КҮДЕР ҮЗБЕ БІР АЛЛАДАН…

«Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Аллаһтың рахметінен күдер үзбеңдер.

Аллаһ барлық күнәларды жарылқайды. Өйткені,

Ол – тым Жарылқаушы, Аса Мейірімді» – де!»

(Құран Кәрім. «Зүмәр» сүресі 53-аят.)

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Алланың пендесіне берер ғұмыры – тәтті өмір. Бірақ, оның дәмін сезбей өтетіндер бар. Алланың берер сынағы – ащы өмір. Бірақ, оның нәрін білмей кететіндер бар. Алланың берер нығметі – бай өмір. Бірақ, оның қызығын көрмей өтетіндер бар. Алланың берер уақыты – алтын кезең. Бірақ, оның сәтін аңғармай кететіндер бар. Жалған дүние жарты жанды алар, жамбастап жығар, алып соғар. Бірақ, оны жеңетін бір ғана күш бар. Ол Алладан адамға берілетін қуат. Аз уақыт, қысқа ғұмыр. Атқа отырып, «Шу» дегенде – ақ қас – қағымда өмірдің соңы. Күні кеше дүниеге келді, бүгін жас, ертең қауқылдаған шал, уәделі күннің жақындағанын сезгенде, Алладан «Осы жарық дүниені әлі де көре тұрайын» деген кішкене үмітімен тіленеді. «Қайда менің жас күнім, тай – тұяқтай тулаған әз жүрегім» деген біреу жастығын аңсап, «Осы бір істерді атқармадым – ау» деп те ойламайды. Біреуі өкіне санын соғар, ал енді біреуі «Қолымнан келгенше жасаған тірлігім жеткілікті, осыған да шүкір» деп, жұбана марқаяды, өлімді сабырмен күтеді.

Ықылым заманнан бері бабаларымыз Жаратқан Аллаға деген сенімін ешқашан жоғалтпаған, Оған деген шексіз ықыласын жоймаған, Оның берген ырзығына да тоймаған. Бірден – бір сәтсіздікте көңілін қайғы не мұң шалса, жүзін жоғары қаратып «Е, Алла, бала – шағама көрсете көрме мұны» деп, Аллаға ұрпағының болашағанын тапсырған. «Таудай үлкен күнәміз – кішкене емес, кешем десе Құдайға ештеңе емес» деген атам қазақ Алланың кіл кешірімшілдігі мен мейірімділігін көкіректерімен сезгенде! Бірақ, «Күніге мың пәлеге жолықсаң да, сонда да күдеріңді үзбе бір Алладан!» деген бабаларымыз әр мезет Онымен тілдесіп, күдер үзбей ғұмыр кешкен.

Тегінде адам баласы күнә жасаймын деп келмейді ғой, не болмаса күнә әркімнің алдынан шықпайды. Оны жасаушы ұлы адам. Жаратқан Алланы естен шығарған пендеге күнә да таныс емес, оны тек өмір тілімен «Өзімнің қателігім, ақымақтығым» деп, түсінеді. Алла адамды ақымақ етіп жаратпайды. Керісінше, адамға үлкен ғаламды сый етіп, оны басқаруына ақыл мен сана береді. Ал, өмірін өтімді сабырмен басқару – Алла алдындағы әркімнің жауапты міндеті. Жаратушы пенделерін бар жақсылықпен қуаттандырады. Бірақ, уақыт өз дегенін істейді. Бір отбасының баласындай біреуі бастық, екіншісі жастық, енді бірі бай, оның інісі кедей, кішісі бұзық, одан кішісі тұздық болып шыға келеді. Дүние алма кезек. Мастанған мен қастанған да, парақор мен жалақор да мәреге келіп жеткенде, бойы мен ойына жиған – түйгендерін азық ететін болады. Адам өмірін жақсылыққа жетелейтін «Үміт» деген ұлы қуат бар. Сабырлы, қажырлы адам Алладан үмітін ешқашан үзбейді. Тіптен «Жүгірген ала ма, бұйырған ала ма» дегендей «Бұйрығы жоқ іске амал бар ма» деп, ең соңғы демінде де күдер үзбей, үмітті қалқан етеді. Ал, жолында үміті жоқ адамға бәрі бұлыңғыр, болашағы алыстағы сағым. Адам өмірін жақсартам десе, адал еңбек пен қиындыққа төзіп, бақыты үшін күресе білген жақсы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үміт – адамды жақсылыққа, болашаққа өзінің армандаған мақсатына жетелейтін бірден – бір рухани, имани күш – құрал» деген болатын. Немесе халықта: «Үмітсіз – шайтан» демейді ме? Адам жүрегімен тәубеге келмей үміт ете де жете де алмайды. Тәубе – өмір таразысы, тәубе – қанағат тұтқасы, тәубе – амал аялдамасы, тәубе – бекемдену, тәубе – бақыт мекені, ал негізгі тәубе – жәннет есігі! Ұлы Жаратушымыз Алла: «Әй, мүминдер! Аллаһ Тағалаға шынайы түрде тәубе етіңдер! Сонда Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын ұжмақтарға кіргізуінен үміт етіледі» («Тахрим» сүресі, 8-аят). Немесе «… Сондай-ақ Аллаһты мархаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Аллаһтың рахметінен қарсы болған қауым ғана күдер үзеді» деген. («Юсуф» сүресі, 87-аят) Демек, Алла тағала пендесінің шын ықылыстағы тәубесін қабыл етеді. Жүрегін мейірім мен рахмет игілігіне бөлеп, таусылмас бақыттың мекені «Жәннетке» кіру деген үмітін тудырады. Алланың шексіз рахметінен күдер үзу – үлкен күнәлардың бірі. Ал күнәлардың кешірілуі тәубеге байланысты.

Бір аятта: «Шынында, Ол – тәубені тым қабыл етуші, өте мейірімді» – делінген. («Тәубе» сүресі, 118-аят). Сондықтан, барша мүміндер Алладан ғана үміт күтіп, Одан жарылқау тілеп, жалғыз Одан ғана пана тілеуі тиіс. Тегінде, адам қаншалықты Алла тағала алдында күнә жасаса, Алланың рахметінен соншалықты үміт етуі керек. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Егер Аллаһ Тағаланың қандай да бір пендесі Аллаһ алдында тәубе жасаудан жалықпайтын болса, Аллаһ Тағала да сол пендесінің тәубесін кешіруден жалықпайды» дегенін естен шығармау қажет. Кейінгі кездерде әулие мен ата – баба рухы, не болмаса аруақтан қолдау сұрап, бейіт аралаған жандар өздерінің қате жолда жүргендерін білсе ғой. Ол әулие адамдар да кезінде біз сықылды өмір кешкен, Алланың ерекше қасиетіне ие болған ұлы пенде. Ол кісілердің рухына құран бағыштауға болады. Ал, басына барып, бас ұра өмірлік және тіршілік тілеуін тілеген адамға, ол әулие орнынан тұрып, аңсаған арманына жетелемейді. Ал, кейбіреулер сол жорықтарынан кейін өміріндегі өзгерістеріне бірінші Алланы емес, «Әулиенің берген күші мен несібесі, сол әулие көмектесті» деп өзін – өзі жұбата және басқаны алдайды. Ал, оның бәрі көкіректегі таза ниеттен шыққанын түсінсе ғой. Хадисте: «Шын мәнінде амалдар тек қана ниеттерге байланысты. Әркімнің ниеті қандай болса, табысы сол» делінген. Егер адам алдындағы мақсатына жетем деп жігерленсе, жан – тәнімен Аллаға қолын жая, алдымен кешірім сұрап, сосын көңлін мазалаған ойы тілегі мен дұғасына ұластыруға болады. Оны шын ниетпен жылап сұра, үміт етіп сұра! Ал, ол үшін ел мен жер кезе бейіт аралап, қырық әулиені шарлап, жетпіс құдайы шелпегін пісіріп, шырақ жағу керек емес. Одан өзіне зиян келтірмеуі керек. Өйткені, ол Аллаға серік қосқандық. Бәріне ие тек қана Алла тағала!

Өмірдің күресінде жүрген мұсылман бауырларым! Өмір сүре білу үлкен талапты қажет етер, бірақ оған таудай ғылымның қажеті болмас. Өмірді жақсартуға таудай талап қажет болар, бірақ оған үлкен ғылымның қажеті болмас. Бұл күнге дейін еш адамзат баласы дүниенің көзінен жібін өтікізіп, өз дегенімен өмірін сабақтаған емес. Алланың қызықты өмірінде сан алуан сынақтарынан өтпей немесе өмірдің мәніне жетпей кеткен адамзат болған емес. Сондықтан, жаныңды қай бұрышта болар – болмасқа пида етсеңде, жүректі өкінішке толтырмай, үміт жинау өте қажет. Ол ертеңгі күннің белгісі! Сонда да күдер үзбе бір Алладан! Әумин, Аллаһу Әкбар!

 

Нұрлан Байжігітұлы,

haq.abai.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲