«АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС» Хәкім Абайдың мұраларын насихаттауға арналған кеш өтті

Хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай  «Қызылжар» орталық мешітінде     «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты әдеби-танымдық байқау өтті. Оған қатысқан жиырмадан астам студент пен оқушы ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып,  өмірі мен өзге де шығармашылығы жайында білімдерін көрсету бойынша сынға түсті. Тамаша өнер көрсетіп, жұртты сүйсіндірген  жастар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Кеш шымылдығын ашқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының  директоры Біржан Жалғасбаев ұлы ақын, ғұлама, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салған қаламгер Абай Құнанбаевтың  175 жылдығына арналған іс-шаралар легінің  Алла үйінде жалғасын табуы аса маңызды оқиға деп атап өтті. Өйткені, мешіт жұртшылықты имандылыққа қана емес, жақсы білім мен тәрбие алуға да шақырады. Ал Абайдың жолы мен қолтаңбасы тұнып тұрған – өнеге. «Ғұлама атамыздың шығармашылығы сан  тарау десек, оның ішінде Алланың бар екендігі, жалғыз екендігі, мына өмірдің адамзат баласына сынақ болатыны, дін, сенім туралы жазған дүниелерінің орны бөлек», – деді ол.

Абай мұраларын насихаттауға арналған шараға қаламыздың жамағат қауымы мен  қадірлі ақсақалдары мен аналары жиналды. Жастардың көптеп келуі де қуантпай қоймады. Байқауға қатысушылардың өлең оқу шеберлігі мен Абай хақындағы білімдерін абайтанушы, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің журналистика кафедрасының оқытушысы, профессор Зарқын Тайшыбай, осы оқу орнының Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының  докторы, профессор Жанбай Қадыров, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Амандық Жантеміров  және облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нұргүл Оқашева саралады. Кешке қатысушылар арасында Абай өлеңдерін бұрыннан бері жадыларына қондырып жүргендер де, арнайы осы  байқау үшін бірлі-екісін жаттап келгендер болды. Қазылар алқасы олардың шығармаларды таңдау және орындау шеберлігіне, дауыс ырғақтарына ерекше көңіл бөле отырып, әділ бағаларын беруге тырысты. Осылайша, байқауда ынталандыру сыйлығына –  М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері Кенжегүл Қуандық пен Заманбек Ермеков, үшінші орынға – аталмыш оқу орнының студенті Нұржол Сәтен мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Айдана Түкен, екінші орынға Мағжан Жұмбаеав атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті ие болды. Олардың барлығына ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал бірінші орын мен бас жүлде М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті Данагүл Аюповаға бұйырды. Байқауға қатысушылар үшін көрермендер тарапынан да сыйлықтар тағайындалғанын да айта кеткеніміз жөн.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты әдебиетсүйер жастар байқауын түйіндеген «Қызылжар» орталық  мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай кеш ажарын ашқан қатысушыларға ризашылығын білдіріп, білім жолындағы  ізденістерін жалғастыруды өтінді. Ол  кешті ұйымдастыруға қатысқандарға  да шексіз алғысын  жеткізіп, Абай өмірі мен мұраларының жан-жақты зерттелуіне елеулі үлесін қосып жүрген ардагер ұстаз Зарқын Тайшыбайға қазақшаға аударылған үлкен Құран кітабын тарту етті.

Кеш барысында Болат Сағындықов, Амандық Жантеміров, Қымбат Исманова сынды аға буын өкілдері мешіттегі шараның мән-маңызына тоқталып, көпшілікке ақ тілектерін жаудырды.   Мешіттегі ауқымды шараның өткізілуіне демеушілік көмек көрсетіп,  қалың қауым үшін ақ дастарқан жайған кәсіпкер Марат Шәпенов екенін де атап өткеніміз абзал.

Return to Top ▲Return to Top ▲