«Қызылжар» мешітінде ораза бойы толастамаған ауызашарлардың ішінде шілденің 1-де берілгені, әрине, ерекше еді: ол әрі жұмаға, әрі Қадір түніне тұспа-тұс келді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов отбасының атынан берген ауызашарда мешіттің екі асханасында ғана емес, бірінші қабаттағы барлық бөлмелерде дастарқан жайылды. Келушілердің көптігі соншама – әсіресе, әйелдер жағындағы баспалдақтар да бос болмады.
Ауызашардағы ҚМДБ-нің облысымыздағы өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының уағыз-насихатын Жақсылық Ысқақов, Жұмаш Сейітбеков, Мүтәллап Қанғожин, Зейнолла Олжабаев сияқты ардагерлер және басқалары жылы лебіздерімен толықтыра түсті. Өңір басшысы келушілерге алғыс білдірді.
Бұл түнгі тарауық та есімізде қалды: түркиялық екі қари мен жергілікті екі қари ораза бойы оқыған Құран аяқталды. Құран-хатым түсірген түрік қариларына Алғыс хат тапсырылып, сый-сияпат көрсетілді.
Қадір түні де тартымды өтті. Онда дәстүрлі уағызға қоса діни тақырыпқа викторина ұйымдастырылды. Сөйткенше болмай сәресінің уақыты таяп қалды. Сондықтан мешіттің асты-үстін лық толтырғандардың бәріне дерлік сәресі берілді.
Ал Қадір түніндегі құлшылық таң атқанша жалғасты: бірі – намаз оқыса, екіншісі Құраннан бас алмады, үшіншісі тілек тілеумен болды.
Осылай бәрі де Қадір түнінде кірпік ілген жоқ…
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі