Түзеу мекемелеріндегі жұмыс қорытындысы жарияланды

Астанада ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен түзету мекемелеріндегі жұмыстың жылдық қорытындысына арналған жиын өтті. Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы модераторлық еткен жиынға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасы Ғалым Шойкин, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі өкілі Мерей Иманханов, «Ақниет» ақпараттық насихат және оңалту орталығы директоры Әлім Шауметов қатысып, тақырыпты тарқатып берді. «Ислам діні, баршаға белгілі, бейбітшілік пен бірлікке шақырады. Дегенмен, дін төңірегінде туған күрделі де күрмеулі мәселелер бізді алаңдатады. Экстремизм мен терроризм құбылыстары әлемдік сипат алды. Еліміз де бұл жағдайлардан тыс емес. Қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын бұзуға алып келетін радикалды топтарға қарсы күресте мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізу аса маңызды. Бұл ретте жуырда құрылған министрліктің Дін істері комитетімен тығыз байланыс орнаттық. Сондай-ақ түзету мекемелерінде терроризм мен діни экстремизм баптары бойынша сотталған азаматтарды дәстүрлі діни танымға қайтару мақсатында жұмыстарымызды жүйелеп, бағытымызды айқындадық» деген Бас мүфти республикадағы түзеу колонияларында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Еске сала кетсек, 2015 жылы ҚМДБ жанынан діни экстремизм мен терроризм баптары бойынша жазасын өтеуші азаматтармен жұмыс істейтін арнайы бөлім ашылған болатын. Бөлім бас мүфти кеңесшісі Қуат Раевтың жетекшілігінде істі болған азаматтармен топтық және жекелеген жұмыстар жасайды. Бас мүфтидің айтуынша, қазіргі уақытта республиканың 67 түзеу колониясында ҚМДБ-ның 96 қызметкері түсіндіру, оңалту жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Ай сайын өңірлердегі Діни басқарма өкілдіктерінен түзеу мекемесіндегі жұмыс есебі алынады. Тиісінше аймақтағы жауапты қызметкерге Діни басқарма тарапынан нұсқамалар мен бағыт-бағдарлар беріледі. Есеп қорытындысы мен жалпы анықтама құзырлы мемлекеттік мекемелерге жолданады. Биыл осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде 186 азамат көзқарасын түзетіп, дәстүрлі дінге қайтқан. 96 азамат радикалды райынан айнып, қалыпқа түскен.

Дін істері комитеті төрағасы Ғалым Шойкин радикалды ағымдарға қарсы күресте ҚМДБ-ның білікті теолог, имамдарының еңбегі үлкен екенін атап өтті. Түзеу мекемелерінде «Ақниет» оңалту орталығы мамандары радикалды көзқарастағы азаматтармен жүйелі жұмыс істеуде. Орталық директоры Әлім Шауметов таным-түсініктері жат дүниемен өзгерген жандармен жұмыс күрделі екенін, дұрыс жолға түсірудің түрлі тәсілдерін қолдану қажеттігін жеткізді. Жиын барысында Дін істері комитеті мен Діни басқарманың осы салаға жауапты қызметкерлері өз ой-пікірлерін ортаға салып, баяндама жасады.

Ал Дін істері комитеті Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев түзеу мекемелеріндегі жұмыстың әртүрлі орган тарапынан жүргізілуі себепті, бірізділіктен ауытқитынын тілге тиек етті. Жиын соңында ҚМДБ өкілдіктерінің аталған бағытта қарқынды жұмыс жасаған қызметкерлері марапатталды.

Бұл кездесуге біздің облысымыздан ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мшітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкмелұлы мен мешіт ұстазы Хамзат Әділбеков те қатысы.

«Қызылжар» орталық мешітінің                                 

 баспасөз қызметі

480021_1480474742_890_530_0 177616_1480478536_890_530_0

Return to Top ▲Return to Top ▲