ҚМДБ-ның бастамасымен Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты келісімшарт аясында Түркияда діни мамандардың білімін жетілдіру шарасы жыл сайын атқарылып келеді. Биыл да елімізден 30 имам Түркияның Болу қаласында білім жетілдіру курсына аттанған болатын.
Олардың жол шығындарымен оқу қаражаттарын толықтай шақырушы тарап, яғни Түркия дін істері басқармасы көтеріп отыр. Имамдарымыз екі ай мерзім түрік елінде болып, білімдерін жетілдіреді. Оларға біліктілігі жоғары дін ғалымдары сабақ береді.
Осы топтың қатарында оқуға аттанған Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің ұстазы Ақзанбек Маушиан қазақстандық имамдардың Түркияның Болу қаласындағы діни оқу орынына орналасқандығын және оқу курсының басталғандығы жайлы хабарлады. Оның айтуынша қазақстандық имамдар мен ұстаздарды Түркия тарапы ерекше құрметпен күтіп алып, жайлы орынға орналастырып, алаңсыз білім алуына барлық қажетті жағдайды жасаған.
Имамдарымызға сәт сапар тілейміз!
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі.