«Көрікті мешіт» атты тазалық бәйгесін жариялайды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына орай биылғы көктем маусымында Алматы орталық мешіті қалалық мешіттер арасында «Көрікті мешіт» атты тазалық бәйгесін жариялайды. Бәйге талаптары бойынша қаламыздағы әр мешіттің

1. Тазалығы;
2. Көріктілігі;
3. Жүргізілген жаңарту, әрлеу жұмыстары;
4. Көгалдандыру жұмыстары,
– бағаланады.

1, 2, 3 орын иеленген мешіттерге бағалы жүлделер беріліп, алғыс хатпен марапатталады.

Бәйге үстіміздегі жылдың 2 маусым күні ең үздік мешіт ауласында қорытындыланып, muftyat.kz және аzan.kz сайттарында жарияланатын болады.

Мешіттің мән мағынасы «сәжде, құлшылық жасайтын орын» дегенді білдіреді. Сондықтан мешіт дегенде, ең әуелі оның тек сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, тазалығы, жайлылығы, адам жүрегін рахатқа кенелтіп жан дүниесін қанаттандырып жіберер рухани жағы ерекше аталуға тиіс. Өйткені, мешіт – барша мұсылман­дар­дың күнделікті күйбеңі, яғни дүние тірші­лік­терін ұмытып, Хақ Тағаланың алдында бас иіп мінә­жат жасайтын орын. Сондай-ақ ол мұсылман­дардың ең қастерлі дұға-тілектерін Алла Тағалаға пенделік күнә-жазықтарына кешірім сұрап, тәубе ететін жері. Сондықтан да  мешітті көркейту – абыройлы іс.

Тәмим әд-Дәри (Алла оған разы болсын) деген сахаба Шам шаһарынан Мәдина қаласына шырақ, зәйтүн майын және мақта алып келеді. Кеш батқанда ол өзінің Әбу Базад атты қызметкеріне шыраққа май құйып, мешіт ішіне іліп қоюды тапсырады. Кешкісін түнделетіп, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мешітке келсе, мешіт іші жап-жарық. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сүйсініп: «Мұны кім істеді?», – деп сұрады. Жиналған жұрт: «Тәмим әд-Дәри», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Исламды нұрландырдың, Алла сені бұл дүниеде және ақыретте нұрландырсын», – деп батасын беріп, өз ризашылығын білдіреді. Міне, мешітке қол ұшын тигізген сахабаға Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), көрсеткен ілтипаты. Ол мұны кейінгі үмбетке ғибрат болсын, үлгі алсын деп істеді.

Олай болса, жақсылықта жарысайық!

Return to Top ▲Return to Top ▲