Шынайы сәләфтар қандай ақида ұстанған?

Кәзіргі кездегі кейбір жат ағым өкілдері қоғамда өздерін шынайы мұсылмандар екенін көрсету мақсатында өздерінің ұстанған жолдардан дәстүрлі мазһабтардан ерекшелеу үшін өздеріне әртүрлі атаулармен атап келген. Бір уақытта өздерін уахабшылар деп атаса кәзіргі уақытта бұл атаудан үрке қарайтын көп болғандықтан атауларын өзгертіп, сәләфтармыз деп атауда. Алайда негіздері сол баяғы уахабизм ағымының негізін қалаушы Мухаммад ибн Абдуләһәбтың ұстанымы болып қала берді. 

Сәләфия (араб.: سَلَفِيَّة‎) – Ислам дінінің негізі боп табылатын  Құран мен Сүннетті «әс-сәләф әс-салихун» (араб.: السلف الصالحون‎), яғни, Мұхаммед (с.а.у) және оның сахабалары, олардың ізбасарлары мен Ислам үмметінің имамдары . «Сәләф» (араб.: سَلَفٌ‎) сөзі тілдік жағынан Ибн Манзур айтқандай: «алдыңғы өткен халық» деген мағына береді[1].

Құран аяттарында Алла тағала сәләфтардың жолын ұстануды әмір етеді.

وَمَنْ يُشَاقِقِ الرَّسُولَ مِنْ بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُ الْهُدَى وَيَتَّبِعْ غَيْرَ سَبِيلِ الْمُؤْمِنِينَ نُوَلِّهِ مَا تَوَلَّى وَنُصْلِهِ جَهَنَّمَ وَسَاءَتْ مَصِيرًا

Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да тозаққа саламыз. Ол нендей жаман орын![2]

Бұл жердегі мүміндер деген сөз сахабаларға қатысты айтылған. Яғни сахабалардың жолынан басқа жол іздесе, бұрылған жағына бұрып тозаққа саламыз дейді.

Басқа бір аятта:

فَإِنْ آَمَنُوا بِمِثْلِ مَا آَمَنْتُمْ بِهِ فَقَدِ اهْتَدَوْا وَإِنْ تَوَلَّوْا فَإِنَّمَا هُمْ فِي شِقَاقٍ فَسَيَكْفِيكَهُمُ اللَّهُ وَهُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ

Сонда олар, егер сендер сенген сияқты сенсе, онда рас тура жол табар еді. Ал егер олар бет бұрса, сонда олар, мүлде жолдан шыққан болады. Сонда да Алла сені олардан қорғауға жетіп асады. Ол Алла, (Т.) естуші, әр нәрсені білуші.[3]

مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللَّهِ وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاءُ عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَاءُ بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعًا سُجَّدًا يَبْتَغُونَ فَضْلًا مِنَ اللَّهِ وَرِضْوَانًا سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِمْ مِنْ أَثَرِ السُّجُودِ ذَلِكَ مَثَلُهُمْ فِي التَّوْرَاةِ وَمَثَلُهُمْ فِي الْإِنْجِيلِ كَزَرْعٍ أَخْرَجَ شَطْأَهُ فَآَزَرَهُ فَاسْتَغْلَظَ فَاسْتَوَى عَلَى سُوقِهِ يُعْجِبُ الزُّرَّاعَ لِيَغِيظَ بِهِمُ الْكُفَّارَ وَعَدَ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ مِنْهُمْ مَغْفِرَةً وَأَجْرًا عَظِيمًا

Мұхаммед (Ғ.С.) Алланың Елшісі. Онымен бірге болғандар, кәпірлерге қатаңырақ, өзара тым мейірімді. Оларды рүкұғда, сәждеде көресің. Олар Алладан мәрхамет әрі ризалық тілейді. Олардың жүздерінде сәжделердің ізінің дерегі бар. Олардың Тәуратта да сипаттары, Інжілде де сипаттары бар; бұл бас жарып, сосын қуаттанып, жуандап, өз сабағында тік тұрған егін сияқты. Бұл (мысал) егіншілерді таңырқатып, онымен кәпірлерді ызаландыру үшін. Алла, олардан иман келтіріп, ізгі іс істегендерге жарылқау, зор сыйлық уәде етті.[4]
Ибн Мәсғуд айтады: “Шынында, Аллаһ Тағала, Өз құлдарының жүректеріне қарап, олардың арасынан Мухаммадтың (с.а.у) жүрегінің ең жақсы екенін көрді. Сөйтіп, оны Өзіне таңдап, Өзінің елшілігімен жіберді. Содан соң, Аллаһ Мухаммадтың (с.а.у) жүрегінен кейін басқа құлдарының жүректеріне қарап, олардың арасынан сахабалардың жүректерінің ең жақсы екенін көрді. Сөйтіп, оларды Өзінің пайғамбарына (с.а.у) көмекші етті!”.[5]

Сондай-ақ,  Ибн Аббастың хауариждермен келісімге отыруға келгендегі ең бірінші сөзі: “Мен сендерге пайғамбардың (с.а.у), сахабаларының – мухаджирлер мен ансарлардың және оның ағасының баласының (Әли) атынан келіп тұрмын. Құран соларға түсірілді және олар Құранның мағынасын сендерден жақсы біледі, ал сендердің араларыңда бірде-бір сахаба жоқ!”.[6]

Бұл хабарда Құранды қарапайым түсінудің өзі жеткіліксіз екеніне тікелей нұсқау бар, себебі хауариждер де Құранның аяттарына сүйенген болатын. Әйткенмен, Ибн Аббас оларға Құран сахабалардың кезеңінде түскенін және сахабалар олардан гөрі Құранның мағынасын жақсырақ білетінін айтты.
Айтылған дәйектің барлығы салиқалы сәләфтардың түсінігіндегі Құран мен Сүннетке ерудің маңыздылығын білдіреді. Әрбір мұсылман адам Исламға өз көзқарасымен қарамауы керек, керісінше кез-келген иман келтірген адам Ислам дінін тек сәләфтардың түсінігімен түсінуі тиіс. Себебі, Исламды «өзінше» түсіну бүлік шығаратын көптеген ағымдар мен адасқан секталарды туғызды. Суфйән әс-Саури керемет сөздер айтты: “Егер сен сәләфтар басын қалай қасығанын білсең, онда дәл солай басыңды қасы!”.[7]
Сахабалардың жолына еретіндер, әсіресе бүлікке толған заманда сәләфтардың жолын берік ұстанғандарға Аллаһ тағала сансыз сауаптар жазады! Аллаһ елшісі (с.а.у) былай деді: «Шынында, сендерден кейін ұзақ сабырлық күндері келеді. Кімде-кім сондай уақытта сахабалардың жолын берік ұстанса, онда сендердің араларыңдағы елу адам сияқты сауап алады!» Сахабалар сұрады: “Йә Аллаһ пайғамбары, мүмкін өздерінің арасындағы елу адамның сауабын алатын шығар?” Сонда ол: «Жоқ, дәл сендердің араларыңдағы елу адамның сауабын алады!», – деді.[8]
Шынайы мұсылманға бұдан артық бахыт бар ма?!
Бір нәрсені ескерген жөн, қиын кезеңде сахабалардың жолын берік ұстанғандарға Аллаһ тағала елу сахабаның сауабын береді дегеніміз ол адамның сахабалардан да дәрежесі биік деген сөз емес.

Құран мен хадисті түсінуде және оны өмірде қолдануда сәләфу- салихиннің жолын үлгі ету Құран мен Пайғамбар (с.а.у.) сүннетін ұстанатын мұсылман болудан туындайтын міндет. Себебі, Аллаһ Тағала өзінің елшісіне бой ұсынуды әмір етті:

«Пайғамбар сендерге не берсе соны алыңдар, сендерді неден тыйса содан тыйылыңдар» [9] деді. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса, өзінің және тура жолдағы әділетті орынбасарларының, сондай-ақ сахабалар мен алғашқы үш буын өкілдерінің ішіндегі ізгілердің жолымен жүруді әмір етті. Бұл жайындағы хадис шәріптер: «Адамдардың ең абзалы менің заманымдағылар. Одан кейін оларға ергендер, одан кейін оларға ергендер» [10] Олай болса       Олардың ең абзал қауым ретінде баяндалуында, оларға еру мен оларды үлгі тұтудан басқа мағына жоқ. Хадистің мағынасына үңілетін болсақ, аталмыш хадисте айтылған бірінші буын олар пайғамбарды (с.а.у) көрген сенімдерін оған түскен уахи арқылы қуаттаған ұлы сахабалар, екінші буын пайғамбар (с.а.у) нұрынан қуат алған әрбіреуі исламның жеке шоқтығы болған сахабаларды көрген табиғиндер, үшінші кезең табиғиндерді көрген табаға табиғиндердің кезеңі. Бұл үш кезең пайғамбар (с.а.у) дәуіріне ең жақын исламның алтын ғасыры. Ол уақыттағы мұсылмандардың табиғаты, дінге түйсігі пайғамбарымыз (с.а.у) уақытындағыдай таза болатын. Уақыт өте бұл дінге деген түсінік әлсіреп, адамдардың арасында ауытқулар пайда бола бастады.

Кәзіргі кезде қарапайым мұсылмандарды мазалайтын маңызды мәселелердің бірі: «біздің ұстанған ақидамыз сол сәләф уақытындағы ақида ма әлде бұрмалап алған біреулердің сөздері ме? Осы орайда кез-келген мұсылман үшін сәләфтардың жолын ұстану олар дінді қалай түсінген болса, дәл солай түсінуге тырысу әрбір мұсылманның міндеті әрі жүректі тыныштыққа апаратын жалғыз жол. Өйткені алғашқы үш ғасыр кейінгі мұсылмандар үшін темірқазық іспеттес бағыт беруі тиіс.

Сенім тұрғысында кәзіргі уақыттағы уахабшылар өздерін шынайы сәләфтардың жолын ұстанамыз деген пікірді алға тартуда және сол сенімдерінің ашари, матуриди  ақидаларынан өзгеше екенін баса көрсетуде. Егер олардан сендер бізден не нәрсемен ерекшеленсіңдер деп сұрасаң олар: «Сендер Алланың түсірген муташабиһ[11] аяттарын талқылайсыңдар, сендер Алла сипаттарын тағтыл (амалға асырмау) қыласыңдар Өзінің құранда келген сипаттарына қарсы шығасыңдар, егер Алла өзіне тән қол бар айтса, сендер күш деп түсініктеме бересіңдер бұл сәләфтардан келмеген жайт» деген, сөздерін алға тартады.

Олардың көп қолданатын тәсілдерінің бірі – мұсылманды сен Матуридитсің, сен Ашаритсің деп, ақида мәселесінде осы екі адамның ойынан құралған іспетті шектеп қояды. Имам Матуриди мен Ашари екеуі де сәләфтардың жолын ұстанған. Матуриди немесе Ашари ақидасы деп аталуындағы себеп – бұл екі ғалым секілді сол уақытта басқа ағымдардан ақиданы ешкім қорғамаған. Ақида бұл екі ғалымға шейін болмады деген сөз емес оған шейін де адамдар дұрыс ақиданы ұстанған бұл ғалымдар осы дәлелдерді жинақтай келе әртүрлі кәзіргі уахабизм секілді сол уақыттағы секталарға ұтымды жауап беріп отырған. Өйткені ескі жол сахабалардың ақидасы құран мен хадиске шектелетін, олардың білімі, аяттарға түсінігі қосымша ақылды қажет етпейтін. Өйткені ол дәуірдегі адамдардың құран аяттарына, хадистерге түсінігі өте жоғары болатын. Кейінгі дәуірлерде дін қабылдаған мұсылмандар тікелей Құраннан, хадистерден ақида негізін қалыптастыра алмады, оларға түсіндіруші ақыл күшін қажет етті. Тіпті кейбіреуі Алланың сипаттарына қатысты келген аяттарды өз қалауынша түсіндіре бастаған кезде ислам ғұламалары араласты. Алланың құранда келген сипаттарын оның ұлықтылығына еш кемшілік келтірместен, сахабалар салып берген сара жолмен түсіндіре бастады. Бұл өз кезегінде ақида жүйесін бір қалыпқа келуіне себеп болды. Сол уақыттаға әһлу сунна ақиадасы деген атау Әшғари, Матуриди ақидасы деген атаумен қатар жүрген. Өйткені ол әлемнің 90% мұсылмандарының ұстанған ақидасы.

Уахабшылардың Ашарилер мен Мәтуридилердің ақидадағы ұстанымын қатеге шығарудағы алға тартқан дәлелдері Құранда келген Алланың өзін сипаттаған аяттарының тура мағынасын басқа мағына келтіріп бұрмалайсыңдар деуінде, тіпті осы мәселеде кәзіргі кездегі уахабшылардың бірі Сафар Хауали былай деп келтіреді: «Ашарилердің Құран аяттарына тәуиіл жасауы Батыни ағымына ұқсайды. Яғни олар Құранның астарлы мағынасын қолдануға түпкілікті қарсы.

Дегенмен кейбір Құран аяттарының тек астарлы мағынасын қолданатын кездері болады. Құран кәрімде:

نَسُوا اللَّهَ فَنَسِيَهُمْ
Олар Алланы ұмытты. Сондықтан Алла, оларды ұмытты[12]

Егер бұл аятты сөзбе-сөз түсінетін болсақ, Аллаға ұмытшақтың қасиетпен сипаттағанымыз болады. Неге осы тұста басқа муташабих аяттардағы секілді Алланың құдіретіне сай ұмытшақтық деп айтпайды? өйткені бұл Алла үшін үлкен кемістік. Өйткені кез-келген санасы бар адам ілім иесі болған Алла тағаланың ешнәрсені ұмытпайтынын, ұмытшақтық ол кемшілік екенін біледі. Оған дәлел Алла тағала Құран кәрімде:

وَمَا كَانَ رَبُّكَ نَسِيًّا

Сондай-ақ Раббың ұмытпайды[13].

Бұл Құран аятындағы ұмыту ол Алланың азабы. Бұл жердегі Алланың азабы деп  астарлы мағынасын айтуымыз ол тәуил. Сөздердің астарлы мағынасы болуы ол әлемнің бүкіл тілдеріне тән ерекшелік. Мысалы: «Бұл мекеменің тұтқасын жалғыз өзім ұстаймын» деген сөздің мағынасы тікелей тұтқаны барып, ұстау емес керісінше сол мекемеге билігін жүргізуінде, иелік етуінде. Бұл сөйлемде ешқандай ақылы толық адам тұтқаны ұстайды екен деп түсінбейді. Сол себепті Алланың өзін сипаттаған сипаты әр кезде тура мағынада болмауы мүмкін. Басқа бір аятта:

وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَرِيدِ

Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз[14]
            Бұл аятты кейбір жат ағым өкілдері айтқандай егер тура мағынасында алатын болсақ, Алланың орналасуы біз үшін күре тамырымыздан да жақын болмақ және білу керек жайт «Алла барлық жерде деген» сенім ол Матуриди, Ашари ақидаларынан емес. Бұл ұстанымды мұғтазилиттер ағымы ұстанған. Байхақи «Иғтиған» кітабында: «Алла барлық жерде деген ол мұғтазилиттердің ақидасы»[15] деген. Бұл жайында  имам Ашаридің өзі «Мақалат» кітабында айтады.

Алла тағала Құран кәрімде:

يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ ۚ

 «Алланың иаді олардың қолдарының үстінде»деген аяттағы «иад» тура аударғанда «қол» сөзін Ибн Касир: «Ол олармен бірге. Сөздерін естіп, мекендерін біледі. Тіпті ішкі ниеттерін де. Алла тағаланың өзі пайғамбары арқылы олардың серттерін қабылдап тұр» деп ауыспалы мағынада тәпсірлеген. Егер кейбір жат ағым өкілдері секілді тура түсінсек «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде», деген түсінік пайда болады.

Құранның мағынасы көмескі аяттарына мағына беру, үкім шығару  үшін тілдік білім жеткіліксіз. Адам араб тілін жетік білуі мүмкін бірақ бұл оның құранға тәпсір жасауына жол бермейді. Бұндай жағдайларды біз алғашқы тапсірлерге әсіресе сахабалардың тәпсіріне жүгінуіміз керек,[16] өйткені олар құран түсу кезінде пайғамбармен (с.а.у) бірге болған, түсінбеген жерлерін сұрап алған.

Атақты сахабалардың ішінде Абдолла Ибн Аббас құранды түсінуде басқа сахабаларға қарағанда бір адым ілгері тұрған. Осы орайда Пайғамбарымыз (с.а.у) Ибн Аббасқа былай дұға жасаған:

اللَّهمَّ فقِّهْهُ في الدِّينِ وعلِّمْه التَّأويلَ

Алла тағала оған дін ілімін беріп, тәуилді[17] үйрет[18]. Бұл Құран аяттарына мүлдем тәуил жасауға қарсы топтарға салмақты дәлел. Әрине Құранның кез келген аяттары тәуилге салынбайды тек мағынасы көмескі болған аяттарға  Алланың сипаттарына кемшілік тудырмайтындай тәуил жасалынады. Төменде атақты сахабаның және басқа да сәләф ғалымдарының құранның кейбір муташабих аяттарына тәуил жасаған мысалға келтіреміз:

  • Алла тағала Құран кәрімде:

يَوْمَ يُكْشَفُ عَن سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى السُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ

Қиямет күні, балтыр (шындық) ашылады. Олар сәждеге шақырылады, сәжде қыла алмайды.[19]

Бұл жердегі «сақ» сөзін араб тілінде балтыр деп аударылады. Егер тура мағынасын алатын болсақ, «сол күні балтыр ашылады».

Тәпсіршілердің имамы атанған Табари  бұл жайында: «Сахабалар мен табиғиндерден болған бір топ ғалымдар тәуил иелелері жоғарыдағы «сақ» сөзін «қатты қиын жағдай» деп тәпсірлеген.[20] Аяттың мағынасы қиямет күні кәпірлер үшін өте ауыр күн келеді, сол күні олар өздерінің жазаларын тартады.

Жоғарыдағы «сақ» сөзін қатты қиын жағдай деп мағына берген сахабалардың ішінде тәфсірші ғалым Ибн Аббастың одан кейін атақты табиғин ғалымдары Муджаһид, Қатада да аталған сөзді қиындық деп түсіндірме берген. Бұл жайында Табаридің кітабында келген.

2- Сол секілді аят «әл-Күрсідегі» «күрсі» сөзін Ибн Аббас Алланың ілімі деп тәпсір жасаған.[21]

3- Фәжр сүресіндегі وَجَاءَ رَبُّكَ وَالْمَلَكُ صَفًّا صَفًّا «джә ә Раббука» тура аударғанда «Раббың келді» сөзін Нәсәфидің тәпсірінде келгендей Ибн Аббас Алланың әмірі Алланың үкімі деп түсіндірген.

4- Нұр сүресіндегі {اللهُ نُورُ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ} (Алла (Т.) көктер мен жердің нұры.)[22] . Бұл аятты Табаридің тәпсірінде келгендей атақты сахаба ибн Аббас аспан мен жердегілерді (жаратылғандарды) тура жолға бастаушысы деп тәуил жасаған.

5- Алла тағала Құран кәрімде:

وَالسَّمَاءَ بَنَيْنَاهَا بِأَيْدٍ وَإِنَّا لَمُوسِعُونَ

Аспанды құдыретімізбен жасадық.  Шын мәнінде күшіміз жетеді[23]

Бұл жердегі (بِأَيْدٍ ) «биайдин» деген сөзді кәзіргі кездегі өздерін сәләфпыз дейтін жат ағым өкілдері қол деп түсіндірсе Ибн Касирдің, Қуртубидің, Табаридің тафсирлерінде[24] Ибн Аббастың, Қатаданың, Муджахидтің «құдірет, қуат» деп тәпсір жасағанын жеткізеді.

6- Алла тағала Құран кәрімде:

{وَيَبْقَى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الجَلَالِ وَالإِكْرَامِ}

 Ұлы дәрежеге ие әрі жомарт Раббың өзі ғана қалады. [25].

Атақты тәпсір ғалымы Қуртуби бұл жердегі «уәжһ» сөзін кәзіргі кездегі кейбір жат ағымдар секілді жүзі деп тәпсір қылмайды. Алланы Өзі деп тәпсір жасаған бұған ол атақты сахаба Ибн Аббастың тәпсірін мысалға келтірген.

7- Имам Байхақидан жеткен хабар бойынша Бұхари Аллаға қатысты «күлуге» орай хадисті Алланың мейірімі, рақымы деп түсіндіреді. Ал жат ағым өкілдері болса, бұл хадисті тура түсіну керек деген ұстанымда.

8- Имам Нәуауий Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала күндіз күнә істегендердің тәубасын қабыл алу үшін түнде алақанын жаяды. Ал түнде күнә жасағандардың тәубасын қабыл алу үшін күндіз алақанын жаяды. Бұл жағдай күннің батыстан шығатын  уақытқа (қияметке) дейін жалғасады»,- деген хадисіндегі «күнә жасаған құлдарының тәубаларын қабыл алу үшін Алла тағаланың алақан жаюын» былай деп түсіндіреді: «Тәубенің қабыл болуы белгілі уақытпен шектелмейді. Алла тағаланың алақан жаюы – тәубаның қабыл болуын білдіру үшін ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Әл-Мәзири былай деді: «Бұл жерде мұрат болған мағына – тәубаның қабыл болуы. Өйткені, арабтар бір нәрсеге риза болса, қабыл алғанының белгісі ретінде қолын ашады, ал ұнатпаса онда алақанын жұмады. Міне, сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл  хадисте көзге көрінетін нәрсені мысал келтіру арқылы арабтардың түсінетін тәсілімен мұрат болған мағынаны білдіріп тұр. Яғни, бұл жерде сөздің ауыспалы мағынасы қолданылған. Әйтпесе, ағза ретіндегі қол Алла үшін мүлде мүмкін емес».[26]

9- Имам Мәликтен жеткен  хадис бойынша Алла түннің үшінші бөлігінде түседі дегенді Алланың рақымы, періштелері  түседі деп түсіндіреді[27],ал  жат ағым өкілдері болса, Алланың өзі түседі деп түсіндіреді. Сонда басқа сұрақ туындайды егер Алла олардың айтқанындай аспаннан жерге түсетін болса, түскен уақытында аршыны кім иелік етеді.

Ибн Аббастың Құранға тәуил жасауы ешқандай сахабалар теріске шығармаған.

Жоғарыдағы мысалдардан байқағанымыздай сәләф ғалымдары Алланы сипаттаған кезде бірнәрсеге ұқсатудан, дене, пішін беруден, шектеуден аулақ болған. Алла тағаланың қолы бар көзі бар деп айту Жаратушы үшін кемшілік болып табылады, өйткені бір нәрсеге мұқтаж болу жаратылғандардың сипаттарынан Алла тағала Құран кәрімде Өзі жайлы былай деген:

لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ

(Еш нәрсе Ол сияқты емес) [28].

Осы тұрғыда Имам Әли:

«سيرجع قوم من هذه الأمة عند اقتراب الساعة كفارًا ينكرون خالقهم فيصفونه بالجسم والأعضاء»

«Үмметіттің ішінде  бір қауым қиямет жақындаған кезде Жаратушысын дене, пішінмен сипаттап кәпір болады»[29].

Кәзіргі кездегі кейбір жат-ағым өкілдерінің  өздерінің салафтардың жолындамыз деп айтуында Аллаға пішін беру, денемен сипаттауға қатысты шірік ойларын таратуға мүдделі. Осы орайда кейбір діннен бейхабар адамдар бұл шынайы жол екен деп олардың қақпандарына түсуде.

 

Осы тұрғыда Имам Тахуидің : Кімде-кім Алланы жаратылғандардың сипатымен сипаттайтын болса, күпір жасаған болады» дейді.

Алла тағала Құран кәрімде:

فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

Шын мәнінде Алла әлемдерге мұхтаж емес[30].

Егер біз Алланы мекенмен сипаттасақ яғни, Ол аршыда тақта отыр десек, оның белгілі бір ұзындығы, ені болуы тиіс болады өйткені аспан жаратылған шегі бар нәрсе. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің хадисінде:

كان الله و لم يكن شيء غيره

Алла болды және одан басқа еш нәрсе болған жоқ[31].

Бұл хадистің мағынасы Алла бүкіл жаратылысты соның ішінде суды, жерді, аспанды, күрсіні, аршыны, адамды, жынды, періштелерді, уақытты, мекенді жаратпай тұрып, мекенсіз болған. Бұлардың жаратпай тұрып, мекенге мұқтаж болмаған.  Бір халден екінші халге ауысу немесе бір жағдайдан екінші жағдайға өзгеру ол Алла тағаланын сипаттарынан емес ол жаратылғандардың сипаттарынан.

Имам Байхақидан жеткен хабар бойынша: Алла тағалаға мекен бермеу керектігін айтады оны пайғамбарымыздың (с.а.у) мына сөзімен дәлелдейді:

» أنت الظاهر فليس فوقك شيء و أنت الباطن فليس دونك شيء»

Сен Заһирсің (Көрінуші) сенен жоғары ештеңе жоқ Сен Батынсын (Жасырын) сенен басқа ешкім жоқ.[32] Бұл Алланың мекенсіз екенінің дәлелі.  Имам Әли осы турасында: «мекен болмағанда Алла болды, және Ол бұрынғы қалпында».[33] Басқа бір сөзінде: Алла аршыны мекен үшін емес, құдіретін паш ету үшін жаратты.[34]

Кейбір аспанда дейтін жат ағым өкілдері дұға жасағанда біз аспанға қарап жасаймыз олай болса, Алла аспада деп пайымдайды. Алайда мұсылмандар аспанға қол көтеріп, дұға жасаған секілді қағбаға қарап намаз оқиды бұл Алланың қағбада орналасқан деген сөз емес қой. Жоғары көтеріп дұға жасағанымыз Алланы ұлықтағанымыз.

Имам Абу Жағфар әт-Тахауи айтқандай: Алла бүкіл жаратылғандар секілді алты жақтың біріне тәуелді емес.

Абай бір өлеңінде Алланың мекенсіздігін меңзеп былай деген:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»

Алланы аспанда дейтіндер өздерінің ұстанымына дәлел ретінде «хадис әл-Жария» күң хадисін мысалға келтіреді.

عن معاوية بن الحكم السلمي قال: كانت لي غنم بين أحد والجوانية، فيها جارية لي. فاطلعتها ذات يوم فإذا الذئب قد ذهب منها بشاة وأنا رجل من بني آدم فأسفت فصككتها فأتيت النبي فذكرت ذلك له فعظم ذلك علي، فقلت: يا رسول الله، أفلا أعتقها. قال: «ادعها» فدعوتها. فقال لها: أين الله؟ قالت: في السماء. قال: من أنا؟ قالت: أنت رسول الله . «رواه مسلم وأبو داود والنسائي»

      «Қойларымды Ұхұд пен әл-Жаууания таулары арасында жаятын бір күңім бар еді. Бір күні жайып жүрген қойларының біреуін қасқырдың сүйреп бара жатқанын байқадым. Мен де адам баласымын ғой, ел секілді мен де ашуланып, қайғырамын. Әлгі күңімді бір қойдым. Содан соң Пайғамбарымыздың (с.а.у) жанына келдім. Болған оқиғаны айтып бергенімде, Ол маған бұл істің үлкен күнә екенін айтты.

Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Күңімді азат етейін бе?»,-дедім.
Ол маған: «Күңіңді алып келші»,-деді. Сөйтіп мен күңімді Пайғамбарымызға (с.а.у) алып келдім. Пайғамбарымыз (с.а.у) оған: «Алла қайда?», – деп еді, ол: «Аспанда», – деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Мен кіммін?», – деді. Ол: «Сіз Алланың Елшісісіз»,-деп жауап берді.[35]

 

Бұл жерде Алла одан Алланың мекенін емес мәкәнасын яғни, ұлылығын сұрады басқа бір риуаяттарда күңнің араб емес басқа ұлттан болғанын айтады, бұл оның жоғарыға меңзегенімен түсіндіріледі. Ал бұл хадистің дәрежесіне келетін болсақ, ахад яғни бір жолмен жеткен хадистер тобына жатады. Ахад жолмен жеткен хадис ақида мәселесінде дәлел бола алмайды. Сонымен қатар хадисті жинақтаушы Муслим хадистер жинағында аталмыш хадисті «сенім, ақида бөліміне» емес «күңді босату» бөліміне енгізген.

Алла тағала Құран кәрімде:

وَكُلُّ شَيْءٍ عِندَهُ بِمِقْدَارٍ

Оның жанында әр нәрсе өлшеулі.[36]

Алла тағала әр нәрсені ерекше ұшқыр есеппен өлшеулі қылып жаратқан. Яғни оның бастауы бар, аяғы бар. Оның белгілі бір ауқымы бар салмағы бар. Алла ол шексіз әрі мәңгілік. Қалай Алланы осы шектеулі жаратылыстарға сыйлырып соларға орналастыра аламыз. Әлбетте қате сенім.

Көріп отырғанымыздай алғашқы саляф ғалымдар мағынасы бұлыңғыр көмескі аяттарда көп талқыға кірмеген, тек таңдаулылары ғана түсіндірме бере алған. Олардың Құранды түсінуде абзал болуының себебі өйткені Құран олардың тілдерінде түсті, хадистер оларға түсінікті тілде айтылды. Дегенмен сахабалардың тәпсіршісі атанған ибн Аббастан, табиғиндердің ұлы ғалымдары Қатада, Мужаһид мухадистердің имамы Бұхари және басқа да ұлы сәләф ғалымдары құранның муташабих аяттарына тәпсір жасағаны көптеген кітаптарда риуаят етіледі.

Кейбір адамдардың ойынша бұл тартыс кішігірім діни мәселе деп ойлауы мүмкін. Бірақ дер кезінде бұл ауруға балта шаппасақ қарапайым халықтың санасын улауы мүмкін. Бүгін олар Алланың қолы бар, көзі бар, жүзі бар деп  шатасса білімсіз адамдарды сол сенімге дағдыландырғаннан кейін одан бетер адасуға апаруы мүмкін. Құран кәрімде:

وَقَالُوا لَا تَذَرُنَّ آلِهَتَكُمْ وَلَا تَذَرُنَّ وَدًّا وَلَا سُوَاعًا وَلَا يَغُوثَ وَيَعُوقَ وَنَسْرًا

 Және олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уад, Суағ, Яғұс, Яғұқ және Насырды әсте тастамаңдар» деседі.[37]

Нұх пайғамабардың кезінде Уад, Суағ, Яғұс, Яғұқ, Насыр есімді салихалы адамдар өмір сүрген. Олар өлгеннен кейін де олардың есімі өмірбаяндары халық жадында мәңгі сақталды. Біраз уақыт өткеннен кейін әлгі қауымға шайтан уәсуаса жасап, қауымдарының мәжлістерінде оларға арнайы пұт жасап естелік ретінде қоятын болды. Ол кезде оған ешкім табынбаса да кейінгі келген ұрпақ құдайға солар арқылы жақындаймыз деп табыну әрекеттері бастау алды. Бұл қиссадан алар ғибрат кәзіргі кездегі жат ағым өкілдерінің әрекетін нақты дәлелдермен тоқтатпасақ кейінгі олардың ізбасарлары жоғарыдағы құран аятында келген қауым секілді Алланы дәл адамша сипаттайтын топ пайда болуына апаруы мүмкін.

Адам бойында ақида негізі дұрыс қалыптаспаса жүрегі ешуақытта тыныш таппайды. Осының нәтижесінде жүрек ауруына душар болады. Әрдайым жүрегінде өзінің сеніміне деген күмән туындағандықтан басқаларға барып: «Алла аспанда», «Алланың қолы бар, көзі бар, аяғы бар» деп қыңыр пікірлерін алға тартады. Өзінің осы ұстанымын жұртқа жайғанмен көкейінде бәрібір сенімі орнықпайды. Өйткені оладың әуелбаста ақида негіздері үмметіміздің сәләфтарының жолына сәйкес келмеген, өздерінше дара жол ұстанған. Алла оларды тура жолға салсын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

[1] «Лисан әл-араб», (6/330); Ибн Манзур

[2] Ниса сүресі 115-аят

[3] Бақара сүресі, 137-аят

[4] Фатх сүресі, 29-аят

[5] Ахмад 1/379

[6] Ахмад 1/621, әл-Хәким 2/150-152, әл-Бәйхақи 8/309

[7] “Заммул-кәләм” 1/181.

[8] әт-Табрани “әл-Кәбир”

[9] «Хашыр» сүресі, 7-аят

[10] Ахмад, Тирмизи және Бәйхақи.

[11] Ризабек Батталұлының «Ақида сабақтары» кітабында муташабих деп кейбір аяттар мен хадистерде келген, мағынасы ұқсас сөздер.

[12] Тәуба сүресі, 67-аят

[13] Мәриям сүресі, 64-аят

[14] Кәһф сүресі, 16-аят

[15] Байхақидың «Иғтиқад» кітабы

[16] Құранның әрбір аятына бұған сахабалар не деген деп айту орынсыз өйткені сахабалар кезеңінде құран түсінігі табиғи болғандықтан барлық аяттарда түсіндірме бермеген.

[17] Ризабек Батталұлының «Ақида сабақтары» кітабында келгендей «Тәуил» аят пен хадисте келген мағынасы ұқсас сөздерді Алла тағалаға лайық мағынада астарлап түсіну. «Тәуил» екі түрлі болады. Бірінші «тәуил ижмалий» яғни мағынасы ұқсас аят пен хадисте бір мағына бар деп астарлы түрде жалпылама түсіндіру. Екінші «тәуил тафсыйли» яғни аят пен хадисте келген мағынасы ұқсас сөздерге Алла тағалаға лайық болған белгілі бір мағына тағайындап қолдануды айтады.

[18] Ибн Хиббан сахих хадистер жинағы

[19] Қалам сүресі, 42-аят

[20] Әл-Хафиз ибн Жарир әт-Табаридің тәпсірі

[21] Әл-Хафиз ибн Жарир әт-Табаридің тәпсірі

[22] Нұр сүресі, 35-аят

[23] Зарият сүресі, 47-аят

[24] Аталған  кітаптар тәпсір саласында  исламның негізгі қайнар көзі болып табылады.

[25] Рахман сүресі 27-аяты

[26] http://dinislam.kz/publ/a_ida_d_rys_pa_2/21-1-0-500

[27] Имам Захаби Сияр кітабы

[28] Шура сүресі, 11-аят

[29]  Ибн Муаллим әл Қурашидің «Наджму әл Мухтади  уа ражму мухтади» кітабының 588 беті

[30] Әл-Имран сүресі, 97-аят

[31]  Бұхари хадистер жинағы

[32] Муслим хадистер жинағы

[33] Имам Абу Мансур әл-Бағдади

[34] Имам Абу Мансур әл-Бағдади

 

[35] Муслим хадистер жинағы

[36] Әр-Рағд сүресі, 8-аят

[37] Нұх сүресі

Return to Top ▲Return to Top ▲