Жылына 300 мыңға жуық жасанды түсiк жасалады

 

“Қызға қырық үйден тыйым” деген халқымыздың қыз бала тәрбиесiндегi ұстанымы көп жайтты аңғартады. Бұл – бетiн бүркемеген қазақ қызының елiктей еркiндiгiмен қатар ар-абыройына дақ түсiрмей пәк болуын қадағалайтын қатал да адал тәрбие.
“Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пiшер”. Ұл – әкесiне, қыз – анасына қарап өседi. Сондықтан ата-ана әдептiлiкте, имандылықта, өзгелермен қарым-қатынаста перзентке үлгi болуы қажет. Ата-ана перзент бойынан жақсы қасиеттердiң табылуына жауапты.
“Ана мен перзент қалып пен қыш сияқты…”, “Сүтпен кiрген жанмен шығады” деген сөз де бар халқымызда. Адам бойындағы жақсы қасиеттер ана сүтiмен дариды. Өкiнiштiсi, қазiргi таңда жас келiндер сәбиiн дәрiгерлердiң айтқанын жасап, 2 жыл емiзуге ерiнедi. Тiптi соңғы кезде шаранасын қолына алып, темекiнiң көк түтiнiн будақтатып тұратындар шықты. Кәмелет жасқа толмаған қыздардың арасында жасанды түсiк жасататындар пайда болды, тiптi көбейiп кеттi. Мамандар жасанды түсiк әйел денсаулығына зиян екенiн зар илеп айтса да, оған құлақ асар жан жоқ.
Бейресми деректерге қарағанда, жыл сайын Қазақстанда 300 мыңға жуық жасанды түсiк жасалады екен. Бұл не деген сұмдық?!
Мамандардың пiкiрiнше, жасанды түсiк жасатушылардың жасы 14-тен басталады. Қазақстанда жыл сайын 14-18 жас аралығында 10 мыңға жуық қыз түсiк жасататын көрiнедi. Осының нәтижесiнде түрлi гинекологиялық және қатерлi iсiк, сондай-ақ бедеулiк аурулары асқынуда.
Ресми деректерге сүйенсек, елiмiздегi жасөспiрiм қыздардың 10 мыңнан астамы – екiншi рет түсiк жасатқандар. Бiр ғана Алматының өзiнде жылына 20-22 мың жасанды түсiк жасату фактiсi тiркелген. Бұл – ана құрсағындағы әрбiр үшiншi нәресте дүние есiгiн ашпай, өмiр сүру құқығынан айырылды деген сөз. Менiңше, Қазақстанда жастар арасында жасанды түсiк жасатудың көбеюi, ең алдымен, олардың өз тағдырына немқұрайлы қарауынан болса, екiншiден, жауапкершiлiктiң төмендеуiнен. Ал бұл немқұрайлық пен жауапкершiлiктiң төмендеуiнiң, тiзе берсек қоғамдық себептерi көп-ақ.

Iңкәр СЕЙIТҚАЗИНА,
студент.

zhasalash.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲