БАЛА ТӘРБИЕЛЕУ- ҰЛЫ ӨНЕР

Дүниеге сәби келсе ата анасы, туыстары, көрші қолаң, ел жұрты барлығы қуанып, мәре сәре болып қалады. «Бауы берік болсын!» , «Үлкен азамат болып өссін!» деген тілектерін айтып, баладан жақсы үмітті екендіктерін білдіреді. «Отан отбасынан басталады» деген дана сөзден ұғатынымыз, ол бала еліміздің болашағы, бір кірпіші болып қаланатын азаматы.

Пайғамбарымыз Мухаммед(ғ.а.с): Ата ананың балаға деген үш хақысы бар, олар балаға жақсы есім қою, білім дарытып, көркем мінез құлыққа тәрбиелеу, ер баласы ер жетсе, қызы бой жетсе үйлендіру мен тұрмысқа беру деген. Есім қойғанда болашақта баланың намысын төментетпейтін, көркем есімдерден қойған дұрыс. Дін тұрғысынан шариғатқа қайшы келмейтін есім болса абзал. Қазіргі уақытта есім қоюда таңдау көп. Ата анасы жұртта жоқ ерекше есім қоямыз деп, қазақшылыққа да қайшы, дінге де қайшы есімдерді қойып жатады. Әсіресе мағынасына мән бермей, құлаққа жайлы, әдемі естілген есімді қояды. Мағынасына терең бойласақ, басқа діндердегі құдайларының аты, немесе аудармасы ұятқа қалдыратын мағына береді. Сол себепті балаға есім қойғанда дәстүрлі исламға сәйкес, салт дәстүрімізге қайшы келмейтін есімді қоюға шақырамыз. Екінші ата ананың міндеті, құдай берген баласына жақсы тәлім тәрбие беру. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген өнегелі ұлы сөз бар. Қазіргі уақытта осы мәселе яғни бала тәрбиелеу «ақсап» тұр десек, артық кетпейміз.

Ата анасы баланы балабақша, мектеп тәрбиелейді деп, тәрбиеге селқос қараса, балабақша мен мектеп ата анасы тәрбиелейді деп, баланың нағыз тәрбиелейтін кезеңін өткізіп алады. Қазіргі ғылыми нәтижелердің қорытындысы бала бес жасқа дейін өмірлік тәрбиенің елу пайызын бойына сіңіреді екен. Қазақта да «Баланы жастан» тәрбиеле деген дана сөз бар. Пайғамбарымыз Мухаммед(а.с): «Ата ана балаға жақсы тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайды» деген. Қалай айтсақта баланы тәрбиелеуде ата ана басты рөл атқарады. Балабақша мен мектеп қоғамға тәрбиелесе, ата анасы баланың жан дүниесін тәрбиелейді. Ертеде қазақ бала тәрбиесінде ислами діни тәрбиеге қатты мән берген. Ол кезде баланың тілінің ең бірінші сөзі «лә иләһа иллаллаһ» болған. Өйткені исі қазақ баласы өзін ислам дінінің өкілі санап, дін қағидаларын басты назарға алған. Қазіргі уақытта баланың тілі тез шықсын деп, неше түрлі сөздерді үйретеді. Сол боқ ауыз сөздерді былдырлап баласы айтқанда, шайтан лағнет қуанып жатады. Ата анасының қуаныштары ұзақ болмайды. Ата анасы, бала есейгесін ұмытып кетеді, еш нәрсе етпейді дегенмен, баланың жан дүниесінде, жадында ол сөздер «жақсы» болсын не «жаман» болсын сақталып қалады. Адамның тағдыры оның сөздері мен істері емес пе!? Сол сөздері мен істерінен адамның мінезі қалаптасады.

Қазақта «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген өнегелі сөздер бар. Бұл жерде «көрген» деген сөзге аса мән беру керек. Балаға қанша дұрыс бол деп айтсақта, өзіміз үлгі болмасақ, айтқанымыздың әсері болмайды. Қайсы ата ана болсын, өзінің баласының жақсы болғанын қалайды. Тарихымызды қарасақ, қазақтың бір туар арыс азаматтары діни ортада, діни тәрбиеде өскенін көреміз. Тарих ол  – жүріп өткен жол. Тарихын білмегеннің болашағы жоқ деген тұжырыммен пайымдасақ, ол болашақты басқалар жасайды деген басқа тұжырымға келеміз. Өкінішке қарай қазіргі уақытта ислам дінін артта қалған дегендермен, ислам дінін дұрыс түсінбей, балаларын мешіт – медреседен алыс ұстағысы келетін ата аналар да бар. Бұл түсінбеушілік уақытша құбылыс. Балаларымыз жаман жолға түсіп кетпесін деген ата ананың уайымында түсінуге болады. Сол себепті ата бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміздің жолын жаңғыртып, соның жаршысы болып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатымен тіркелген мешіттер мен медреселерге балаларды жіберсе жақсы болар еді. Үшінші ата ананың міндеті ұлын ұяға, қызын қияға қондыру болады. Осы міндеттерді атқарса, ата ананың негізгі міндеттері тамамдалады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр отбасына Алла тағала бақыт пен байлық берсін!

 Абылай Құрмашұлы        

  «Мухсин» мешітінің бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲