Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қасиетті Рамазан айы қарсаңында асыл дініміздің рухани құндылықтарын, халқымыздың салт-дәстүрлерін насихаттап, елімізді аралап жүрген «Өнер қырандары» театры Қызылжар қаласында да өнер көрсетті.
Облыстық драма театрына жиналған көрермендерді алдағы Рамазан айымен құтықтаған ҚМДБ-ның өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы «Берекелі мереке – 3» деген тақырыптағы патриоттық рухани кешімен сауапты сапарда жүрген театрға сәттілік тіледі.
Әзіл-сықақ театрының арасында алда келе жатқан «Өнер қырандары» трагикомедия жанрына да шебер екен. Олар сахналаған үш қойылым көрермендерді мұңайта да, күлдіре де білді. Өнердің құдіреті осы ғой!
«Өнер қырандарының» екі концертінен түскен қаржы өңірімізде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде беріледі.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі