26 миллион тұрғыны бар Малайзия 2020 жылы әлемнің ең дамыған елдері қатарына қосылуды көздеп отыр. Әрине, әлеуметтік жағдайы мен экономикалық даму көрсеткішінен қарап, малайзиялықтардың бұл межесі құр даурықпа «ұранды үндеу» емес екеніне толық сенуге болады. Өйткені, ішкі тұтыну тауарларының 95 пайызын халал өніммен қамтамасыз етіп отырған мемлекеттік бағдарламалары нақты жүйеге қойылғаны белгілі. Ал бұл елдің өркениеттік даму үлгісі тікелей ислам дінімен байланысты. Сондықтан, Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университеті Малайзияның Сұлтан Зейнел Абидин университетімен ғылыми байланыс орнатып, жыл сайын болашақ ғалымдар диссертациялық жұмыстарын жетілдіруге қол жеткізіп келеді. Осының нақты көрінісі іспеттес «Нұр-Мүбарак» докторанттары Болатбек Абуов пен Олжас Шаяхметов қазір ғылыми ізденістерін Сұлтан Зейнел Абидин университетінде жалғастыруда. Сұлтан Зейнел Абидин есімін алғанына 10 жылдай болған университет мемлекет меншігіндегі ұлттық жоғары оқу орындарының қатарында.
– Сұлтан Зейнел Абидин университетінің кітапханасы өте бай, тәулігіне 13 сағат ашық. Кітап қоры ағылшын және араб тілінде. Қажет кітабыңды табу соншалықты жеңілдетілген әрі «мына кітапты алдым» деп тіркеп жүрмейсіз. Әлемнің түкпір-түкпірінен білім талабымен келген студенттерге бүкіл жағдай жасалған. Мен де қазір диссертациялық жұмысымды тереңірек мәліметтермен толықтыру үстіндемін, – дейді докторант Болатбек Абуов.
Докторлық диссертациясын араб тіліндегі туындылармен толықтырып қана қоймай, ағылшын тіліндегі дереккөздерді де саралап жатқан докторанттар білікті профессорлардан да ақыл-кеңестер алуда.
Қос ел арасындағы қарым-қатынас 1991 жылғы 31 желтоқсанда Малайзияның Қазақстанның тәуелсіздігін мойындағаннан бері басталды. Қазір 2 мыңнан астам қазақстандық студент Малайзияда білім алуда. Оның көпшілігі экономика және ақпараттық-технологиялар мамандықтары бойынша екен. Ал, академиялық ұтқырлықты арттыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген бағдарлама бойынша ғылыми іс-сапардағы «Нұр-Мүбарак» университеті докторанттарының пікірлеріне қарап, Малайзия – шын мәнінде ислам ғылымының бізге жаңадан ашылып жатқан «алтын арнасы» іспеттес.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі