ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАП ЖҮРЕЙІК!

Жақсылық дегенде, кез-келген адамның қуанышты күлкісі езуіне келіп, тек жақсы жағдайлар мен жақсы істерді, жақсы сөздерді ойлайтыны рас. Жақсылық-адамның көңілін көтеріп қуанышқа бөлейтін әсерлі сәттерің бірі.

Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау.

Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. 

«Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана.

Құранда Алла Тағала: 

«…Жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» ‒ деп бұйырады. («Хаж» сүресі, 37-аят)

Олай болса, жаны жақсылық жасауға құмар болған жандарға қуанышты хабарлармен бөліссек дейміз. Бұл туралы, яғни, Алла Тағаланың жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көретіні жайлы Құранның бірнеше аяттарында айтылады.

Соның бірі: «Солар (тақуалар) жеңілдікте де және қиындықта да (Алла разылығы үшін) жұмсайтындар, ашуын ұстайтындар және адамдарды кешіретіндер. Алла жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді», ‒ деген. («Әли-Ъимран» сүресі, 134-аят)

Сол сияқты Пайғамбарымыз (с.а.с) хадистерінің бірінде

«Қандай жағдайда болсаң да, Алладан қорық. Жамандықтың артынан оны жоятын жақсылық жаса. Адамдарға жақсы мінез-құлықпен қарым-қатынаста бол», ‒ деп бұйырған. (Тирмизи)

Хасан әл-Басри: «Өткен жамандықтарыңа қарсы жақсылық жасаңдар», ‒ деген.

Жақсылық — адамгершілік пен имандьілықты сипаттайтын жалпы ұғым. Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымы арқылы жүзеге асады. Осы жалпы қасиеті арқылы жас та, кәрі де өзінің мақсат-мүддесіне, арман-тілегіне, болашақтан үміттенуіне сенімін білдіреді. Жақсылық арқылы жеке адамдардың іс-әрекеттеріне, қоғамдық қатынастарына, адамаралық байланыстарына тиісті баға беріледі. 

Ибн Аббас (р.а) былай деді: «Жақсылық тек қана мына үш нәрсемен толық болады.

1. Ол жақсылықты жасауға асығу,

2. Жасаған жақсылығын көп деп емес аз деп білу,

3. Жақсылықты жасырын жасау». (Ибн Әбу Дуния, Истинәәул-Мәърууф).

Жасалатын жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды, өйткені аз ғана жақсылық ешбір жақсылық жасамағаннан қайырлы.

         Демек, нағыз мұсылман иманының кәмілдігін аузымен ғана емес, амалымен дәлелдейді. Өзі жақсы адам қашанда жақсылық, ізгілік жасауға ғашық болады. Ендеше, құрметті мұхтарам Жамағат мына жалған дүниеде жалғыз Алланың разылығын табу жолында аянып қалмай, жақсылық жасаудан озық болайық.

                                      Сарсенов Азамат

                                                          «Нұр» қалалық мешітінің бас имамы          

Return to Top ▲Return to Top ▲