс-шараға  үлес қосқан қазақстандық ғалымға алғыс білдірген  РФ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, X Халықаралық мұсылмандар форумы Ұйымдастыру комитетінің  төрағасы, мүфти шейх Равиль Гайнутдин тек ислам дінінің дамуы үшін ғана емес, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда  бірлікте болатындығына сенім артты.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲