ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

«РУХАНИ КЕЛІСІМ -КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ДИАЛОГТЫҢ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА

ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ

             2023 жылғы 16 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасының жоспарланған жобалары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық филиалының діни қызметкерлеріне арналған «Рухани келісім-конфессияаралық диалогтың негізі» тақырыбында оқыту семинары өтті.

Іс – шарада дін саласындағы жетекші сарапшылар: М. С. Тойғанов – Қостанай қаласы Ш. Қабылбаев атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясының экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл ҚАЖ мамандарын даярлау орталығының басшысы, полиция подполковнигі, психология магистрі, саясаттанушы; Қайыргелді Руслан-оңалту орталығының басшысы, Алматы қаласы бас қалалық мешітінің наиб имамы; А. Н. Оразбаев- «Уақып» қорының президенті, Ермұрат Назарұлы-muftyat.kz. сайтының редакторы, ҚМДБ интернет-секторының маманы, Х.Қ. Әділбеков – облыстық «Қызылжар» мешітінің бас имамы сөз сөйледі.

Семинар барысында қатысушылар келесі мәселелерді қарастырды:
– діни қызметкердің этикасы, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық;
– мешіттің жамағаты арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әдістері;
– деструктивті діни ағымдар идеологиясына бейім адамдармен профилактикалық жұмыстың негізгі принциптері;

– экстремизм мен терроризм идеологиясының беделін түсіруге бағытталған әлеуметтік желілердегі жұмыс;

-қайырымдылық қызметін ұйымдастыру және өткізу.

Іс-шара соңында қатысушыларға тақырыптық әдістемелік брошюралар таратылып, оқыту семинарынан өткені туралы сертификаттар табысталды

СҚО/// ҚАРАҒАНДЫ МЕШІТТЕРІНДЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Діни оңалту жұмыстарын жүргізу және тәжірибе алмасу мақсатында Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Жұмажанов Мақсат Аманжолұлы арнайы іссапарамен Қарағанды облысына келді. Онда осы өңірдегі түзету мекемелерінде жазасын өтеушілермен және деструктивті  діни ағым өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Наиб имам Мақсат Аманжолұлы өзінің  екі апталық іссапары барысында мешіттердегі бес бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен танысады және жамағатқа уағыз айтып, жат ағымнан сақтану бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО /// ӘДЕПТІЛІК ТУРАЛЫ СҰХБАТ

ҚМДБ-ның оқу ағарту ісі бойынша «Имамдардың тәжірибе алмасу» мақсатында келген Шымкент қаласы орталық мешітінің бас имамының орынбасары Естеміров Мұхамеджан Жамантайұлы  бүгін «Қызылжар орталық мешітінде» жергілікті «Қызылжар» телеарнасының «Руханият» бағдарламасының жүргізушісіне сұқбат берді.

Онда журналист пен имамның сұхбаты әдептілік негізінде өрбіді.  Тақырыпқа арқау болған сәлем беру әдебі, бата алу, ата ананы құрметтеу әдебі, дұға ету әдебі, тамақтану әдебі туралы қойылған сұрақтарға  дін мен дәстүрді тоғыстыра отырып салмақты жауап берген имамға тележүргізуші өз алғысын білдірді.


Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СКО ///  «ҚЫРЫҚ ПАРЫЗ» ТУРАЛЫ САЙЫС ӨТТІ

Қызылжар орталық мешітінің жанынан балалар мен ересектерге арналған сауат ашу курсы жұмыс істейді. Биылғы жазда балалар үшін  «Имани жаз-2023» арнайы бағдарламасы әзірленіп, түрлі интеллектуалды ойындар, экскурсиялар, байқаулар өткізу жоспарланған. Осы жолғы шәкірттер «Қырық парыз» туралы байқауға қатысып, өздерінің білімдерін сынап көрді. Оның ішінде бес қыз, бес ер балаға арнайы сертификат табысталды.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО// ӨҢІРЛІК ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Шариғат және діннің дәстүр тағылымы» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинар басталмас бұрын Шымкент қаласы мешітінің бас имамының орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы биыл  елімізде 130 жылдығын атап өтіп жатқан Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың рухына арнап құран оқыды.

Семинарға өңірдегі аудандық мешіттердің имамдары қатысты. Шараның негізгі мақсаты дәстүрлі қазақ қоғамындағы шариғат нормаларының көріністері, бүгінгі таңда жастарымызды тәрбиелеуде дін мен дәстүр сабақтастығын түсіндіру. Яғни, жастардың діни-дүниетанымдық көзқарастарын дұрыс қалыптастыруында ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлерінің бір-біріне қайшы келмейтіндігін, сондай-ақ еліміздің ынтымағын, бірлігін, бейбітшілігін сақтап, ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, әдет-ғұрыпымызды жоғалтпай, келешек ұрпаққа жеткізу.

Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы «Шариғат және діннің дәстүр тағылымы» тақырыбы бойынша семинарға қатысқан өңір имамдарына, арнайы сертификат табыстады.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

СҚО/// ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНАН ИМАМ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА КЕЛДІ

ҚМДБ-ның оқу ағарту ісі бойынша жолдамасымен «Имамдардың тәжірибе алмасу» мақсатында Түркістан облысы Шымкент қаласы орталық мешітінің бас имамының орынбасары  Естеміров Мұхамеджан Жамантайұлы апталық іс-сапармен СҚО Қызылжар орталық мешітіне келді. Тәжірибе алмасу барысында мешіттегі бес бағыт бойынша жасалған бағдарламаға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге шәкірттерге дәріс оқып, кітапханаға үш кітап: «Арыстан бабтың аманаты», «Діни сауат ашу» және «Баталар» деген кітаптарды табыс етті.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

НАИБ ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының» бұйрығына сәйкес Сәлік Арай  2023 жылдың 10 шілдесінен бастап «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық Ислами діни бірлестігінің филиалы, Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданы «Сейтахмет хазірет» мешітіне наиб имам болып тағайындалды. Сәлік Арай   Алматы қаласындағы «Абу Ханифа» медресесін тәмамдаған.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

БІЛІМСІЗ АДАМНЫҢ ДІН АТЫНАН СӨЙЛЕУІ

Солтүстік Қазақстан облысы 
"Қызылжар орталық мешітінің" бас имамы
Хамзат Қажымұратұлы

Надандық – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Ізгілік пен парасатқа негізделген ақылдың кемел формасы  сау ақыл болған жерде надандыққа орын жоқ. Өйткені, кемел ақыл надандықтың дұшпаны.

Құран Кәрімде Алла Тағала:

«(Мұхаммед ғ.с) оларға:  «Білмегендер мен білгендер тең бола ма?», де»[1], – деп, білмейтіндер (надан) мен білетіндер (ғалым) деп екіге бөлген. Тағы бір аятта:

 «Егер білмесеңдер білетіндерден сұраңдар»[2] – деп, қандайда бір мәселеде түсінбеушілік туғанда ілім иелерінен ақыл-кеңес сұрау керектігін меңзейді.

Ілім иелері мен қарапайым адамның ара жігін Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   мына хадисі айқын баяндап тұр:

            «Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді»[3].

            Алла Тағала біздерге кез-келген мәселеде білімсіз сөз сөйлеуге тиым салған. Құран Кәрімде:

            «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе (яғни, білмегенді білдім деп, көрмегенді көрдім деп айтпа»[4] – деген.

Шығыс даналарының бірі айтқандайын: «Әмірші әмірші болу керек, әскер әскер болу керек, әке әке болуы керек, бала бала болу керек сонда ел дамиды». 

Жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин ағамыз да: «Жазушы жазу керек, саясаткер саясатпен айналыссын, қойшылар қойын бақсын», – деген екен.  Кезінде атақты күрішші Ыбырай Жақаев: «Дихан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы қаламына ие болсын», деп үш-ақ ауыз сөзімен дүйім елге баяндама жасаған.

Соңғы уақытта қоғамда ғалымсымақ үкім шығаратын топтар көбейіп шала үйренген білімдерімен халал нәрсені харамға шығарып, харамды халалға шығаруда. Осындай шала сауаттылықтың себебінен сүннет амал бидғат болып, бидғат амал сүннет болып кеткен жайттар кездеседі. Бірбеткей, үйренген аз білімдерімен исламның ұлы ғалымдарынан қате іздеп, оларды адастыға шығаруда. Кейбіреуі мазһаб ұстануды бидғат десе, енді біреулері фиһқ негіздерін бидғатқа шығарды. Мұсылман ғалымдарының он төрт ғасыр бойғы ғылымның әр саласында тірнектеп жазған құнды еңбектерін жоққа шығарып, мәнсіз етті.  Бұрынғы ғалымдардың өміріне көз жүгіртетін болсақ, ешуақытта өздері жеке дара жол бастамаған белгілі бір мазһабтың жолын ұстанған. Мысалға алғанда Бұхари, Муслим, әл-Хаким, әл-Байхақи, Ибн әс-Саллах, ән-Науауи, әз-Заһаби, Ибн Хажар, әс-Суютый және басқа да ұлы ғалымдар ижтихад жасауға шамасы келсе де мазһаб ғалымдарының пікірімен санасқан.  Аты аталған ғалымдардың ілімінің жүзден біріне ие болмай жатып қазіргі кезде кейбір адамдар жеке дара мазһаб ретінде сөйлеуі – нағыз адасушылық.

Жалпы мужтаһид дегеніміз – үкім шығаруға шамасы келетін фиқһ іліміндегі маман.

Мужтаһидке ғалымдардың қойған талаптары:

            Бірінші: Ислам,

            Бұл – еш күмәнді талап етпейтін шарттардың бірі. Кейбір ғалымдар  мұсылман болуды шартқа кіргізбейді, өйткені ол міндетті болған шарттың ішінде. Сол себепті кез келген адам білім бойынша толық ижтиһад дәрежесіне жеткенмен егер мұсылман болмаса, оның ижтиһады қабылданбайды.  

            Екінші: Ақыл.

            Егер ижтиһад дәрежесіне жетіп, ақыл-есінен ауысқан адам болса, оның сөзі негізге алынбайды. Ал ақыл-есі ауысқанға дейін айтқан үкімдері амалға асырылады. Сол секілді ақыл-есі қайта оралса, оның айтқаны қабыл алынады. Егер бұл әрекет жиі қайталанып тұрса, сөзі негізге алынбайды.

            Үшінші: Балиғат.

            Мужтаһид болудың шарттарының бірі балиғат жасына жету. Өйткені балиғат жасына жетпеген жас баланың үкімі негізге алынбайды.

            Төртінші: Әділдік.

            Әділетсіз залымның ижтиһат деңгейіне жетуi мүмкін, ондай жанның пәтуасы қабылданбайды.

            Бесінші: Ой ұшқырлығы.

            Үкім шығаруға ұсынылған мәселелердің белгісіз астарлы мағыналарымен түсіну. Сол секілді зайырлы ілімдерді жоғары деңгейде меңгерген болу.

            Алтыншы: Құран ілімі.

            Мужтаһидке міндет болған шырттың бірі – Құран ілімін білу, жатқа білу міндет. болмаса да мүжтаһид үшін абзал амалдардың бірі. Имам Ғазали, ибн Әл-Араби айтқандай, шамамен бес жүз үкім аят бар,  міне осы аяттарға келгенде жатқа білгені абзал. Алайда шынайы үкім аяттардың саны бұдан да көп. Құранды терең меңгерген адам Құранда келген қиссалардан да үкім шығара алады. Құран ислам шариғатының негізгі қайнар көзі болғандықтан, араб тілін білу жеткіліксіз.

 Құран ілімінен білуі тиіс ілімдер:

            – Насих және мансух. Насых аяттар үкімді жоюшы аяттар, мансух аяттар үкімі жойылған аяттар. Үкім шығарарда мужтаһид үкімі жойылған аяттарды негізге ала алмайды. Осыған орай аяттардың түсу уақытын, насых ережелерін, оның түрлерін, осыған қатысты сахабалардың сөздерін білуі керек.

            –  Жалпы және жалқы. Құранның кейбір аятында белгілі бір үкім жалпы адамдарға бағытталуы айтылуы мүмкін енді бір мәселе белгілі бір адамдарға бағытталуы мүмкін.

            – Шексіз және шекті. Яғни, Құранда айшықтауды қажет ететін мәселені екінші бір дәлел айшықтап беруді айтады. Осыған қатысты ережелерді білуі тиіс.

            – Түсу себептері. Аяттардың түсу себептерін білмей үкім беру қателікке бой алдыруы мүмкін, өйткені бұл ілімді білу аяттың мағынасын аша түседі.

            – Құран сүрелерінің Меккеде, Мәдинада түсу тәртібін де білу қажет.

– Кейбір аяттардың ашық, астарлы мағыналарын білу міндет.

            Жетінші: Сүннет.

            Құранда білуі қажет білімдерді сүннеттен де білуі тиіс. Сүннет те насых және мансух, шексіз, шекті, жалпы жалқы болып бөлінеді. Хадистерді жатқа білу шарт емес дегенмен хадистердің қайнарын қай кітапта келгенін білуі ләзім. Әсіресе хадис қайнары болып табылатын алты негізгі кітапты Бұхари, Муслим, әт-Тирмизи, Әбу Дауд, ән-Нәсәәи, Ибн Мажаны білуі тиіс. Сонымен қатар имам Ахмад, Байхақидың[5] хадистер жинағын, мұнымен шектелмей басқа да хадис ғалымдарының үкім беруде хадистерін білуі міндет. Хадистермен айналысқан кезде хадис ілімінен хабардар болуы талап етіледі:

– Ахад (бір жолмен келген) және мутауатир (бір топ адамның екінші бір топ адамға жеткізуі арқылы келген)  жолмен жеткен хадистерді айыра білу. 

Әлсіз және сахих хадистер немесе негізге алынатын, негізге алынбайтын хадистер. Хадис сахихтің хадис хасаннан ерекшелігін және әлсіз хадистерден қандай айырмашылығы барын, оның іштей бөлінуі, олардың ішінде амалға асырылатыны мен дәлелге алынбайтыны, әрбірінің анықтамаларын, шарттарын білу қажет.

– Хадистерді жеткізуші адамдардың жайында олардың ахуалдары, әлсіз тұстары олар жайында ғалымдардың айтқан пікірлері, олардың ұстаздары мен шәкірттері жайында хабардар болу.

– Хадисті жеткізуші адамдардың кемшіліктері, олардың риуаяттарын қабылдамау себептері мен  ережелерін де білу.

– Сол секілді хадистің тізбегіндегі кемістіктерді ажырата білу керек.

            Сегізінші: Араб тілін білу. Араб тілін білу дегеніміз оның қағидаларын, грамматикасын, риторикасын, ескі араб өлең-жырларын білу. Араб тілінде бір харекет мағынаны түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін, ал оны араб тілі грамматикасын жақсы меңгермеген адам біле алмайды. Қате оқылған сөз үкімнің қате берілуіне себеп болмақ. Синтаксис (наху) ережесін үйрену арқылы сөйлемнің құрылымын біледі. Марфология (сарф) қағидасын меңгеру арқылы сөздің құрылымын үйренеді. Риторика (балаға) үйрену арқылы сөздің ауыспалы, тура мағыналарын біледі. Шариғат араб тілінде болғандықтан пәтуа беруші адам араб тілін меңгерген болуы ләзім.

            Бұл жайында имам Ғазали: «Пәтуа беруші адамға араб тілін Сибауайх, Халил, әл-Мубаррид[6] сияқты терең білудің қажеті жоқ. Ең бастысы, Құранның астарлы, тура мағыналарын, шексіз, шекті, жалпы, жалқысын ажырата білуі қажет» – деген.[7]         Тоғызыншы: Ижмағ мәселелерін білу. Мужтаһид үшін өзіне дейінгі ғалымдардың бірауыздан берген пәтуаларына қарама-қайшы пәтуа жасамауы керек.

            Оныншы: Мазһаб ғалымдары арасындағы (қарама-қайшы) мәселелерді білу. Кез келген мәселеде сәләф ғалымдардың пәтуаларын білуі оны негізге алуы тиіс. Бұл жөнінде Имам әш-Шафиғи: «Әрбір қияс жасаушы адам өзіне дейінгі ғалымдардың сөздерін, ғалымдардың ортақ пікірге келген пәтуаларын, келіспеген мәселелерін негізге  алуы керек»[8] – деген.

            Он бірінші: Усулул-фиқһты (Ислам заңдары негіздері) білу. Бұл ілім мужтаһид үшін білуі тиіс маңызды ілімнің бірі. Усулул-фиқһты, Фиқһ әдіснамасын үйрену арқылы аят пен хадистен дәлелдерден үкім шығару әдістерін үйренеді. 

            Мужтаһидқа міндетті емес нәрселер:

            Бірінші: Кәләм ілімінің білгірі[9] болуы шарт емес.

            Екінші: Фиқһ тармақтарын білу шарт емес. Тармақтарды білу ол ижтиһадтың жемісі болып табылады.

            Үшінші: Ижтиһад жасауда тек ер адам болуы шарт емес, егер ижтиһад дәрежесіне жетсе, әйел де мужтаһид бола алады.

            Төртінші: Ижтиһад жасауда еркіндікте жүруі шарт емес, құл да ғылымға ден қою арқылы мужтаһид дәрежесіне жете алады.

            Бесінші: Мужтаһид дәрежесіне жету үшін әділдік шарт емес бірақ әділдік болмаса, оның ижтиһады қабылданбайды.

Сахабалар арасында хадисті көп жаттаған Əбу Һурайра, Әнас ибн Мәлик еді. Бірақ олар үкім айтпайтын. Үкім айтып, пəтуа беретін белгілі сахабалар болды. Мысалы: Ибн Аббас, Əзіреті Омар, Ибн Масғут, Əли, Айша анамыз т.б. Қате айтып қоямын деп хадис риуаят еткісі келмеген сахабалар да болды. Себебі мүтəуəтір хадисте:

            «Кім менің атымнан əдейі жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін»[10]  – деген. 

Халық арасында кең тараған «сауатсыз дәрігер жан алса, сауатсыз молда діннен шығарады», деген қанатты сөз бар. Дін адам баласының бұл дүние мен о дүниелік өмірін бірге қамтығандықтан өте сақтықты талап етеді. Дін жайлы сөз сөйлейтін адам, егер сол саланың маманы болса адамдарды дүние мен ақыретте бақытқа кенелтеді, ал шала сауатты біреу болса, адамдардың екі дүниесінің де астаң-кестеңін шығарады. Мұның соңы,  Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   хадисінде келгендей «Нәтижесінде өздері де, өзгелер де адасып тынады». Сондықтан дін жайлы әңгіме қозғау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

            Жоғарыда  айтып өткеніміздей дін атынан сөйлеу, мазһаб ұстанбау ижтиһад деңгейіне жеткен ғалымдарға ғана рұқсат етіледі. Қазіргі таңда біз мазһаб ұстанбаймыз деп жүрген кейбір мұсылмандар сырқатқа шалдығып, ауруына ем іздеп әртүрлі балгер, тәуіптерге барған адамның кейпіне ұқсайды. Біреулер оған бір дәріні ұсынса, екінші біреу өзге бір дәріні береді. Әрбіреудің айтқанын тыңдап, саналуан дәріні ішкен ол байғұс соңында ауруы асқынып, кемтар болады. Егер әуелбаста білгір дәрігердің айтқанын істеп, жазып берген дәрісін қабылдаса, ауруынан Алланың қалауымен сол мезетте-ақ айығып кетер еді….

Бұл мысалдан алар ғибрат құрметті бауырлар! Адамдардың ғасырлар бойы қабылдап, емін жазып жүрген дәрісінен ішейік. Егер әр адам  бір құлшылық істерде жеке дара жол ұстанып, амал жасайтын болса, оның үстіне жоғарыдағы ижтиһад жасайтындай шамасы болмаса, соңы құрдымға кетеді. Әркім өз жолына тартуға тырысса ол қоғам ақыры құрдымға кетеді. Ал мазһаб үкімдеріне келер болсақ, оның негізі отыз-қырық жыл бұрын емес он төрт ғасыр бұрын қаланған. Он төрт ғасыр бойы үкім шығаруға шамасы келмейтін қарапайым мұсылмандар осы жолды ұстанып келді. Соның нәтижесінде қазақ елі ғасырлар бойы қилы-қилы кезеңдерді басынан кешіріп, ынтымағын сақтай білген. Қазақта жесір дауы, жер дауы, ру дауы кездессе де, дін дауы болған емес. Ол әлбетте бір негізге жұмылғанның, бір үкімге бағынғанның нәтижесі. Бір мазһабқа жүгінудің де негізгі мақсаты – мұсылмандарды ынтымақта, бірлікте ұстау.

21-ғасыр озық технологиялар ғасыры кез келген мәліметті ғаламтордан таба аласыз. Алайда, тапқан мәліметіңіз әрдайым жарамды бола бермейді. Бұндай адамның мысалы қоқыс жәшігінен азық іздеген пақырдың жағдайына ұқсайды. Адамның бұл өмірде екі азығы болса, соның ішінде маңыздысы рухани азығын тек сенімді негіздерден алуы тиіс.

Сөзімді қорыта келе, ғаламторда фейсбук, контакты, ватсап, инстаграм т.б желілер арқылы әртүрлі тақырыптардағы діни мәліметтерді таратуға әуес шаласауатты мұсылмандар бар. Бұл мәселеге немқұрайлы көзқараспен қарауға әсте болмайды. Ондай мәліметті таратпас бұр дін қызметкерінің пікірін сұрау керек. Осы орайда кейбір діндар қауымның арасында дін қызметкеріне қойған сұрақ сол сәтте жауабын таппай жатса, әдепсіздік танытып, оның діни біліктілігіне күмән келтіріп жатады. Шындығында бұл оның білімділігінің белгісі. Нағыз білімді адам жауап бермес алдын сөзінің анықтығына, адамның жағдайына, материалдық, денсаулық мүмкіншіліктеріне, мемлекет заңына мән бере отырып үкім айтады.

 Діни сауалдарға жауап таппаған кезде ҚМДБ-ға қарасты Пәтуа бөліміне хабарласып, жауап алу ең тура, тиімді жол.


[1] «Зумар» сүресі, 9-аят.

[2] «Нахл» сүресі, 43-аят.

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] «Исра» сүресі, 36-аят.

[5] Бұл кітаптар мазһаб ғалымдарынан кейін жазылғанмен ондағы хадистерді білулері міндет.

[6] Араб тілі ғалымдары

[7] Әл-Мустасфа, 2/352

[8] Имам әш-Шафиғидің Әр-Рисала кітабы

[9] Ақида ілімінің маманы

[10] Бұхари хадистер жинағы

«НҰР» МЕШІТІНЕ НАИБ ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының» бұйрығына сәйкес Қарабек Бекдәулет Анарбекұлы 2023 жылдың 30-маусымынан «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық Ислами діни бірлестігіне қарасты Ақтөбе облысы, «Ақтөбе медресе колледжінің» ұстазы қызметінен ауыстырылып, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық Ислами діни бірлестігінің филиалы, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық «Нұр» мешітіне наиб имам болып тағайындалды.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Құрбандық малын шалуға барлық жағдай жасалды

Құрбан айт мейрамының бірінші күні  Қызылжар қаласының жұмысшы кентіндегі арнайы белгіленген орында Құрбандыққа мал шалуға ниет еткен мұсылмандарға барлық жағдай жасалды. Ол жерде қасапшылар, малдың ішек-қарындарын тазалауға да арнайы адамдар қызмет етті.  Уақытымен дизенфекция жұмыстары жүргізіліп, барлық санитарлық-тазалық жұмыстары сақталды. Имамдар құрбан Алланың ризашылығы үшін құрбан шалып отырған адамдаға батасын беріп, дұға жасады.. Құрбан шалуға келген адамдар мұндай қызметке ризашылықтарын білдірді.

 Құрбан айттың құрметіне қайырымдылық жасалды

Құрбан айттың бірінші күні айт намазы оқылғаннан кейін мұсылман қауымы құрбандықтарын шалып, Алла Тағалаға ең жақын ететін  амалдарын жасауға кірісті мұсылман қауымының ұлық мерекесінде  Алла Тағала ризашылығы үшін мешітте тізімде тұрған  100 ден астам мұқтаж отбасыларына ет және азық-түліктен құралған сыйлықтар үлестірді. Мұндай қайырымдылық шаралардан қалада өрттен зардап шеккен отбасылар да құр қалған жоқ.  Облыс әкімінің және  облыстық мәслихат аппаратының шалған құрбандық малдарының еті де жетім балаларға үлестірілді. Тағы бір айта кетерлігі, мешітте сауат ашу курсында оқып жатқан 200 ден астам шәкіртке де мереке құрметіне арнайы дастархан жайылып, сыйлықтар таратылды.

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕДЕ  ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Құбан айт мерекесінің құрметіне Қызылжар Орталық мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Тәтті тағамдар жәрмеңкесі» өтті. Мешіттің ауласында екі қазан палау пісіріліп одан 300 ден астам адам дәм татты. Мешіттің жамағаты мен басқа да қала тұрғындары арасында ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Арқан тарту, қазақша күрес, гір көтеру , қой көтеру басқа да ойындардың көркі қызды. Шәкірттер арасында құраннан сүрелер оқудан да жарыс болды. Құрбан айт мерекесіне қатысқандарға сыйлық берілді. Сонымен бірге ұлық мерекеде мешіттің тазалықшылары мен техникалық қызметкерлері де сыйлықталды. Тәжірибеден өтіп жүрген екі шәкіртке де демеушілердің атынан ақшалай сыйлық табысталды.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲