БАС ИМАМ АЙЫРТАУ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков іс–сапармен Айыртау ауданына барды. Оның барысында алдымен өңірдің бас имамы аталған ауданның әкімі Ерболат Бекшеновпен кездесіп, діни ахуал талқыланды.

Атап айтқанда, мешіттерді қайта тіркеу мәселесі кеңінен көтеріліп, алдағы уақытта өз шешімін табатын болады. Мұнымен қоса, басқосуда Хамзат Қажымұратұлы Ерболат Мұратұлына ҚМДБ Бас муфти Наурызбай Тағанұлының бастамасымен жарық көрген «Ихсан- тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.

Сондай-ақ, сапар аясында Хамзат Әділбеков жастармен де кездесу өткізіп, олардың сан алуан сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Аманжолұлы да аудандық мәдениет үйінде мектеп оқушыларымен жүздесіп, «Жастар- уақыт құндылығы» жайында дәріс оқыды.

Содан соң, облыстың бас имамы Айыртау ауданының имам-молдалармен де кездесіп, имам, молдалардың білімі мен біліктілігін жетілдіру мақсатында «Уағызшының тұлғалы келбеті» тақырыбында семинар өткізді.

Return to Top ▲Return to Top ▲