Ақтөбе өкілдігі «Ашық есік» күнін өткізді (ФОТО)

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Ашық есік» күні өтті. Жамағатты Ақтөбе өкілдігінің өткен жылы және ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында атқарған іс-шараларымен таныстырған өкіл имам Төлеби Оспан ҚМДБ-ның төрт бағыты аясындағы жұмыстарға тоқталып кетті.

Өкіл имамның айтуынша, бүгінге дейін мешіттердегі діни сауат ашу курсында қамтылған шәкірттер саны 700-ге жуықтаған. Ал ұстаздардың біліктілігін арттыру, өңірге діни қызметке маман тарту аясында жүріп жатқан жұмыстардың нәтижесінде бүгінде облыс мешіттеріндегі дін мамандарының 59 пайызы – жоғары және орта діни білімді. Ағымдағы жылдың мамыр айында қызметке тартылатын 15 маманның есебінен бұл көрсеткіш 65 пайызға өседі деп күтілуде.

2017 жылдың алғашқы тоқсанында қайырымдылық бағытында ұйымдастырылған шаралардың қорытындысы бойынша 87 адамға 1 249 356 теңге көлемінде, тағы да 706 адамға ет, азық-түлік және киім-кешек түрінде көмек көрсетілген. Одан бөлек, өкіл имам тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Нұр Ғасыр» мешітінің бастамасымен қолға алынған «Ақтөбе асары» акциясына тоқталып кетті. Үшінші аптаға жалғасқан акция асында осы уақытқа дейін 379 жанұяға 4 т-ға жуық азық-түлік берілген.

3-27 сәуір аралығында Ақтөбе қаласы мен бес бірдей ауданды қамтыған «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының I және IV бағыты аясында жүргізілген ақпараттық түсіндіру жұмыстары да қорытындыланды. Нәтижесінде 545 мақсатты жеке кездесу, 186 жалпы іс-шара ұйымдастырылып, онда 10000-ға жуық адам қамтылған.

«Ашық есік» күні аудандарда да жалғасын тапты. Аудан имамдары аудан, ауыл тұрғындарын өткен жылы атқарылған жұмыстар легімен таныстырып, есеп беруде.

Естеріңізде болса, Байғанин ауданында болған сапарында өкіл имам Төлеби Оспан аудан мешіттерін аралап, жамағатпен кездесіп, оларды 2016 жылы атқарылған іс-шаралармен таныстырған болатын.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі   

Return to Top ▲Return to Top ▲