Қазір Нұр-Мүбарак университетінің докторанттары, елімізге танымал Құран хафиздары Еркінбек Шохаев, Ерсін Әміре, Құрмет Смағұлов Ливан еліндегі әйгілі «Триполи» университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Осы ғылыми сапар барысында қазақ ғылым ізденушілері «Триполи» университетінің студенттеріне дәріс те берді. Қасиетті Құранның 7 қырағатын жетік меңгерумен қатар білікті білімімен жат ағымдарға тойтарыс беріп жүрген жас дін ғалымдарының бірегейі Еркінбек Шохаевтың дәрісі студенттерді ерекше қызықтыра түсті.
Дәріс барысында ғылыммен қатар қазіргі дін төңірегіндегі әлемдік тенденцияларға талдау жасап, осы саладағы Қазақстанның тәжірибелеріне де тоқталып өтті. Тың деректер, сауатты талдаулар шетелдік шәкірттерге ерекше серпіліс бергендей.
Сондай-ақ сапар барысында Нұр-Мүбарак докторанттары Ливан елінде ғана емес, ислам әлемінде абыройлы еңбегі бар ғалымдармен сұхбаттасып, ақыл-кеңестер алуда. Кітапханалардағы көне қолжазбаларды зерделеп, қазақ еліне аса құнды деректерді саралауда.
Қалауун – қазақтың қыпшақ руынан шыққан мəмлүк сұлтаны. Тарихи еңбектерде Ертістің бойын мекендеген қабила деп те айтылады. Қалауун бабамыз арқылы қазақ халқын қатты құрметтейтін доктор Мухаммед Али Даннауи аңыз бабамыз азат еткен Триполи қаласында туып өскен. Мансур Қалауунды, оның ислам əлеміне жасаған шексіз еңбегі мен ерліктерін өте жоғары бағалайтын ғалым ол туралы өзінің «Аудату əз-зəкира ила тарих Тараблус уə əл-мантиқа» кітабында толығымен əңгімелеген. Қазақтан шыққан жас буын ғылым өкілдері атақты ғалымның қабылдауында болып, қазақтан шыққан мəмлүк сұлтандары туралы əңгімелесіп, бұған дейін беймәлім біраз жаңа деректерді білді.
Тарих беттерінде жаңғырып, жарқырап жатқан ата-бабаларымыздың ерлігі мен еңбегі жас ғалымдардың ғылымға деген құлшынысын арттырып, халыққа айтар сүйінші қоржынын байыта түсуде.
Айша КЕҢЕСБАЙ, Нұр-Мүбарак
университетінің баспасөз қызметі