Бүгін Ақтөбе өкілдігі «Қоныс» спорт сарайында Мәуліт мерекесін өткізді.
Рухани шараға ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз, облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы, «Уақып» қорының директоры Қайрат Айтбай, қала әкімі Ілияс Испанов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы және өкіл имам Төлеби Оспан қатысты. Сондай-ақ, облыс және қала әкімшілігі, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері, кәсіпкерлер, қала, аудан және ауыл мешітінің имамдары, медресе қызметкерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, профессорлар, БАҚ өкілдері мен мешіт жамағатынан мәртебелі меймандар шақырылып, 2500-ге жуық көрермен жиналды. Кештің басты қонағы ретінде – «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры мен дәстүрлі әнші Арман Ғабдуллин келді.
Құран Кәрім аяттарын оқумен шара шымылдығы ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы баршасын берекелі мерекемен құттықтап, облыс әкімінің жылы лебізін жеткізді. Ақтөбе медресе-колледжінің жаңа ғимаратын салу үшін облыс әкімдігі тарапынан 5 га жер бөлініп, бүгін ғана діни оқу ордасының салтанатты түрде қазығы қағылған болатын. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде бұл бастаманың өңірді жергілікті діни кадрмен қамту мәселесіндегі маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы облыс мешіттерінің сапалы қызмет етуіне, медресенің колледж статусын алуы секілді игі істерге қолдау көрсеткені үшін өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлына Бас мүфтидің атынан арнайы Алғыс хат табыстап, ризашылық білдірді.
Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан сыр шертіп, оның үммет үшін үлгі болар көркем қасиеттерін сөз еткен наиб мүфти Серікбай Сатыбалды «Пайғамбар қалдырған құндылық» тақырыбында баяндама жасады. Қазақ және араб тілдерінде мәуліт салауаты айтылып, дәстүрлі әнші Арман Ғабдуллин «Елшіге қарап бой түзе» атты терме орындады.
Театр әртістері Мәуліт айының құрметіне жаңа бағдарлама ұсынып, «Ата мен немере», «Адасу», «Асыл адам» секілді қойылымдарды сахналады. Онда теріс ағымның қателіктері, Пайғамбардың бойындағы көркем сипаттары, мінезі, бала тәрбиесі туралы баяндалды. Әр қойылым көрермендерге тағылымды ой тастап, үлкен ғибрат ұқтырды.
Биылғы мерекеден түскен қаражаттан жыл бойына белсенді жұмыс жасаған 21 имамға 100 000 теңгеден қаржылай сыйақылар табысталды. Бұдан бөлек жанашыр мешіт жамағаты Қарғалы ауданына қарасты «Шәмші Қалдаяқов» мешітінің Бас имамы Ғалым Айбек Бейсембайұлына қызметтік көлік сыйлады. Ал шалқарлық кәсіпкер азаматтар Бердібек Шәкірбекұлы мен Ибрагим Сүлейменұлы «Байқадам» ауылдық мешітінің Бас имамы Ақылбек Урдакуловқа құны 1 000 000 теңге тұратын қызметтік пәтер сыйлады. Пәтер мен көлік кілті сахна төрінде салтанатты түрде табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, Мәуліт мерекес биылдыққа екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқы мерекелік шарадан түсен қаражат 9 мұқтаж отбасыға үлестірілген болатын.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр»
мешітінің баспасөз қызметі