Жылдағы дәстүр бойынша «Қызылжар» орталық мешітінде ораза туралы жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өткізілді. Онда ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай кеңінен хабарлама жасады. Ол оразаны дұрыс ұстаудың шарттары туралы ғана емес, осы құлшылықтың қоғамдық пайдасы туралы да айтып өтті. Сондай-ақ оразаға қатысты мұстахаб және кәффарат жағдайлар әңгіме арқауына айналды. Оның сөзін осы мешіттің ұстазы Хамзат Әділбеков толықтыра түсті.
Мәслихатқа қатысушыларға ораза туралы кітапшалар мен буклеттер таратылды. Журналистер болса ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Қазақстан халқына Үндеуін БАҚ арқылы насихаттауды құптады. Және де олар өздерін толғандырып жүрген сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Кездесу соңында БАҚ өкілдеріне дастархан жайылды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі