БАС МҮФТИ: ИСЛАМ – АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕГІ АМАНДЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ

Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ғұламалар Кеңесінің кезектен тыс отырысында айтты.

Жиын барысында ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, еліміздің дін қайраткерлері Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекеттің Ислам дініне ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, мұндай зұлымдық қатты айыпталатындығын жеткізді.

«Құран Кәрімнің әрбір сүресі Алланың – Рахман және Рахим есімдерімен басталады. «Ислам», «сәлам», «мұсылман» сөздерінің түбірі бір. Яғни, бейбітшілік пен тыныштық деген мағынаны білдіреді. Ислам – адамның жүрегіндегі амандық пен тыныштық. Бұл Жаратушыға иман етуден туындайтын аман-есендік. Бейбітшілік діні Ислам тұтастай қоғам құндылығы мен адамзатқа ортақ игілікті қалайды. Жаратқанның пәрмені мен пайғамбармыздың өсиеті де осы. Жер бетіне Құран алып келген ақиқат – тыныштық пен бейбітшілік. Таза Ислам дінін ұстанған мұсылман баласы осы жолмен жүріп, өзгеге тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді.

Бейбітшілік ұғымы тек бір тарапқа ғана қатысты емес. Егер бейбітшілік біреудің мүддесін ғана қорғап, екінші адамның құқығын шектесе ол қиянатқа айналады. Онда тек бір тараптың ғана ұғымындағы бейбітшілік боп қалады. Ал, біздің елімізде барша азаматтардың мешіттерге барып құлшылық етуіне, парыздарын толық орындауға тең құқылы. Бұл мемлекетіміздің Ислам дініне, елімізге жасап отырған үлкен қамқорлығы», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Алматы қаласында өткен басқосу барысында елдегі діни ахуалдың жайы, дін мамандарының діни тұрақтылықты қамтамасыз ету жолы және қоғамның діни сауаттылығын көтеру жайы қаралды.

Muftyat.kz сайтынан

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲