Дін істері агенттігінің төрағасы М. Әзілхановтың ҚМДБ-на жолдаған хаты

Дін істері агенттігі мемлекеттің дін саласындағы уәкілетті органы ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, еліміздің тұрақтылығы мен қоғамымыздың діни-рухани ауызбіршілігін қамтамасыз ету бағытында 2013 жылы атқарылған жұмыстарды жоғары бағалайтынын хабарлайды.

Діни басқарманың өңірлердегі өкілдіктері мен мешіт имамдары мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, қоғамдағы конфессияаралық келісім мен ауызбіршілікті сақтау және нығайту, жұртшылық арасында дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, радикалдық діни идеялар мен керағар діни ағымдардың алдын алу, өңір тұрғындары мен мақсатты топтар арасында үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын қамтитын көп салаларда тығыз ынтымақтастықта бірлескен жұмыстар жүргізуде.

2013 жылы ҚМДБ жанынан арнайы ақпараттық-насихат топтарының құрылуы және аталған топтардың өткен жылғы қазан-желтоқсан айларында Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында өткізген түсіндіру іс-шаралары өңір тұрғындары мен жергілікті әкімдіктер тарапынан оң бағаланып отырғаны – осының бір дәлелі.

Агенттік өңірлерде іске асырылып отырған бірлескен іс-шаралардың қатарында ҚМДБ-ның өңірлердегі өкілдіктерінің күшімен түзеу мекемелерінде жүргізіліп отырған түсіндіру жұмыстарын жоғары бағалайды және осы бағыттағы жұмыстар 2014 жылы жалғасын табуына мүдделі екенін білдіреді.

 

Құрметпен,

Дін істері агенттігінің төрағасы      

М. Әзілханов

Return to Top ▲Return to Top ▲