Мысыр елінен алған әсерім

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр Араб Республикасының әл-Әзхар университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық  келісіміне сәйкес, Қазақстан бойынша имамдар мен ұстаздардан арнайы тест алынып,  7 имам 3 айлық білім жетілдіру курсына іріктелген болатын. Аталған тізімдегі 7 имамның қатарына  СҚО өңірінен  мен де іліктім.

Ұзақ сапар алдында  Діни басқармада  Апарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиевтің төралығымен  жиналыс өтті. Ол кісі имамдарға сәтті сапар тілеп, Мысырда жақсы білім алу үшін біздерге  нұсқаулар мен бағыт бағдар берді.

Біз  Мысырдың  Каир қаласына 2013 жылдың 29-желтоқсанында  келіп түстік. Барлығымызды  әл-Әзхар  университетінің «Бағус әль Исләмия» атты жатақханасына орналастырды. Келген күні біздерге болмыш елдегі тәртіппен таныстырылып, оқу жоспары бекітілді. Оқу  орындағы сабақтардан бөлек аталмыш жатақханада  да араб ұстаздардан  діни дәрістер алдық.  Дәріс берген ұстаздардың  барлығы әл-Әзхар университетінің докторлары мен белгілі ғалымдары. Оқылған дәрістер:  Құран, Фиқх, Ақида, Араб тілі, Ислам тарихы. Имамдардың білімін  жетілдіру курсына Қазақстанмен  қатар  Марокко, Того, Буркина-Фасо елдерінен имамдар мен ұстаздары келіп оқыды.

Бұл 3 айлық білім жетілдіру курсында мен өзіме өте көп пайдалы нәрсе түйдім. Египет Ислам «Нұр-Мүбәрәк»  университетінде алған білімімді одан әрі жетілдірдім. Сонымен қатар имамдық қызмет жасап жүрген уақытымда көптеген пайда болған сауалдарыма жауап таптым, басқа мемлекеттен келген имамдармен танысып, дін жаюдың тиімді тұстары турасында тәжірибе алмастым.

Әл-Әзхар университетінің ректорының қолдауымен  жүзеге асқан білім жетілдіру курсы тілдік, және діни білімді көтеру тұрғысында өте тиімді болды.  Үш айлық курс тәмәм болғаннан кейін университет ұстаздары біздерге арнайы  сертификаттар табыс етті.

 «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы 

Қайыргелді Руслан Болатұлы

Return to Top ▲Return to Top ▲