Сахабалардың ізі қалған даламызда имамдарға сұраныс артуда

Бүгін Нұр-Мүбарак университетіне Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкіл имамдары мен Ақмола облыстық Дін істер бөлімінің өкілі арнайы ат басын тіреді. Әуелі университет басшылығымен жолығып, еліміздегі діни ахуал мен маман жетіспеушілігі, оларды даярлау мәселелеріне қатысты  жан-жақты әңгіме өрбітті. Кездесу ары қарай Нұр-Мүбарак университетінің соңғы курс студенттерімен жалғасты.«Біздің далада сахабалардың іздері жатыр. Егер байқасаңыз, қасиетті Мекке, Мәдина қалаларында  санаулы сахабалардың ғана қабірлері бар. Ал қалғандары қайда? Біле білсеңіздер, олар Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аманатын орындау үшін әлемді аралап асыл дінімізді таратты. Саңлақ тұлғаларымыздың қазақ даласына да еңбегі сіңді. Міне дәл қазір сіздерге де сондай жауапты күн жақындауда. Сіздер Нұр-Мүбарак  университетінде алған білімдеріңізді жер талғамай еліміздің шалғай ауылдарына, діни маман тапшы аймақтарға барып қызмет етсеңіздер деген өтінішпен келдік»,- деді ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы және «Қызылжар» орталық мешітінің Бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай. Өкіл имам сөзінде  солтүстік аймақта, қызылжар өңірінде қаракөздердің қатары  12 % болса, қазір 30 % жеткеніне тоқталды. «Қалың қарағай арасындағы ақ қайыңдай  асыл дініміз, халық имандылығы, өркениетті болашақ үшін жер талғамаңыздар. Себебі дінді кәсіби тұрғыда жеткізу ел арасына ауадай қажет» деп өкіл имам жастарға үміт артатынын айтып ағынан жарылды.  Әйелдер жамағатына да ұстаздардың қажеттілігі айтылды. Ал «Ғұламаларымыз: «Алла алдындағы дәрежеңді білгің келсе, күнделікті өмірде Алла сені қандай іске пайдаланып жатқанына қара»  деген. Сондықтан, жастық қайраттарыңыз бен алған білімдеріңізді  Алла алдында да, адам алдында да абыройлы аманат дін жолында аянбай қызмет етсеңіздер»,-деп ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы,  Науан Хазрет мешітінің бас имамы  Қанат Қыдырмин   сөзді жалғастырды. Аймақтағы 110 мешітте 150 имам болса, көпшілік  ауыл мешіттерінде  имамдары қариялар. Олар жас маман келсе, қос қолдап көмек көрсетуге әзірміз деп білектерін сыбанып отырғанға ұқсайды. Ал Ақмола облыстық дін істер бөлімінің бас маманы Еркін Көшкінұлы да теологиялық тұрғыда аса сауатты мамандардың маңыздылығына тоқталып өтті. Ал Нұр-Мүбарак университетінің Дін және тәрбие бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Әкімбеков «Оқуға түскенде өздеріңізге барлығы түсінікті тілде айтылды. Мемлекет сіздерді 4 жыл тегін оқытып, шәкіртақы төледі. Енді соны азамат ретінде қайтарымын жасау керек. Кімде-кім Аллаға үміт артса, ешқандай қиындыққа мойымайды»,-деп жастардың  намысын қайрап, жігеріне күш бергендей. Кездесуден соң екі аймақтың өкілдері студенттермен жеке, ашық түрде  болашаққа қатысты мәселелерді өзара әңгімеледі. Әлеуметтік мәселелер, еңбекақы жағдайлары да талқыланды. «Бұл кездесу әлі де жалғасын табады. Жақын айларда арнайы келісім-шарт жасау үшін Нұр-Мүбаракқа келу жоспарда бар»,-деген делегация  Нұр-Мүбарак студенттеріне зор үміт артатындықтарын ашық  білдірді.

Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

akmolakiziljar1 akmolakiziljar9 akmolakiziljar5 akmolakiziljar6 akmolakiziljar4

Return to Top ▲Return to Top ▲