БАС МҮФТИ І ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай ұйымдастырған І халықаралық Құран жарысы өз мәресіне жетті. Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Халықаралық жарысты қорытындылаған ҚМДБ Төрағасы ауқымды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша дін жанашырларына, қатысушы қариларға, қазылар алқасына алғысын білдірді.

«Алланың қалауымен, баршаңыздың жанашырлықпен жасаған қолдауларыңызбен Қазақ елінде тұңғыш рет ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай өткен І халықаралық Құран жарысын жоғары деңгейде ұйымдастырдық. Аллаға сансыз шүкірлер, мақтау мен мадақтар болсын.

Қазақ халқында «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығады» деген нақыл сөз бар. Менің ойымша, сіздер әлемдегі ең үздік таңдаулы қарисыздар. Осы ретте лайықты жүлдеге ие болған барша қариларды құттықтаймын. Әрқайсыңыз марапатқа лайықсыздар.

Расында, қари үш жағдайда, яғни жаттаған Құранды ұстазына тапсыру, тарауық намазында имамдық ету, осындай жарыстарға қатысу арқылы Құранын пысықтай түседі. Сіздер екі күнге созылған халықаралық Құран жарысында Алланың сөзін тағы да пысықтай түсіп, жеңіске жеттіңіздер. Алла Тағала баршамызға Құран аяттарын толық жаттап, оған амал етуді жазғай. Құранның шапағатына бөленіп, екі дүние бақытына кенелейік. Әмин» деді Бас мүфти.

Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы І халықаралық Құран жарысына қазылық жасаған қари-ұстаздар – Осман Сахин (Түркия), Жахонгир Нематов (Өзбекстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы), Абдулла Әли Әлхашми (Біріккен Араб Әмірілігі) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміреге алғыс хат табыстады.

Ал қазылар алқасының шешімімен елімізде тұңғыш рет өткен Құран жарысының жеңімпаздары төмендегідей:

І орын ($20 000) – Ильяс Хажри (Марокко Корольдігі) 

ІІ орын ($ 15 000) – Турпал-Али Садыков (Ресей Федерациясының Шешен Республикасы)

ІІІ орын ($ 7 000) – Малек Абдулла Албадин (Либия мемлекеті)

ІІІ орын ($ 7 000) – Сағд Салим (Алжир Халықтық Демократиялық Республикасы)

ІV орын ($ 5 000) – Абдурахман Фараж Хафиз Барағи (Мысыр Араб Республикасы)

V орын ($ 3 000) – Мұхаммед Адиб бен Ахмет Разани (Малайзия)

Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың @muftiyatkz ресми инстаграм-парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Return to Top ▲Return to Top ▲