Ислам соңғы кәміл дін

Тәуелсіздік таңы осыдан жиырма бес жыл бұрын атса да қазіргі уақытқа дейін исламға деген халықтың көзқарасы әрқалай. Кейбір адамдар исламды екі дүниеде бақытқа жетелейтін ақиқат соңғы дін ретінде қабылдаса, енді бір адамдар ислам дінінің құндылықтарын терең ұғынып, күнделікті өмірінде ислам қағидаларын темір қазық етуде. Алайда өкінішке орай әлі де болса, исламды тек мешіт айналасындағы діни жоралғылармен ғана суреттейтін жандар кездеседі. Жаңа жыл келгенде шапанын іздеген аяз ата секілді мұсылмандардың ұлық мерекелері ораза, құрбан айт келген кезде ғана қамданып, мұсылмандығын сыртқы бейнеде көрсететін ақсақалдар бар. Ислам деген не дегенде ол намаз, жаназа, құран оқу, секілді исламдағы бір құлшылық амалдармен ғана сипаттайтын жастар кездеседі. Бұның барлығы өзіміздің асыл дінімізден хабарсыздығымызды көрсетеді. Алла тағала құран кәрімде исламның кәміл дін екендігі жайында:

الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الْإِسْلَامَ دِينًا ۚ

         Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым.[1]

         Атақты тәпсір ғалымы Ибн Кәсир (Алла одан разы болсын) бұл аят турасында: «Бұл Алланың мұсылман үмметі үшін жасаған ең үлкен нығметтерінің бірі өйткені Алла тағала олардың дінін кәміл етті. Бұдан кейін адамзат ешқандай дінге, басқа пайғамбарға  мұқтаж емес. Сол себепті Алла тағала пайғамбарымызды (с.а.у) елшілердің ең соңғысы етіп бүкіл адам мен жынға жіберді. Ол хәләл еткен нәрсе хәләл болып, харам еткен нәрсе харам болып қалады. Ол жеткізген дін қияметке дейін жалғасады. Өйткені ол сыншыл өтірік атаулыдан пәк. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ وَتَمَّتْ كَلِمَتُ رَبِّكَ صِدْقًا وَعَدْلاً ﴾

         Раббыңның сөзі (Құран) шындық әрі туралықпен тамамдалған.[2]

         Яғни Құранның әрбір сөзінде шындық жатыр, әмірлерінде, тыйымдарында әділдік тұнып тұр. Жоғары аяттағы нығметтің тамамдалуы міне осы. Одан кейінгі аяттағы бұл дінді қоштап ұнаттым деуі, Алла тағаланың бұл дінді жақсы көретініне және оны ең сүйікті пайғамбары арқылы жібергеніне дәлел. [3]

Бұхари, Мүслим хадис кітабында Тариқ ибн Шиһабтан ол Омар ин әл-Хаттабтан (Алла одан разы болсын) келген хабар бойынша яһуди қауымынан болған бір адам Омарға келіп: «Ей, мүміндердің әміршісі егер осы оқып отырған құран аяттарың бізге (яһудтарға) түскенде сол күнді біз мереке етіп алар едік» деді. Бұл қандай аят дегенде: «Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» деген Құран аятын оқыды. Омар оған: «біз ол күнді де, мекенді де білеміз, пайғамбарға (с.а.у) түскен бұл аят қашан және қайда түскенен хабардармын ол Арафада жұма күні түскен еді»[4] деді.

Аяттан алынатын дәрістер:

Бірінші, ислам діні толыққанды дін. Толықтыруды немесе бір бөлігін алып тастауды қажет етпейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарак хадисінде: «Кімде-кім дінде жаңалық іздесе ол қабылдан емес»[5] деген. Яғни ислам дінінде адамға қажеттінің барлығы баян етілген. Тіпті адамның қалай тамақ ішуі қалай дәретханаға баруы, оның әдептеріне дейін айтылған.

Екінші, Алла тағала мұсылмандар үшін өзінің нығметін тамамдап зор мейірімділік танытты және соңғы дінмен соңғы елшісін жіберді. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ لَقَدْ مَنَّ اللَّهُ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولاً مِنْ أَنْفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِنْ كَانُوا مِنْ قَبْلُ لَفِي ضَلالٍ مُبِينٍ ﴾

         Расында Алла (Т.) мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді.[6] 

         Үшінші, Осы дінді Алла тағала разы болған күйде мұсылмандарға қалады. Адамдардан басқа дінді қабыл етпейді. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ وَمَنْ يَبْتَغِ غَيْرَ الْإِسْلامِ دِينًا فَلَنْ يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الْآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ ﴾

Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады.[7]

Сол себепті мұсылмандар үшін Алланың өзі разы болған дінге мойынсұну оның әмірлерін орындау міндет болып саналады. Сағд ибн Әби Уақастан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Егер кім азаншының тыңдағаннан кейін: «Алланың жалғыз әрі серігі жоқ екеніне және Мұхаммедтің оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін. Алланы Раббы ретінде, Мұхаммедті елші ретінде, Исламды дін ретінде риза болдым десе, күнәсі кешіріледі»[8] деді.

         Бұл пайғамбарымыздың (с.а.у) өмірінің соңғы кезеңдерінде түскен аяттардың бірі[9].

Құрандағы «толықтырдым» деген аяттың мағынасы дінде адам үшін қажетті бүкіл нәрсенің бар екенін меңзейді. Яғни адамның дүниесіне, ақыретіне, құлшылық-ғибадатына, рухани өсуіне   қажетті барлық жайттар қамтылған. Өмірдің әр саласында адам үшін  шариғи тұрғыда құран кәрім, пайғамбар (с.а.у) хадистерімен бекітілген негіздер бар. Бұл иләһи негіздерді іс жүзінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) көрсетіп кеткен. Пайғамбарымыз бұл іс-әрекетімен тек адамдардың арасында ғана емес сонымен қатар пайғамбарлардың арасында да ерекшеленген.  Пайғамбарымыз       (с.а.у) өмірінде әке болған. Бұл арқылы әке болудың қандай екенін біздерге көрсеткен дегенмен барлық пайғамбарлар әке болмаған. Пайғамбарымыз (с.а.у) біреудің жұбайы болған осы арқылы ер азаматтың әйелінің алдындағы міндеттерін ашық айқындап берген бұл орайда барлық пайғамбарлар отбасы құрмаған. Пайғамбарымыз (с.а.у) мемлекет негізін қалап, оның басшысы болған. Мұсылман басшыларына қандай басшы болу керек оның сипаттарын іс жүзінде көрсеткен. Сонымен қатар пайғамбарымыз (с.а.у) барлық көркем сипаттарды бойына жинай білген әмбебап адам болған. 

         Исламның кәмілдігінің көріністері:

  1. Иман негіздері жеңіл әрі кемшіліксіз.

Иман шарттары Құранда және пайғамбарымыз (с.а.у) сүннеттерінде адам үшін өте жеңіл әрі түсінікті етіп жеткізілген. Иман негіздерін терең  ұғып, санасына сіңдіре білген адам әр кез Алланың әмірлерін орындауға асығып, тыйымдарынан қашық болуға тырысады. Әр ісін жасарда ислами шеңберге салып,сөзін салмақтап байыбына келмейінше әрекетке бармайды. Иман негіздерін білу барлық жақсылықтың бастауы, өйткені ол әр кез ұлы Жаббар Алланың бақылауында тұрғанын біледі.

  1. Барлық адамзатты қамтиды.

Ислам діні  бүкіл адамзатқа қияметке дейін жіберілген дін. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ұлтқа жіберілген дін емес. Алланың алдында ешбір ұлттың абзалдығы жоқ. Ақ болсын қара болсын, құл болсын азат болсын Алла алдында олар бірдей. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ قُلْ يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنِّي رَسُولُ اللَّهِ إِلَيْكُمْ جَمِيعًا الَّذِي لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ يُحْيِي وَيُمِيتُ فَآمِنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ النَّبِيِّ الْأُمِّيِّ الَّذِي يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَكَلِمَاتِهِ وَاتَّبِعُوهُ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ ﴾

(Мұхаммед Ғ.С.): Әй адам баласы! Мен барлығыңа Алланың елшісімін; Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген, жіберілген оқу-жазу білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар де.[10]

﴿ وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا كَافَّةً لِلنَّاسِ بَشِيرًا وَنَذِيرًا وَلَكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ ﴾

Сені біртұтас адам баласына қуандырушы, қорқытушы етіп қана жібердік. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді.[11]

  1. Шариғи үкімдер нені қамтиды.

Кейбір тайызпікірлі адамдардың пайымдағанындай шариғи үкімдер тек жазалау фактілерінен ғана тұрмайды. Негізгі мақсат ретінде адам өмірінің аса құнды екенін бастапқы мүдде ретінде алады. Адамдардың өз-ара тату, әділдікте, жоғарғы моральды қалпында сақтауға ерекше көңіл бөледі. Қоғамның тұтастығына сызат түсіретін факторларды ерте кезден балта шабуға тырысады.   Өзара сүйіспеншілік, жанұя татулығы мен тұтастығы басты назарда. Ислам щариғаты аясында адамның Раббысымен, жанұясымен, қоғаммен, бағынушы халық пен басқарушы басшыларымен байланысына  және кедейлер мен байлар байланысының тығыз болуына, мемлекетаралық қарым-қатынас мәселелеріне жіті мән береді. Негізгі қаралатын мәселелер: Құлшылық, неке-үйлену мәслелері, мирас, жанұя ішіндегі міндеттемелер, жазалар, соғыс тәртібі, халал мен харам, әдептер, денсаулық, қоршаған орта, экономика және қаржы, мәселелері, мемлекет ісі, қазылық. Ислам шариғаты келесі мәселелерге ерекше көңіл бөледі:

  • Қаржы саласында алдау мен ақша жымқыру, адамның зәрулігін пайдалану исламда түріне тыйым салады. Исламда лоторея, ұтысқа ақша салу, ақшаға бәстесу харам амалдардан. Кредиттің барлық түрі харам саналады[12].
  • Адамдар арасында ешкімді бөліп-жармай әділдікпен үкім шығарады.
  • Қоғамның соның ішінде жанұя тұтастығына оның тек сүйіспеншілікте ауызбіршілікте болғанына ерекше көңіл бөледі. Қоғам арасындағы қарым-қатынастан туындайтын проблеммаларды әділ шешуге тырысады.
  • Адам абыройының биік болуына ерекше мән береді. Іс-әрекетпен оймен, тілмен басқа біреуге жамандық жасамауды негізге алады.
  • Адам өмірінің әр кезеңіне байланысты жауапкершіліктің де түрі өзгереді.

4.Ислам дінінің адам өмірінің әр кезеңін қамтуы.

Ислам дінінде адам өміріне анасының құрсағында жатқанында-ақ тәрбиесін ерекше мән берген. Оны міндетті түрде екі жыл емізуі, өсе келе өзіне сай құлшылық ғибадаттарды үйретуі, үйленердегі болашақ жарын таңдауы, ер азамат пен әйел азаматтың жанұя құрғаннан кейінгі міндеттері, қартайған кездегі жағдайын, дүниеден өтер алдындағы қалатын мұра бөлу мәселесін, қайтқаннан кейінгі жоралғыларын ислам діні қарастырып, ұшқыр есеппен бекітіп берген.

Құран және пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарак хадистерінде адамның шариғатқа сай қалай өмір сүру керек екендігі нақты дәлелдермен келтірілген. Бірінші негіз Құран болса, екінші негіз пайғабарымыздың (с.а.у) хадистері болып саналады. Осы негіз аясында ғалымдардың түсінігі, бірауыздан келісуі, әдет-ғұрыптан шариғатқа қарама қайшы келмейтін жоралғылар да шариғи дәлел болып саналады.  Құран аятындағы кейбір үкімдерге мысал:

﴿ ونَزَّلْنَا عَلَيْكَ الْكِتَابَ تِبْيَانًا لِّكُلِّ شَيْءٍ وَهُدًى وَرَحْمَةً وَبُشْرَى لِلْمُسْلِمِينَ ﴾

Қиямет күні әр үмметтің ішінде, өздерінен бір айғақ әкелеміз. (Мұхаммед Ғ.С.) сені осы үмметке айғақ қылып келтіреміз. Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және Мұсылмандар үшін тура жол, игілік әм қуаныш түрінде Құранды түсірдік. [13]

Намаз жайында:

﴿ قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ ﴾

«Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін» де[14]

         Ораза жайында:

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ﴾

Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар.[15]

         Мирас жайында:

﴿ كُتِبَ عَلَيْكُمْ إِذَا حَضَرَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ إِن تَرَكَ خَيْرًا الْوَصِيَّةُ لِلْوَالِدَيْنِ وَالأقْرَبِينَ بِالْمَعْرُوفِ حَقًّا عَلَى الْمُتَّقِينَ ﴾

Біреулеріңе өлім келген шақта, артына мал қалдырса, әке-шешесіне, жақындарына дұрыстықпен өсиет парыз етілді. Өсиет тақуаларға бір міндет.[16]

Еттеккір жайында:

﴿ كُتِبَ عَلَيْكُمْ إِذَا حَضَرَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ إِن تَرَكَ خَيْرًا الْوَصِيَّةُ لِلْوَالِدَيْنِ وَالأقْرَبِينَ بِالْمَعْرُوفِ حَقًّا عَلَى الْمُتَّقِينَ ﴾

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен етеккір жайынан сұрайды. Оларға: «Ол жиренішті нәрсе, етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан олар нақ тазарса, оларға Алланың өздеріңе бұйырған жерінен жақындасыңдар» де. [17]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінен мысал:

عن أبي موسى الأشعري – رضي الله عنه – عن النبي – صلى الله عليه وسلم – قال: ((على كل مسلم صدقة))، قال: أرأيت إن لم يجد؟ قال: ((يعمل بيده فينفع نفسه ويتصدق))، قال: أرأيت إن لم يستطع؟ قال: ((يعين ذا الحاجة الملهوف))، قال: أرأيت إن لم يستطع؟ قال: ((يأمر بالمعروف والخير))، قال: أرأيت إن لم يفعل؟ قال: ((يمسك عن الشر فإنها صدقة)) متفق عليه])،

Әбу Муса Ашғариден келген хадис бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у) :
– Әрбір мұсылманның садақа беруі тиіс,- дейді.
– Йа Расулаллаһ! Беретін нәрсе таппағандар не істейді?
– Еңбектеніп табыс табады және садақа береді.
– Істейтін жұмыс табылмаса ше?
– Көмекке мұқтаж кісіге қандай да бір көмек береді.
– Көмекке мұқтаж кісі табылмаса ше?
– Кез келген бір жақсылық жасауы (мал-мүлкім болғанда мен де садақа берер едім деу, біреуге жол көрсету, жолдағы кедергілерді алып тастау, өлімді еске алу, басқаға зиян тигізуден сақтану, ілім үйрену және үйрету секілді) ол үшін садақа болып табылады.

– Егер оны істей алмаса ше?

– Жаманшылықтан өзін сақтайды оның өзі садақа деді.[18]

Хадистен байқап отырғанымыздай адам баласының мүмкіншілігіне, шамасына байланысты оған міндеттелетін жүк те соншалықты жеңіл.

Ислам дінінде адам өміріндегі бүкіл нәрсе қамтылған тіпті адам қалай дәретке бару дың әдептеріне дейін  айтылған.

Бұл Алла тағаланың адам баласына деген ерекше ілтипаты, құметі. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلاً ﴾

         Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық.[19]

         Пайғамбарымыз (с.а.у) қоштасу хутбасында былай деген: «Уа, адамдар! Сендердің қандарың (жандарың), мал-мүліктерің Раббыларыңның құзырына барғанша (қияметке дейін) бір-біріңе (қол сұғуға), осы күннің құрметіндей, осы айдың құрметіндей, харам (тыйым) етілді. Сендер Раббыларыңмен кездесесіңдер, Ол амалдарыңның есеп-қисабын сұрайды».

         Бұл пайғағамбарымыздың (с.а.у) ең соңғы өсиеттерінің бірі еді.

        «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

[1] Маида сүресі, 3-аят

[2] Әнғам сүресі, 115-аят

[3] Ибн Кәсирдің тәпсірі, 5/246

[4] Бұхари, Мүслім хадистер жинағы

[5] Мүслім хадистер жинағы

[6] Әл-Имран сүресі, 164-аят

[7] Әл Имран сүресі

[8] Табаридің тәпсірінен

[9] Көп сахабалар бұл аят түскеннен кейін қатты уайымдаған өйткені пайғамбарымыздың (с.а.у) міндеті аяқталып бұл өмірден кететінін сезген.

[10] Ағраф сүресі 158-аят

[11] Саба сүресі, 28-аят

[12] Адам өміріне қауіп төнгенде немесе өте мәжбүрлік жағдайда кейбір ғалымдар рұқсат берген.

[13] Нәһл сүресі, 89-аят

[14] Әнғам сүресі, 162-аят

[15] Бақара сүресі, 183-аят

[16] Бақара сүресі, 180-аят

[17] Бақара сүресі, 222-аят

[18] Бұхари, Мүслім хадистер жинағы

[19] Исра сүресі, 70-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲