Ораза айт мерекесі Қызылжар өңірінде

Асыл дініміздің басты мерекелерінің бірі Ораза айт мерекесі Солтүстік өңірде жоғары деңгейде аталып өтті. Таң сәріде облыстық «Қызылжар» орталық мешітіне келген халық облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлының артына ұйып, Айт намазын оқыды. Мерекеге облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров та арнайы қатысып, барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.Айт намазынан кейін мешітке келген жамағат бір-бірімен төс қағысып, мерекемен құттықтап, орталық мешіттің ұйымдастыруымен жайылған мерекелік дастарханнан дәм тату үшін асханаға жиналды. Онда ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар жазғы сауат ашу курстарында дәріс алған балалардың арнайы дайындаған діни өлеңдері мен тақпақтарын тамашалады. Сондай-ақ Рамазан айында жарияланған «Берекетке толы Рамазан айы» атты шығармашылық бәйгесі қорытындысы жарияланды. Бәйгеге облыс бойынша жалпы елуден астам адам қатысып, шығармалары арнайы бекітілген әділқазылар алқасының тексеруінен өтті.
Тексеріс нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы жүлделі орынға ие болған азаматтарға ақшалай сыяпат табыстады. Атап айтқанда, ІІІ орын – Петропавл қаласының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Ескендір Нұрымовтың шығармасы иеленді – 15 000 теңге; ІІ орынға облысымызға қарасты Аққайың ауданының тұрғыны, аудандық газеттің тілшісі Әйгерім Қазиева ие болды – 25 000 теңге; І орын иегері болып Тайынша қаласынан, тілші қызметін атқарған, бүгінде зейнеткер Сәлік Жұматтегі атанды 50 000 теңге. Ал бәйгеге қатысқан барша азаматтар ынталандыру сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бәйгеге түскен шығармалардың жинақталып, алдағы уақытта кітап ретінде шығу жоспарлануда.
Әділқазылар алқасының мүшесі, Облыстық Солтүстік Қазақстан газетінің бас редакторының орынбасары Болат Қожахметов бәйге жайында: «Аталмыш бәйге жоғары деңгейде өтті. Түскен шығармалардың барлығы мәнді, әрі қатысушылар белгіленген тақырыпқа сай өз ойларын толық жеткізе білді. Осы бәйгенің тағы бір ерекшелігі – оған жастармен қатар үлкен, қарт кісілер еркін қатсыты. Бәйгеге қатысқандардың барлығына да ризашылығымды білдіремін», – деп, ойымен бөлісті.

«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲