МҰСЫЛМАН ЖАСТАРҒА АЙТАР СӨЗ

Жастар — кез келген мемлекеттің негізгі тірегі. Елдің болашағы. Қоғамның қозғаушы күші. «Жас келсе, іске»  деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Жастар шыншыл, сөздеріне бекем,  ұлтжанды, отансүйгіш келеді. Ақиқатқа бекем келген жастар, бұл жолда жанын құрбан етуден тайынбайды. Бұған дәлел ретінде Қайрат Рысқұлбековты келтіруге болады. Еліміздің тәуелсіздік алу жолында тарих беттерінде өшпес орын қалдырған желтоқсан оқиғасының қаһарманының мына бір өлең жолдары қазақ жастарының қайсарлығын, қайраттылығын суреттеуге  жеткілікті:

«Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай  қаным бар,
Бозторғайдай  жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!»

деп сот үкімін қасқайып қарсы алған, өр тұлға, қылышынан қан тамған қызыл империяның сан қилы қияңкескі әрекетін осы бір ауыз өлеңінің рухымен таптап тастағандай.

Хақ ислам діні араб жарты аралына келген кезде ең алғаш ислам дінін қабылдағандардың да басым бөлігі жастар болатын. Олар: Омар әл-Фаруқ, Осман Зуннурайн, Әли әл-Муртада,  Сағд ибн Әбу Уақас, Зубейр ибн Әууәм және тағы басқалар. Шынайы ислам дінінінен нәр алған алғашқы мұсылман жастар ислам дінін жиырма жыл ішінде   Африка құрлығындағы Мысырдан, Орта Азияға дейін жеткізді. Бұл олардың дінге деген жанашырлығы, Аллаһтың және оның пайғамбары (с.ғ.у)-ның әміріне деген бойұсынушылықтың көрінісі болса керек. Сол кезде олардың бойынан шынайылық, имандылық, табандылық байқалмаса, көптеген мұсылмандар Аллаһтың дініне кірмес еді.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, дініміз, діліміз қайта оралған сәтте 70 жыл бойы рухани шөлдеген халқымыз жаппай дінге бет бұрды. «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма қайнарға» деп, дана Абай атамыз айтқандай өзінің рухани бұлақ көзінің бастауына жұртшылық,  соның ішінде жастар жете мән бермеді. Тұнық таза исламмен бірге кертартпа пікірлер де араласып кетті. Аузында «бисмилләсі» бар барлық жанды діндар деп санайтын дархан қазақ халқымыз алғашында жалған дін жаюшылардың парқын айыра білмеді. Оған себеп сол уақыттағы Қазақстан жеріндегі дін ғалымдарының аздығы, мешіт имамдарының білімдерінің таяздығы, арнайы дін қызметкерлерін дайындайтын оқу орындардың жоқтығы. Жүрек көкейінде пайда болған сауалдарына ұтымды жауап таба алмаған иманды жастар сол кездері шетел асып, Ислам дінінің білім ордаларынан тәлім алды. Қазақи салт-дәстүр мен діни ұстанымды бойларына сіңіріп үлгермеген қазақ жастары елге оралып, сол елдің салт-дәстүрлерін, діни ұстанымдарын  жая бастады. Осы кезде ғасырлар бойы халықтың санасында қалыптасқан салт-дәстүр мен діни үрдіске келімсек дін жаюшылардың пікірі сәйкес келмей қарама-қайшылыққа апарды. Әсіресе жастар арасында бұл ұстанымдардың бірбеткей қабылдап, отбасын одан кейін қоғамның шырқын бұзуда.  Аурудың алдын алу үшін ең алдымен оның зиянды тұстарын әшкерелеуіміз керек. Жат ағымдардың елімізде таралуының зиянын екі аспектіде бөліп қарауға болады. Олар дінге және қоғамғатигізер қауіп.

Дінге тигізер қауіп:

1-    Ақида,  сенім тұрғысында өрескел қателіктер. Олардың сенімі бойынша Аллаһ аспанда оның қолы, көзі  бар. Құран аяттары мен хадистерде келген «яд», «айн», «истауа» сөздерінің тура мағыналарын қолданып «қол», көз», «көтерілді» деп,  халықты адастырып жүр. Араб тілінде бұл сөздердің бірнеше мағыналары болғандықтан исламдағы алғашқы ғалымдар  астарлы, ауыспалы мағыналарын қолданған. Аллаһ тағала Құран кәрімде Шура сүресінің 11- аятында: «Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші». Демек, Аллаһты ешбір жаратылысқа ұқстуымызға болмайды. Оны бір нәрсеге ұқсату күпірлікке апарады. Егер олардың сеніміне сәйкес Аллаһты аспанда деп пайымдайтын болсақ, «Аспан жаратылмас бұрын Аллаһ қайда болды»? деген сұрақ туындайды. Аспан жаратылған нәрсе болғандықтан, теңдессіз, ешнәрсеге ұқсамайтын, мекен уақыт атаулыны жаратқан Аллаһты аспанға сыйдыру немесе аспанда деп айту нағыз адасушылық. Пайғамбарымыздың (с.а.у) Бұхариден «жаратылыстың басталу» бөлімінде келген хадисінде: «Аллаһ тағала болды және одан басқа ешнәрсе болмады» деген, демек аспан да, жер де,  уақыт та, мекен де Аллаһтың жаратқан нәрсесі.

2-    Құран аяттары мен хадистерді  дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсіну. Кез келген тілде соның ішінде араб тілінде сөздердің астарлы мағыналары бар. Осы тұрғыда жат ағым өкілдері Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистеріндеге сөздерді тікелей түсіну арқылы адасушылыққа баруда. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) кезінде Мекке мүшріктерінің жер сүйреген киім кию арқылы өзінің қоғамдағы орнын көрсету үшін болған тәкәппарлық  әрекеттеріне пайғамбарымыз (с.ғ.у) изарларының (ұзын киім) етектерін қысқартуға әмір берген болатын. Бұл жердегі қысқартудағы мақсат  тәкәппарлық болғандықтан, ондай ниетінсіз киген адамға еш күнә болмайды. Ал бұл хадисті сөзбе-сөз қабылдаған жат ағым өкілдері балақтарын қысқартуды әдетке айналдырған.

3-    Бидғат сөзін бұрыс түсіну. Олардың ұстанымы бойынша діндегі барлық  жаңалық қабылданбайды, ол Аллаһтың қаһарына апаратын үлкен күнә. Алайда «бидғат» мәселесінде келген хадисті шарх (түсіндіруші) қылушы ғалымдар Асқалани мен Имам Науауи бидғатты жақсы жаман деп екіге бөледі.

 

Қоғамға тигізер қауіп:

 

1-       Мазһабты мойындамау.  Кез келген ислам мемлекетінің бірлігі мен ынтымағының негізгі кепілі ол – бір мазһабқа жүгіну. Он екі ғасыр бұрын исламды қабылдаған ата-бабамыз осы уақытқа дейін бір мазһаб – Абу ханифа мазһабын ұстанып келген.

2-       Басшылыққа бағынбау. Жат ағым өкілдерінің пікірі бойынша мемлекетте шариғаттың  үкім етпеуі –  ол дін бұзушылық, ондай мемелекетті ислам мемлекеті деп санауға болмайды. Сол себепті олар мемлекеттік мейрамдарды қастерлеуден, Отан алдындағы борышты өтеуден бас тартады. Бұл Құран аятына қарсы келу болып табылады. Аллаһ тағала Құранда Ниса сүресінің 59-аятында былай деген; «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойсұныңдар, пайғамбарға бойсұныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар»

3-       Қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жоққа шығару. Мың жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен қалыс қалуы кез келген мемлекеттің болашағына балта шабады.

Жат ағымдардың кейбір зиянды тұстарына  тоқталды. Алайда мұның артында сыртқы саяси күштердің мүдделері жатқаны белгілі. Бұл кесапаттан арылудың жалғыз жолы – жастардың діни сауаттылығын арттыру. Дін мәселесін сұрарда өте мұқият болу. Дін ілімін үйренем дегендер үшін бар жағдай жасалған. Жоғары оқу орын, тоғыз медресе бар, сондай-ақ, әр мешіт қабырғасында сауат ашу курстары жұмыс істеп жатыр. Діни білімін арттырғысы келгендер үшін бұл аталған оқу орындар жеткілікті. Дін мәселесіне байланысты туындаған сұрақтарды дін қызметкерлерінен сұрап білген абзал.

«Отанды сүю – иманнан». Сол себепті Отанымызды сүйейік, оны құрмет тұтып, әрбір ағашы мен тасын бағалайық. Өйткені, оның болашақ жеміс берер ағашы сендерсіңдер. Бір ағашта алма мен алмұрт қатар өспейтіндей, бір елдің баласының өз ішінде бөлінуі өкінішті-ақ. Сөз соңында ойымды өңіріміздің өр тұлғасы Мағжан атамыздың мына бір өлең шумағымен аяқтағым келіп отыр:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты —
Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!

 Хамзат Қажымұратұлы,

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы. 

Return to Top ▲Return to Top ▲