УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ МЕН МӘДЕНИЕТІ

Кеше тұңғыш рет елімізде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Қазақстан қоғамында уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында республикалық уағызшылар форумы өтті. Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы уағыз-насихат жұмыстарына жауапты 200-ден астам дін қызметкерлері, ұстаздар қатысты.

Форумда баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Имам – қоғамды тәрбиелеуші тұлға, ағартушы ұстаз. Отаншыл, аманатқа адал, адамгершілігі мол иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Аллаға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді.

Бұл ретте жамағатқа даналық жолмен насихат айтудың маңызы айрықша. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда «Нахыл» сүресінің 125-аятында: «Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ Алла жолында күресу немесе сөз таластыру керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда…» деп әмір еткен.

Кейбір дін мамандары сөз жауапкершілігін сезінбей,  халқымыз қастер тұтқан ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи тұлғаларымыз жайлы біржақты пікір айтып, қоғам сынына ұшырап жатады. Мұндайда Жүсіп Баласағұни бабамыз:

«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен,

Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен», – демей ме?. Осы ретте дін қызметкерлерін тыңдаушылар алдында байсалды мінез танытып, әр мәселеге байыппен қарауға шақырамын», – деп атап өтті.

Расында ҚМДБ Төрағасы атап өткендей, дін адамы тек дін тақырыбында ғана айтуы тиіс. Алла Тағала өзіміз білмейтін нәрсенің соңына түспеуді ескерткен. Бұл туралы Құранда: «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе…» («Исра» сүресі, 36-аят) деп әмір етілген. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминнің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады…» деген хадисі бар.

Форумда «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты қабылданды. Аталған тағылымды құжат дін қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеумен қатар Қазақстан қоғамында айтылатын уағыздың әдебі мен мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етпек.

Шынында уағыз адамды иман мен адами қасиетке үндейді. Діннің басты мақсаты да осы. Дінді адамзатқа жеткізу, уағыз айту – Алла Тағаланың разылығына жетудің ең жақын жолы. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тура жолға шақырса оған ерген адамдардың сауаптары ешбір кемшіліксіз шақырушыға жазылады» деген. Уағыз айту – Пайғамбарлар, оларға ерген саңлақ сахабалар, табиғиндер, ғұламалар, салихалы имамдардың жолы. Осы жолды жалғаған барша ұстаздар мен уағызшы имамдарға Алла жар болсын! Әмин! 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲