Биылғы ораза оңтайлы да болды: аптабымен шөліркеткен жоқ,екінші жағынан, ауырлау да тиді:тарауық пен сәресінің арасы екі сағатқа да толмады.Соған қарамастан, ораза ұстаған қызылжарлық мүміндер харам және тыйым салынған істерден іргесін аулақ салды: аш жүрумен бірге бәрі де жаман жерді баспауға, харамды көрмеуге, ғайбатты естімеуге, лас нәрсені қолмен ұстамауға тырысты.
Сондықтан да айт күні баршасының жүздеріне қан жүгіргені анық аңғарылды.Осындай қуанышқа бөленген олар айт намазына көптеп жиналды.Қашаннан қалыптасқан дәстүр бойынша оған қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Қызылжар» мешітін лық толтырған жамағатты Ораза айтымен құттықтап, игі тілегін жеткізді.Одан соң ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы жылы лебізін білдірді.Артынша жамағат қоғадай жапырылып айт намазына жығылды.Намаздан кейін бәрі де мешіт асханасында таңғы астан дәм татты.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспаөз қызметі