«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Жеңіс мерекесінің 70 жылдығына орай облыс орталығында тұрып жатқан бір топ ардагерге жылдағы дәстүрмен дастарқан жайды. Мереке мезеті сұрапыл жылдары қаза болған жауынгерлерге Құран оқудан басталды. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген сөз бар халқымызда, қиын-қыстау күндері қолдарыңызға мылтық алып, ерлік көрсеттіңіздер. Сіздердің ерліктеріңіз бүгінгі жастарға өнеге», деді бас имам қонақтарға. Ұлы Отан соғысының қарт жауынгері Сұлтан Мұхамеджанов жиналғандарға зұлмат күндері басынан өткен қиыншылықтарды айтып берді. Меймандардың ішінде бейбіт күндері ұстаздық, атқарушы билік орындарында қызмет атқарғандар да бар. Қожатай Некебаев, Сұлтан Мұхамеджанов, Жаслан Құдабаев, Жақсылық Ысқақов, тағы басқалары ризашылықтарын білдірдірді. Соныңда мешіт меймандарына естелік сыйлық беріліп, ескерткіш суретке түсті.
Сондай-ақ, мереке қарсаныңда «Қызылжар» орталық мешіті 1941-1945 жылдардағы екінші дүнниежүзілік соғысқа қатысып, бүгінгі күні денсаулығы сыр бергендерді Жеңіс күніне орай үйлеріне арнайы іздеп барды. Петропавлдық майдангер Аманжол Әбілқаятов бүгінгі күні ғасыр жасқа жақындаған, майдан даласында десантшы болған қария меймандарға сұрапыл күндердің қиындығы туралы күрсіне отырып, айтып берді. Жүріп-тұруы қиындаған ол арнайы келіп, қал-жағдайын білген мешіт имамдарына рахметін айтты.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі.