Алланың елшісіне деген сүйіспеншілік

Пайғамбарымызды жақсы көру оның өмірін жете танудан, Құран аяттарын тереңірек зерделеуден, Аллаһ тағаланың әмірін қалтықсыз орындауға деген ынта-құлшыныстан туады. Соңғы елшіні жақсы көру ой-санаға ізгілік құйып, бойда құрметті қалыптастырады. Өзінің мұсылман үмбеті екенін, ал Пайғамбардың үмбетке жолбасшы екенін ұққан  адам өз жүріс-тұрысын соларға қарап түзей бастайды.

Құрандағы мына аяттар мұсылмандар үшін Пайғамбардың бойында үлгі алар өнегелі істердің тұнып тұрғандағын білдіруде:

 

    «Сіздер үшін, Аллаға және ақырет күнінің растығына сенгендер әрі Алланы көп еске алатындар үшін Алланың елшісінде ең тамаша өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) .

 

Негізінде бұл сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін үйреткен Алла тағала және Оның елшісі (с.ғ.с.) еді.Осыған байланысты. Құранда:

 

  «Егер Алланы жақсы көрсеңдер менің ізіме еріңдер, сонда Алла тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла тағала өте кешірімді әрі аса рақымды-де!»  (Тауба сүресі,128 –аят )  –  деп Өзінің елшісіне (с.ғ.с.) бағынуды, соңынан еруді,үлгі алуды әмір етеді. Шындағына келгенде, Оны үлгі тұтып артынан еру, тек сүіспеншілікпен ғана жүзеге аспақ.

Тағы бір аятта Алла тағала:

«Мүміндер үшін пайғамбар өз жандарынан да артық.» (Ахзаб сүресі, 6- аят) ,– дейді.

Сүйіспеншілікті үйреткен Пайғамбарымыздан өмірдің мәнісін толық ұққан сахабалар, оны қалай жақсы көрудің асқан үлгісін көрсетті. Олардың қай-қайсысы болсын Пайғамбарымыз үшін шыбын жанын пида етуге әзір еді.

Хазірет Омар  (р.а.) да Алла елшісін жанындай жақсы көрді. Бірде ғаламның  рақым нұры (с.ғ.с.) Омардан (р.а.):

-Мені қаншалықты жақсы көресің?- деп сұрағанда, ол:

-Уа, Алланың елшісі, сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін,- деп жауап береді.

-Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше толық иман еткен болып саналмайсың, – деп Алла елшісі (с.ғ.с.) оған сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін түсіндіреді. Істің мәнісін Пайғамбардан үйренген ол жан-тәнімен:

-Уа, Расулалла, Сені жанымнан да артық жақсы көремін,- дейді. Алла елшісі оған:

-Міне енді сүйіспеншілік кемеліне келді,- деді (Муслим) .

 

Тағы бір хадисте:

«Кімде-кім мені әкесінен,баласынан және бүкіл адамдардан жақсы көрмейінше кәміл иман еткен болып санамлайды» (Бухари,Муслим) деуі, Алла елшісіне қатысты сүйіспеншіліктің иман келтірумен тікелей байланысты екенін көрсетеді.

 

Бірде, Пайғамбарымызды мүшріктердің соққыларынан қорғамақ болып, араша түскенде Хазірет Бәкір өзі де таяққа жығылып, ес-түсінен айырылып қалды. Анасы ол ес жиғанша тапжылмай қасында отырады. Әбу Бәкір есін жияр-жимастан өзінің халі мүшкіл боп жатса да, сүйікті Пайғамбарымызды іздеп: «Пайғамбарымыздың жағдайы қалай, оған не болды?» –деп  сұраумен болды. Анасының бір қасық болса да, тамақ ішіп әлденіп алуын өтінгеніне қарамастан, ол: «Расулаллаһтан хабар келмейінше еш нәрсе татып алмаймын»,- деп жаны тағат таппайды. Әбу Бәкір Пайғамбарымызға деген шынайы адалдығымен, сүйіспеншілік, сенімділігімен танылған еді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өз жанынан да айрықша жақсы көріп, Ол үшін жанын беруге әрдайым дайын тұратын.

Бірде бір бәдәуи Пайғамбарымызғакеліп:

-Қиямет қашан болады? –деп төтесінен сұрады.

Пағамбарымыз оған: – Сен қияметке не дайындалдың? –деп еді, ол «Мен құлшылықты көп жасадым деп айта алмайтын, бірақ Аллаһты да, елшісін де шын көңіліммен жақсы көремін», -деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Әркім (о дүниеде) жақсы көргенімен бірде болады» деген жақсы жайттан хабар білдірді (Бухари,Муслим).

Пайғамбарымызды жанымыздан да артық жақсы көру –иман кемелдігінің бірден-бір шарты. Осы ақиқатты терең сезінген сахабалардың жарқын ғұмыры, албетте, Алла елшісіне деген шынайы сүйіспеншілікке толы болды. Иманымызды толықтыруға барынша тырысып, сахабалардың Пайғамбарымызға деген шексіз сүйспеншілігі иншалла біздерге де нәсіп болғай!

«Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы

Исаев Қасымхан Абдоллаұлы

Return to Top ▲Return to Top ▲