Бас мүфти вице-министрмен кездесті (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Астана резиденциясында ҚР Мәдениет және спорт вице министрі Марат Әзілхановты және Дін істері комитетінің басшылық құрамын қабылдады.

Ресми кездесуде еліміздегі діни ахуал, Діни басқарманың 2014 жылда атқарған игілікті іс-шаралары сөз болып, 2015 жылдың жоспары талқыланды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни мамандар әлеуеті мен уағыз-насихат жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын баяндады. Вице-министр Марат Алмасұлы имандылық, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы ҚМДБ-ның сауапты һәм салауатты жұмыстарына жоғары баға берді, алғысын білдірді.

Қазіргі уақытта ҚМДБ-ның құрылымында 3 967 діни мамандар қызмет атқарады. Имамдардың біліктілігін көтеруге арналған арнайы курстар ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың 9 айында 1400-ден астам дін қызметшісі білімдерін жетілдірді.

Өңірлердегі имам-молдалардың халықпен жұмыс істеу қабілетін тереңдетуге, білімін жетілдіруге бағытталған семинарлар ұйымдастырылуда.

ҚМДБ-ның аттестациялық комиссиясы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының 1031 имам-молдасы аттестациядан өткізілді.

 ҚМДБ Баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲