Ардагерлерге құрмет

         Уақыт өтсе де кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың адамшылық сипатқа жат оқиғалары көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Өйткені Ұлы Отан соғысы қайғы-қасірет әкелді. Қан майданда жүріп басынан өткергендер де, солардың тілеуін тілеп, тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтерген ардагерлер де, соғыста ата-анасынан айырылып, жетімнің тауқыметін тартып өскендер де бүгін арамызда жүр. Осыған орай, ағымдағы жылдың 06 мамыр күні соғыс жылдарында қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде Құран бағышталып, дұға оқылды.

         Игі шараны ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы құттықтау сөзінен бастап, ардагерлерге мешіт ұжымы атынан ақ тілегін жеткізді: «Жер-дүниені дүр сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл 69 жыл толып отыр. Қан майданға 75 мың жерлесіміз аттанған еді, жартысынан көбі қаза тауып, қалғандары жараланып қайтқан. Аталарымыз бен бауырларымыз қаһармандылығымен басқа ұлттар алдында өздерінің ерлігін көрсете білді».

Игі шара мерекелік дастархан басында жиналған ардақты жандардың өнегеге толы әңгімелерімен жалғасты. Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған, қан майданда қаза тапқан қаһармандарды еске алып, осындай игі шараны ұйымдастырғаны үшін мешіт ұжымына ризашылықтарын білдірді.

 

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

Баспасөз қызметі

 

Return to Top ▲Return to Top ▲