Құрбан айт мерекесі қарсаңында «Орал облыстық орталық мешітінде» қасапшыларға арналған «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты семинар жүргізілді.
Шараға ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілі имамы, Орал облыстық орталық мешітінің бас имамы Руслан қажы Сұлтанов, аталмыш мешітінің наиб имамы әрі ҚМДБ «Халал даму» ЖШС-ның БҚО бойынша өкілі Абдурашит Қарабаев, ұстаз Ринад Акимов, «Тәжиден Батырұлы» мешітінің наиб имамы Әсет Романқұлов қатысты.
Руслан қажы Тыныштықұлы мал союдың өзіндік мәдениеті, талап-шарттары мен ережелері болатынын айтып, қасапшыларға өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды. «Құрбан айт мерекесінің ауқымы жылдан жылға ұлғайып, дәстүрлі дін құндылықтарына халықтың сұранысы мен ықылас-пейілі артып келеді. Айт мейрамдарының бүгінде бұқаралық сипат алғаны осыған дәлел. Санаулы күннен соң келетін мүбәрак мерекеде құрбан шалғысы келетін қала тұрғындарына кәсіби тұрғыда қызмет қылу – сіздерге жүктелген аманат. Қала әкімдігі осыған орай мал союға арнайы нысандар белгіледі. Айтулы күндері құрбандық малдарын шариғи шарттарын сақтай отырып союға аса үлкен мән берілуі керек» деді өкіл имам.
Семинарда «Тәжиден Батырұлы» мешітінің наиб имамы Әсет Исламбекұлы құрбан шалудың шариғаттағы үкімдері мен талаптарын қасапшыларға кеңінен түсіндірді. Артынша қасапшыларға семинардан өткендігін дәлелдейтін сертификаттар берілді.
Шариғи үкімдер жан-жақты тарқатылған семинардан тәлім алған қасапшылар өкілдік ұйымдастырған шараға ризашылық білдірісіп, құрбан шалу барысында семинардан үйренген сабақтарын іске асыратындықтарын жеткізді.
БҚО бойынша баспасөз қызметі