Ауыл молдалары діни сауаттылықтарын арттыруда

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бір сұхбатта: «Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет», – деп атап өткен болатын. Осыған орай Солтүстік өңірдің орталығы Петропавл қаласының «Қызылжар» орталық мешітінде ауыл молдаларына арналған бір айлық курс ашылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – бүгінде белең алып жатқан теріс пиғылдағы ағымдардың алдын алу үшін молдалардың білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттыру, заман талабына сай компьютер, ғаламтор, т.б. жаңа технологиялармен пайдалануды үйрету. Бекітілген кестеге сәйкес мешіт имамдары мен ұстаз ауыл молдаларына Құран таджуиді мен тафсир, Ақида, Фиқһ, Сира, Ислам тарихы пәндерінен жүйелі түрде дәріс беруде. Ауыл-аймақтан келген молдалардың тамақтануы, жататын орны қамтамасыз етіліп, білімдерін арттыру үшін барынша жағдай жасалынды. Жазға дейін 100-ден аса молда дәріс алады деп жоспарлануда. Молдалар топ-топқа бөлініп, ай сайын топ құрамы ауысып тұрады. Курсты бітірген молдаға сертификат табысталады.

Сондай-ақ ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша өңірімізде уағыз-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облысымызға қарасты аудандардың бас имамдары жұма күндері облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде алдын-ала дайындалып жұма уағызын оқиды. Бұл игі бастаманың мақсаты – жамағатты рухани сусындатумен қатар аудан имамдарының тәжірибе жинақтау арқылы біліктіліктерін арттыру. Бір айдың екі жұмасында аудан имамдарына арналған бұл жаңашылдыққа ауданның дін қызметкерлері қызығушылық танытуда. Уағыздар бір күн бұрын облыстық мешіттің діни қызметкерлері мен баспасөз хатшыларына тапсырылып, тексеріледі.

«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲