ҚМДБ: 20 КҮНДЕ 559 073 АДАМҒА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

ҚМДБ бекіткен жұмыстың негізгі 7 бағытының бірі – уақып және қайырымдылық. Осы бағытта Рамазан айында «Ауызашар» акциясы ұйымдастырылып келеді.  

Аталмыш акция аясында «Уақып» қоры мен «Зекет және қайырымдылық» қоры, сондай-ақ, ҚМДБ-ға қарасты «Қайырымдылық мекемелердің» ұйымдастыруымен мешіт жамағатына, медресе, қайырымдылық мекемелердің шәкірттеріне, студенттерге, қазыналы қарттарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ауызашар берілуде. Сонымен қатар, республика бойынша өкілдіктердің ұйымдастыруымен жолаушыларға «Ауызашар қоржындары», әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «Рамазан қоржындары» таратылуда.

Рамазан айының алғашқы 10 күнінде 216 764 адамға берілген болса, ортаңғы 10 күнінде 342 309 мың адамға, ал жалпы 20 күн ішінде 559 073 адамға ауызашар берілді.

Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушыны тамақтандырған ораза ұстағанның сауабын алады. Әрi ораза ұстаушының сауабы кемiтiлмейдi» дейді.

Алла Тағала Пайғамбар өсиетіне амал етіп, ауызашар ұйымдастырған, оған үлес қосқан әрбір жомарт жанға Алла елшісі сүйіншілегендей ораза тұтушының сауабын, нәсіп етсін! 

Return to Top ▲Return to Top ▲