Имандылық жемістері

Алла тағаланың құлдарына деген ерекше мейірімділігі адам иман ләззатын сезгеннен кейін оны имандылық көкжиегіне самғатып қояды. Егер адам бойында иман негіздері бекіп, орныққан болса, ол кейін тамыры тереңге бекіп, бұтақтарын биікке самғатып, бүршік жарып, жапырақ жайып, жеміс беріп, зәулім бәйтерекке айналады. Бұл жеміс ол үшін дүниелік және ақыреттік азық болады.

Имандылықтың дүниелік ақыреттік жемістеріне мысал келтірер болсақ, Құран аяттары мен хадистерде кеңінен баян етілген:

Бірінші, Алланың достығы нәсіп болады. Бұл шынайы тақуалардың діттеген мақсаты мен өмірлік арманы. Алла тағала Құран кәрімде:

ألَا إِنَّ أَوْلِيَاءَ اللَّهِ لَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ ﴿٦٢﴾الَّذِينَ آمَنُوا وَكَانُوا يَتَّقُونَ ﴿٦٣﴾

(62) Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды.(63) Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар.[1]

         Яғни Алла тағала тақуа болғандардың досы. Бұл достық тек осы топтаға адамдарға ғана қатысты. Алла тағала Құран кәрімде:

 اللَّـهُ وَلِيُّ الَّذِينَ آمَنُوا يُخْرِجُهُم مِّنَ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ

 Алла (Т.) иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады.[2] Яғни Алла иман келтіргендерді зұлымдық қапасынан иман нұрына шығарушы, надандықтан ілімге бағыт беруші, терең ұйқыдан оятушы. Бұл тек иман нәсіп болған адамдарға тақуалықпен келетін ұлы достық нығметі.

Екінші: Алланың ризашылығына бөлену.  Алла тағала Құран кәрімде:

 وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّـهَ وَرَسُولَهُ ۚ أُولَـٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّـهُ ۗ إِنَّ اللَّـهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ* وَعَدَ اللَّـهُ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَمَسَاكِنَ طَيِّبَةً فِي جَنَّاتِ عَدْنٍ ۚ وَرِضْوَانٌ مِّنَ اللَّـهِ أَكْبَرُ ۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ}

Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла, мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана.(72) Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мүлде қалатын бақшалар және ғадын жаннатында, көркем орындар уәде етті. Ал Алланың ризалығы өте зор табыс. Міне осы, үлкен қол жетушілік.[3]

         Иманға келгені үшін Алланың разылығы мен мейіріміне бөленген жандар, өйткені олардың имандылық жолда жүректері бір, олар жақсылыққа әмір етіп, жамандықтан тыйғандар.

Үшінші: Имандылық жаманшылық атаулыға қалқан. Алла тағала иман еткендерді жаманшылық атаулыдан сақтап, қиыншылықта жәрдемдеседі. Алла тағала Құран кәрімде:

إِنَّ اللَّـهَ يُدَافِعُ عَنِ الَّذِينَ آمَنُوا

Күдіксіз Алла, иман келтіргендерді қорғайды.[4]

Аллаға шынайы иман келтіргендерді Алла тағала барлық жамандық атаулыдан сақтайды. Адамдардан және жындардан болған шайтандардың арбауына еріп кетуіне жол бермейді. Алла тағала Құран кәрімде шынайы иман еткен құлы Жүніс пайғамбар жайында:
فَنَادَىٰ فِي الظُّلُمَاتِ أَن لَّا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنتُ مِنَ لظَّالِمِينَ ﴿٨٧﴾ فَاسْتَجَبْنَا لَهُ وَنَجَّيْنَاهُ مِنَ الْغَمِّ ۚ وَكَذَٰلِكَ نُنجِي الْمُؤْمِنِينَ   

Сонда қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): «Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Пәксін. Шын мәнінде мен қателесушілерден болдым» деп, жалбарынды. (88) Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз. [5] Аяттан көргеніміздей Жүніс пайғамбардың жалбарынып жасаған дұғасын Алла қабыл етіп, үлкен балықтың ішінен босатты. Бұл тек шынайы қорыққандар үшін берілетін нығмет.

Төртінші: Имандылық және жақсы амал байсалды өмірдің кепілі. Имандылықты бойына сіңіріп, өмірінде іс жүзінде жүзеге асырған адамға Алла тағала байсалды өмірді нәсіп етеді. Алла тағала Құран кәрімде:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَىٰ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً ۖ وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

Ер немесе әйелден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз.[6]

Байсалды жақсы өмірдің нышаны жүрек тыныштығы мен қанағат. Имандылық бойына дарыған адам өмірдің барлық қиыншылығын жеңіл өтіп, жақсылықтарына шүкіршілік етіп, ауытқусыз бір қалыпта рахатта күн кешеді.

Бесінші: Имандылықпен жақсы амалдар еселенеді. Адамның өмір бойы жасаған игі амалдары бойында тек имандылық болса ғана еселеніп, сауап болып жазылады. Алла тағала Құран кәрімде:

 فَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتِ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَا كُفْرَانَ لِسَعْيِهِ

Сонда кім иман келтіріп, жақсылық істесе, оның еңбегі босқа кетпейді. Күдіксіз оған жазамыз.[7] Бұл аят салихалы амалдың сауап болып жазылуы тек имандылық болған жағдайда ғана екенін меңзейді.

Алтыншы: Түйсігі артады. Имандылықты ту еткен әрбір пенде үшін Алла тағала сана тазалығын нәсіп етеді. Ондай адамға ілім үйрену, Құран, хадис жаттау жеңілге түседі. Имандылықтан алыс адамның санасында тәртіпсіздік орын алғандықтан жүйелі түрде ойлануына, нақтылы шешім қабылдауы қиынға соғады. Алла тағала Құран кәрімде:

وَذَكِّرْ فَإِنَّ الذِّكْرَىٰ تَنفَعُ الْمُؤْمِنِينَ

Есіне сал! Өйткені еске алу мүміндерге пайда береді.[8]

         Өйткені Құранда келген зікір сөзі адамның білмейтін немесе білген маңызды нәрсесін қайта еске алуға қатысты қолданылады[9]. Имандылыққа бет бұрып санасы тазарған адам ақыретіне, дүниесін пайдалы қажетті нәрсені ғана еске алып, соны санасына бекітеді.

Жетінші: Күдіктен арылады. Дін негіздерін бойына дұрыс сіңірген адамның иманы бекіп, жүрегі күдіктен арылады. Қазіргі кезде кейбір мұсылман бауырлар дін негіздерін бойына дұрыс қалыптастыра алмай, Аллаға жаратылғандарға тән сипат беріп, адасып, жүректерін күмән басқан. Алла тағала құран кәрімде шынайы иманның бекуі жайында былай дейді:

  إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ آمَنُوا بِاللَّـهِ وَرَسُولِهِ ثُمَّ لَمْ يَرْتَابُوا

Шын мәнінде сондай Аллаға, Елшісіне иман келтірген мүміндер, сосын күдіктенбейді[10]. Бұл аятта шынайы иман келтіргендер үшін Алла тағала күдіктен арылтып, жүректерін тыныштандырады.

Сегізінші: Ризығы кеңейіп несібесі артады.  Имандылық жолға түскен адам әр кез таза дәретпен, дұға тілекпен жүргендіктен аспан пен жердегі ризық несебесі де арта түседі. Алла тағала Құран кәрімде:

وَلَو أَنَّ أَهْلَ الْقُرَى ءَامَنُوا وَاتَّقَوْا لَفَتَحْنَا عَلَيْهِمْ بَرَكَاتٍ مِنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ

         Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік.[11]

Тоғызыншы: Жауларына тойтарыс береді.  Шынайы иман келтіргенді  Алла тағала кәпір, жауыздардың алдында жығып бермейді. Алла тағаланың жеңісі әрдайым мұсылмандар жағында болады. Ал қазіргі кездегі мұсылман мемлекеттерінің аянышты жағдайы олардың толық имандылыққа бет бұрмағандығында, Алланың әмірлеріне толықтай бой ұсынбау, дүниелік кейбір мақсаттарды діттегенінде. Алла тағала Құран кәрімде:

إِنَّا لَنَنصُرُ رُسُلَنَا وَالَّذِينَ آمَنُوا فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَيَوْمَ يَقُومُ الْأَشْهَاد

         Расында елшілерімізге иман келтіргендерге дүние тіршілігінде де, куәлікке тұратын (қиямет) күні де әлбетте жәрдем етеміз.[12] Бұл Алла тағаланың шынайы мүміндерге берген уәдесі.

Адам баласы дүниеге құлшылық жасау үшін жаратылған. Сол үшінде әр уақытты тиімді де, ардақ тұтып жүректегі иман нұрын қызғыштай қорғап Аллаға деген махаббатын дарыта білгені жөн. Иман тақырыбы – ислам дініміздің асыл тамырынан болады. Өйткені, имансыз ислам тұзсыз тағам мен досы жоқ адамдай. Алла иманымызды арттыра көр!!

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат Қажымұратұлы

[1] Юнус сүресі 62-63 аяттар

[2] Бақара сүресі, 256-аят

[3] Тәуба сүресі, 71-71 аяттар

[4] Хаж сүресі, 38-аят

[5] Әнбия сүресі, 87-88-аят

[6] Нахл сүресі, 97-аят

[7] Әнбия сүресі, 94-аят

[8] Зарият сүресі, 55-аят

[9] Сағдидің тәпсірінде

[10] Хужурат сүресі 15-аят

[11] Ағраф сүресі, 96-аят

[12] Ғафир сүресі, 51-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲