Періштелер Алла Тағаланың нұрдан жаратқан жаратылысы. Олар түрлі формада болады әрі түрлі формаларға ене алады. Мысалы, Жебірейіл періште Пайғамбарға (с.а.с.) адамның бейнесінде де келген.
Періштелерде жыныстық тек жоқ. Оларды ер не ұрғашы деп сипаттауға болмайды. Кімде-кім оларды еркек деп сипаттаса, пасық болып есептеледі. Ал кім ұрғашы десе кәпір болады. Алла Тағала былай деген:
﴿وَجَعَلُوا الْمَلَائِكَةَ الَّذِينَ هُمْ عِبَادُ الرَّحْمَنِ إِنَاثاً أَشَهِدُوا خَلْقَهُمْ سَتُكْتَبُ شَهَادَتُهُمْ وَيُسْأَلُونَ﴾
«Олар (кәпірлер) Рахманның құлдары болып табылатын періштелерді ұрғашы қылды. Олардың жаратылыстарына куәгер болып па? Олардың куәгерліктері жазылады да, ол туралы сұралады» (Зухруф, 19).
Періштелердің негізгі тұрағы – аспан. Сонымен бірге жердің бетінде жасайтын періштелер де бар.
Періштелердің бар екендігіне Құран мен хадистен дәлелдер жеткілікті әрі мұсылман ғалымдары да бұл туралы бірауызды пікірде. Періштелердің барлығын теріске шығарған адам кәпір болады. Демек, жалпы періштелердің бар екендігіне сену иманның бір шарты һәм жалпы парыз. Ал Жебірейіл, Микаил, аршыны көтеріп тұратын, жан-жағында ұшып жүретін періштелер, пенденің амалын жазушы періштелер, сақтаушы періштелер, Мүңкәр мен Нәкір сияқты белгілі періштелердің барлығына сену жалқы парыз.
﴿الْحَمْدُ لِلَّهِ فَاطِرِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ جَاعِلِ الْمَلَائِكَةِ رُسُلاً أُولِي أَجْنِحَةٍ مَّثْنَى وَثُلَاثَ وَرُبَاعَ يَزِيدُ فِي الْخَلْقِ مَا يَشَاءُ إِنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ﴾
«Көктер мен жерді Жаратушы, періштелерден қос қанатты, үш, төрт қанатты елшілерді Жасаушы Аллаға мадақ. Ол Өзінің жаратылысын қалағанынша көбейтеді. Расында Алла әрбір нәрсеге құдіретті» (Фатыр, 1).
﴿وَمَا يَعْلَمُ جُنُودَ رَبِّكَ إِلَّا هُوَ﴾
«Раббыңның әскерін Өзінен басқа ешкім де білмейді» (Мүддәссір, 31).
Кейбір ғалымдардың түсіндірулерінше, бұл істер төмендегідей:
1. Тағдыр тақтасында жазылған тағдырларды, пенделердің амалдарын орайластырып, ризықтар мен өсімдіктер, жауын-шашындар істері Микаил періштеге жүктеледі.
- Соғыстар мен жер сілкіністері, найзағайлар, жер қопарылыстары Жебірейіл періштеге жүктеледі.
- Пенделердің іс-амалдары бақылау Исрафил періштеге жүктеледі.
- Тауқыметтер мен ажалдар Әзірейіл періштеге жүктеледі.
Періштелердің күнәдан пәктігі
Періштелер күнәдан пәк. Олардан қандай да бір күнәлі істің шығуы мүмкін емес. Оған мына аяттар дәлел бола алады.
﴿وَلِلّهِ يَسْجُدُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ مِن دَآبَّةٍ وَالْمَلآئِكَةُ وَهُمْ لاَ يَسْتَكْبِرُونَ * يَخَافُونَ رَبَّهُم مِّن فَوْقِهِمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ﴾
«Көктер мен жердегі барлық жандылар және періштелер Аллаға сәжде жасайды, олар тәкаппарлық қылмайды. Олар Раббыларынан қорқып, Оның айтқанын мүлтіксіз орындайды» (Нахыл, 49,50).
﴿ لَا يَعْصُونَ اللَّهَ مَا أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ﴾
«Олар (періштелер) Алланың бұйырғанына қарсы шықпай, бұйырылғанды мүлтіксіз орындайды» (Тахрим, 6).
Халық арасында тараған періште туралы кейбір күпірлік сөздер. Соның бірі «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз. Бұл барып тұрған антұрған сөз. Періштелер Алла Тағаланың үнемі құлшылықта болатын, әмірін екі қылмайтын пәк құлдары. Олар пәнилік қызықтарға бой алдырмайды. Өйткені оларда нәпсі сезімдері, ішу-жеу сияқты қасиеттер жоқ. Олардың нақтылы сипаттары Құран Кәрімде айтылған. Әрбір мұсылман періштелер туралы танымын сол аят-хадистердің негізінде тұғырлауы тиіс.
Періште артық па, адам артық па?
Барлық мұсылмандардың ортақ пікірі бойынша ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) көктегі һәм жердегі күллі мақлұқаттардан: періштелерден, адамзаттан, жындардан дүниеде де, ақыретте де артық. Оған Пайғамбардың (с.а.с.) мына хадисі дәлел болады.
قال النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» أَنَا أَكْرَمُ الأَوَّلِينَ وَالآخِرِينَ عَلَى اللهِ، وَلاَ فَخْرَ«.
«Мен Алланың дәргейінде алдыңғылардың да, соңғылардың да ең ардақтысымын, мақтаныш емес».
Тіпті, уахи жеткізуші Жебірейіл періштенің (а.с.) өзі Пайғамбардан (с.а.с.) артық бола алмайды. Өйткені Құранды түсіруші һәм үйретуші, ол – Алла Тағала.
﴿الرَّحْمَنُ* عَلَّمَ الْقُرْآنَ﴾
«Аса рахымды, Құранды үйреткен» (Рахман, 1, 2).
Матуриди мазһабы бойынша пайғамбарлар періштелердің Жебірейіл, Микаил сияқты басшыларынан артық. Адамдардың ішіндегі әулиелер, нағыз мүміндер періштелердің жалпы мүміндерінен артық.
Әһлус-суннә жамағаты осы пікірлеріне мынадай дәлелдер келтіреді.
1. Алла Тағаланың періштелерге Адамға сәжде етуге бұйыруы Адамның олардан артық екендігін білдіреді.
﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ﴾
«Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», – дегенімізде бәрі сәжде жасады..» (Бақара, 34).
2. Алла Тағала есімдерді Адамға үйретті, періштелерге үйретпеді.
﴿وَعَلَّمَ آدَمَ الأَسْمَاء كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلاَئِكَةِ فَقَالَ أَنبِئُونِي بِأَسْمَاء هَـؤُلاء إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ * قَالُواْ سُبْحَانَكَ لاَ عِلْمَ لَنَا إِلاَّ مَا عَلَّمْتَنَا إِنَّكَ أَنتَ الْعَلِيمُ الْحَكِيمُ * قَالَ يَا آدَمُ أَنبِئْهُم بِأَسْمَآئِهِمْ فَلَمَّا أَنبَأَهُمْ بِأَسْمَآئِهِمْ قَالَ أَلَمْ أَقُل لَّكُمْ إِنِّي أَعْلَمُ غَيْبَ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَأَعْلَمُ مَا تُبْدُونَ وَمَا كُنتُمْ تَكْتُمُونَ﴾
«Ол (Алла Тағала) Адамға барлық есімдерді үйретті, сосын оларды періштелерге көрсетіп: «Егер шын айтқан болсаңдар, маған мыналардың аттарын айтып беріңдер», – деді. Сонда олар: «Сен Пәксің! Біз Сенің үйреткеніңді ғана білеміз. Расында Сен бәрін білушісің һәм аса данасың», – десті. Ол: «Уа, Адам! Оларға аналардың аттарын айтып бер», – деді. Ол оларға айтып берген соң (Алла Тағала): «Мен сендерге көктер мен жердің ғайып нәрселерін, сендердің жария істеріңді де, жасырын істеріңді де білемін демеп пе едім?» – деді» (Бақара, 31-33).
﴿هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ﴾
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зүмәр, 9).
Әрине, білетіндер мен білмейтіндер тең бола алмайды.
3. Алла Тағаланың әміріне мойынсұну, құлшылық ету адамзат үшін қиын, машақатты. Ол нәпсімен күресуді, шайтанды, дүнияуи істерін жеңуді талап етеді. Мұндай машақаттар, қиындықтар істелінген іс-амалдың сауабының артуына себеп болады. Алланың елшісі (с.а.с.): «Амалдардың ең абзалы – ең қиыны», – деген.
﴿إِنَّ اللّهَ اصْطَفَى آدَمَ وَنُوحاً وَآلَ إِبْرَاهِيمَ وَآلَ عِمْرَانَ عَلَى الْعَالَمِينَ﴾
«Шынында Алла Адамды, Нұхты, Ибраһим әулетін, Имран әулетін әлемдердің үстінен даңқты етіп, таңдады» (Әли Имран, 33).
Алла Тағала бәрімізді екі дүниенің сынақтарынан аман-сау етсін! Өзінің сүйікті құлдарынан етсін! Жасаған амалдарымызды, ғибадаттарымызды қабыл алсын! Елімізге тыныштық, Ислам дініне күш-қуат берсін! Намаз оқитын, нағыз ізгі мұсылмандардың санын арттыра берсін!
Раббәнәә әәтинәә фид-дуниәә хасанатау-уа фил-аахирати хасанатау-уақинәә ъазәәбән-наар, раббанағфирләнәә уа лиуаалидиинәә йәумә йақуумул-хисәәб, бирахматикә йәә архамар-раахимиин.
Саллаллааһу тәъәәлә ъәләә нәбиийнәә уа сәийидинәә мухаммадиу-уа ъәләә әәлиһи, уа асхаабиһил-ахиаари әджмәъиин! Әмиин!
Cәбит Ибадуллаев