عن أبي عبد الرحمن عبدالله بن عمر بن الخطاب رضي الله عنهما قال: سمعت رسول الله صلى الله عليه وسلم يقول (( بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا عبده ورسوله وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَ حَجُّ الْبيت وَصَوْمِ رَمَضَانَ
Әби Абдурахман Абдолла ибн Омардан риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.у) естідім «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің (с.а.с.) Аллаһ жіберген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, (шамасы келсе) қажылыққа бару»делінген. [1]
Хадисті жеткізуші сахаба
Абдуллаһ ибн Омар (р.а) пайғамбарлықтың үшінші жылы Меккеде дүниеге келді. Толық есімі Абу Абдиррахман Абдуллаһ ибн Омар ибн ал-Хаттаб ал-Қураши ал-Ғадауи. Әкесі хазірет Омар ибн ал-Хаттаб, ал шешесі Зайнаб бинти Мазғун ал-Жумайһи болатын. Хазірет пайғамбарымыздың ﷺ жары момындардың анасы хазірет Хафса (р.а) Абдуллаһ ибн Омардың (р.а) туған әпкесі.Абдуллаһ ибн Омар (р.а) жас, алғыр және хазірет пайғамбарымыздың ﷺ туысы болуы себепті тафсир, хадис, фиқһ және басқа да ғылымдарды жетік меңгерді. Абдуллаһ ибн Омар (р.а) көп пәтуа берген жеті сахабаның бірі еді. Әсіресе жасы ұлғайған сахабалар өмірден озып кеткенде көпшілік мұсылмандар Абдуллаһ ибн Омар (р.а) мен Абдуллаһ ибн Аббасқа (р.а) барып олардан пәтуа сұрайтын. Осылайша Абдуллаһ ибн Омар (р.а) өмірінің 60 жылын халыққа пәтуа берумен өткізген. Әрі ең көп хадис жеткізген (муксирун) жеті сахабаның екіншісі болып, хазірет пайғамбарымыздан ﷺ қайталанғандарымен бірге қосқанда 2630 хадис риуаят еткен. Бұған қоса Ислам тарихында Ғабадила (Абдуллаһтар) есімімен танымал сахабалардың бірі болған. Олар – Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Зубайр және Абдуллаһ ибн Ғамр ибн Ас болып бұл төртеуінің бір мәселеде ортақ пікір ұстануы шариғатта өте құнды дәлел болып бағаланады. | |
Хадистің тілдік мағынасы
Арабша | Аудармасы | Арабша | Аудармасы | Арабша | Аудармасы |
بُنِيَ الْإِسْلَامُ | Ислам құралады | عَلَى خَمْسٍ | Бес нәрсеге | شَهَادَةِ | куәлік |
أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ | Алладан басқа тәңір жоқ екеніне | وَأَنَّ مُحَمَّدًا | Мухаммедтің | عبده | Алланың құлы |
ورسوله | Және елшісі екеніне | وَإِقَامِ الصَّلَاةِ | Және намаз оқу | وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ | Зекет беру |
وَ حَجُّ الْبيت | Қажылыққа бару | وَصَوْمِ رَمَضَانَ | Ораза ұстау |
Исламның бірінші негізі шаһадат.[2]
Исламның екінші негізі – намаз.
Намаздың сыртқы және ішкі парыздары:
Намаздың парыздары – он екі. Бұлардың алтауы – сыртында, алтауы – ішінде. Әуелі сыртында болғандарға тоқталайық.
- Хадасаттан тазалық.
- Нәжісаттан тазалық.
- Әурет жерін жабу.
- Құбылаға бет бұру.
- Уақыт.
- Ниет.
Бұлар намаздың шарттары деп аталады. Қалған алтауы намаз ішіндегі парыздар:
- Ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі
- Қиям (Тұру)
- Қырағат (оқу)
- Рүкүғ
- Сәжде
- Ақырғы отырыс
Сыртқы парыздары
- Хадасаттан тазалық (Рухани тазалық)
Ғұсылы болмау, дәреті болмау, хайыз немесе нифас жағдайы – «хадас халі» деп аталады. Дәретсіздік – кіші хадас. Жүніп, хайыз, нифас – үлкен хадас. Кіші хадас немесе үлкен хадастан тазалану – жуыну, дәрет алу немесе тәйәммүм алу арқылы іске асады. Құранда Алла былай дейді: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар, және екі тобыққа дейін аяқтарыңды жуыңдар. Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар. Науқастанып қалсаңдар яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе яки әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғыңдар, онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Аллаһ сендерге салмақ түсіруді қаламайды. Бірақ сендерді тазартуды, сондай-ақ, шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығмет, ырыс-берекесін толықтыруды қалайды»[3]
- Нәжістерден тазалану (Заттық тазалық)
Намаздан бұрын дене мен киімді немесе намаз оқылатын жерде болған ластықтың тазалануы қажет. Бұл намаздың іске асуы үшін шарт. Алла тағала Құран кәрімде: «Киіміңді тазала»[4].
- Әуретін жабу
Әурет – шариғат терминінде қарауы харам, жабылуы парыз ұятты мүшелер. Бұл мүшелердің намазда немесе намаздан тыс жерлерде жабылуы – парыз. Ерлердің әурет жерлері: кіндігінен тізелерінің астына дейінгі жерлері.
- Құбылаға бет бұру
Намазды құбылаға қарап оқу шарт. Мұсылмандардың құбыласы – Меккедегі Қағба
Құбыла жақтан 45 шамадан (градус) артық оңға немесе солға бұрылу – құбыланың шартын бұзады.
- Уақыт
Намаз – күннің арнайы белгілі уақыттарында іске асатын парыз. Парыз намаздарға уақыт шарт. Парыз сүннеттері, тарауих және айт намаздары үшін де уақыт шарт.
- Ниет
Ниет ету – намаздың шарттарының бірі. Ниет – намазға кіруді қалау. Адам қандай намазға кіргісі келсе, сол намазды жүрекпен білуі шарт. Адам намазға кірерде қай намаз екеніне күмәнданса, намазы дұрыс болмайды. Қайта ниет ету қажет.
Ішкі парыздары
- Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі
Ифтитах – бастау, жабық нәрсені ашу, ену деген мағынаға саяды. Әрі «тахрим тәкбірі» деп те аталады. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Түрегеп тұра алмаған кісі отырып тәкбір айта алады. Имамның жамағат естуі үшін тәкбірді жариялап айтуы – мұстахап.
- Қиям (түрегеп тұру)
Қиям –тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр рәкатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру.
Бірақ аяқта тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқуына болады.
- Қырағат
Қырағат – оқу деген сөз. Бұл жерде «Құран оқу» мағынасын білдіреді. Намазда оқылатын аяттың ең қысқасы Әбу Ханифа бойынша үш аят немесе осы үш аяттың көлеміндей бір яки екі аят.
- Рүкүғ
Рүкүғ – иілу деген сөз. Намаздың негізгі тіректерінен болған рүкүғ қолдарды тізеге қойып, төмен қарай иілу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жасаған ең жақсы рүкүғ – арқа мен бастың түп-түзу иілуі. Бұл – нағыз рүкүғ. Егер рүкүғ қиямға жақын шықса, дұрыс емес.
- Сәжде
Сәжде сөздікте – бағыну, мойынсұну, кішіпейілдікпен иілу, жүзін жерге тигізу деген мағыналарға келеді. Сәжде– намаздың парызы. Сәждеде маңдай, жүз, екі аяқ пен екі қол, екі тізе жерге немесе жермен жалғасқан бір нәрсеге қойылады.
- Ақырғы отырыс
Намаздың соңында «тәшәһһүд» шамасындай отыру – намаздың тіректерінің бірі, яғни парыз. Тәшәһһүд шамасы деген – «әт-тахият» дұғасын оқитындай уақыт.
Исламның үшінші негізі – ораза
Оразаның шарттары:
- Мұсылман болу: Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан жаңа мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес. Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі: Құранда Аллаһ Тағала: (Мұхаммед) «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады»де. (Әнфал, 8/38)
- Балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болу: Бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатған адамға»(Бухари, Талақ, 11; Әбу Дәәуд, Худуд, 17). Яғни, сана аса маңызды. Аллаһтың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат — балаларды оразаға баулу. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылы орнына келсе, қазасы өтелмейді.
- Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу:Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» (Бақара, 2/184). Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.
Оразаның дұрыс орындалу шарттары:
- Хайыз бен нифастан таза болу:Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу – абзал.
- Ниет:Барлық оразаға жүрекпен ниет ету – жеткілікті. Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет саналады. Бірақ тілмен айту мәндүп. Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал. Рамазан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат. Бұл – фақиһтердің басым көпшілігінің пікірі.
Оразаға ниет ету екіге бөлінеді. Бірінші – түнде ниет ету. Бұларға қарыз болған оразалар жатады. Яғни, Рамазан қазасы ұстап, бірақ аяқталмай қалған нәпіл оразаның қазасы және кәффәрат оразасы мен жалпы атау (нәзір) оразасы осы топқа жатады. Міне, мұндай оразаны ұстайтын адамдар түнде немесе таң атпай тұрып ниет ету шарт. Ақшам уақы-тында шешім қабылдау мен сәреге тұру да ниетке жатады. Екінші – түнде ниеттену мен анықтау шарт емес оразалар: Бұған Рамазан оразасы, уақыты белгіленген атау оразасы және мұстахап, мәкрүһ, сонымен қатар, барлық нәпіл оразалар жатады. Мұндай оразаларға ақшамнан бастап, ертесі күні түске дейін ниет ете алады. Бірақ бесіннен бұрын мұндай оразаға ниет ететін адам екінші шапақтан бері еш нәрсе ішіп-жемеген болуы керек. Бесіннен бұрын нәпіл оразаға ниет ете алуға мына хадис дәлел: Аллаһ Елшісі бір күні Айшаға былай деді: «Бесінге тамақ бар ма?». Айша: «Жоқ», – деп жауап қайтарды. Сонда Аллаһ Елшісі: «Онда мен ораза ұстаймын», – деді.
Кісі түнде қандай да бір оразаға ниет етсе, бірақ екінші шапақ атпай тұрып, ниетінен бас тартса, бұл бас тартуы дұрыс саналады. Сол секілді оразасын бұзуға ниет етіп, аузын ашпаса, оразасы дұрыс болып саналады.
Ниет еткенде екі ойлы немесе шарт қою арқылы ниет етпеу керек. Мысалы: «Ертең пәленше қонаққа шақыра қалса, аузымды ашуға, егерде шақырмаса, ораза ұстауға ниет еттім» дегендей ниет жарамсыз. Рамазан түні немесе күндіз есінен танып қалып, түс уақытынан бұрын айығып ниет етсе, оразасы жарамды. Бір адам Рамазан айында уәжіп немесе нәпіл оразаға ниет етсе, ол Рамазан оразасына ниет еткен болып саналады. Бұл мәселеде мейлі тұрғын, мейлі жолаушы, тіпті науқас адам болсын ешқандай айырмашылық жоқ. Сол секілді бір оразамен әрі кәффарат, әрі нәпіл оразаға ниет етсе, оразасы кәффарат ниеті үшін жарамды. Бірақ бір оразамен әрі қазаға, әрі ант кәффаратына ниет етсе, екеуі де жарамсыз. Мұндай ораза нәпіл оразаға айналады. Бip әйел хайыз кезінде түнде оразаға ниеттенсе, екінші шапақтың атуынан бұрын хайыз мерзімі аяқталса, оразасы жарамды. Қапастағы жандар Рамазан айының келгенін біле алмай күмәнданса, өздерінің иштиһаттар-болжамдары бойынша, шешім қабылдап, бір ай ораза ұстайды. Бұл – құбыла мен намаз уақытының анықталуына ұқсайды. Кейіннен рамазан күнінен кем ұстаған болса, ұстамай қалған күндерінің қазасын өтейді. Егер Рамазаннан бұрын ұстаған болса, бұл тек нәпіл оразаға жатады.
Исламның төртінші парызы – зекет.
Зекеттің белгілі бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттардың орындалуы тиіс.
- Мұсылман болуы
Басқа ғибадаттар сияқты зекет ғибадатында да беруші адамның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат мұсылман болуы шарт. Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға және балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге зекет беру парыз емес.
Ханафи мәзһабынан тыс басқа мәзһабтарда балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге де зекет беру парыз. Олардың малдарының зекетін уалийлері береді.[5]
- Нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу
Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.
Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі
- Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм
- Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм
- Түйеде: бес
- Сиырда: отыз
- Қой мен ешкіде: қырық
- Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса.
- 7. Ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса
- 8. Бау-бақша және егіс өнімдері
Күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттерге нелер жатады?
- 1. Тұратын үйі, үй жиһаздары мен аспаптары;
- 2. Ғылым адамдарының кітаптары мен өнер адамдарының аспаптары;
- 3. Өзі және әйелі, балаларына жететен бір айлық (басқа бір риуаятта бір жылдық) азық-түліктері;
- 4. Өзі және отбасының киетін киімдері;
- 5. Дәрі-дәрмектер. Дінімізде денсаулықты сақтау парыз саналғандықтан отбасыға күтімге міндетті адамдарға қажетті дәрі-дәрмек, емхана қаржылары негізгі қажеттіліктерге саналып, олардан зекет алынбайды
- 6. Егістікпен шаруашылықпен айналысатын адамдардың трактор, комбайн сияқты құралдары мен аспаптарынан зекет алынбайды. Бірақ бұл құралдармен басқаларға жұмыс істеп, ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет алынады.
- Зекеті берілетін байлықтың өсімділігі
Зекеті берілетін байлықтың өсімді болуы оларды күнделікті өмірде қажетімізге қолдану мақсатымен емес, иесіне кіріс кіргізу мақсатымен қолға ұсталуы. Мысалға, сауда заттарының сауда жасау арқылы, мал-жануарлардың төлдеу арқылы, егіс, бау-бақшаның жеміс беру арқылы иесіне кіріс кіргізуі сияқты. Алтын, күміс, ақша, әшекей бұйымдармен сауда жасап, кіріс кіргізуі мақсат етілмесе де, олардан зекет беру парыз. Яғни, олардың өсімді болуы шарт емес.
- Зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы
Зекеті берілетін байлыққа ай санауымен бір жыл толуы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Бір жыл толмай байлыққа зекет берілмейді»[6] – дейді.Бір жыл – зекеті бірілетін дүние, малдардың көбейіп, өсетін уақыты.
Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, зекеті берілетін байлық екіге бөлінеді.
а) Алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары.
ә) Барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба байлықтар.
Бірінші бөлімдегі зекет берілетін заттар мен дүние-мүлік, малдардың зекеті берілу үшін толық бір жыл толуы шарт. Өйткені, малдардың төлдеп, сауда заттарының кіріс кіргізетін уақыты кем дегенде бір жыл. Ал екінші бөлімдегі зекеті берілетін дүниелердің зекеті берілуі үшін бір жыл толуы шарт емес. Өйткені, егіс пен бау-бақшадан бірнеше айда өнім алуға болады. Сол сияқты қазба байлықты бір жылда бірнеше рет алуға болатындықтан, бұларға нисап мөлшері мен бір жыл толу шарты қосылмайды. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің бұл мәселедегі көзқарасына сүйенсек, шамамен бір тоннаға жетпейтін және қолда бір жыл сақтауға шыдамайтын егіс өнімдері мен жеміс-жидектерден зекет алынбайды.
Зекет парыз болу үшін ханафи мәзһабында нисап көлемі жылдың басында әрі жылдың аяғында толық болуы шарт. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болса, бір жыл толғаннан кейін 50 грамға азайса, бұл адамға зекет беру парыз емес. Бірақ жылдың ортасында азайып, жылдың аяғында нисап көлеміне қайта жетсе, зекет беріледі. Мысалға, алты айдан кейін 50 грамға азайса, бірақ жылдың аяғында 120 грамға шықса, жылдың басындағы 100 грамның немесе жылдың ортасындағы 50 грамның зекеті берілмей, жылдың аяғындағы 120 грамның зекеті беріледі.
Зекеті берілетін байлық, мал-дәулет бір жыл толғаннан кейін көбейіп өссе, көбейген бөлімінің зекеті дәл сол жылы берілмейді. Көбейген бөлімінің зекеті келесі жылы дәл сол уақытта беріледі. Мысалға, бір адамның қолында өткен жылғы Рамазан айының он бесінде 100 мың теңге болса, бұл көлем биылғы жылы Рамазан айының он бесіне дейін 140 мың теңгеге көбейіп, Рамазан айының жиырмасында 160 мыңға жетсе, 140 мың теңгенің ғана зекеті сол жылы беріледі.
Зекеттің парыз болуы үшін малға бір жыл толуы керек дедік, бірақ пақыр кедей-кепшіктердің жағдайын ойлап, бір жыл толмай да зекет бере беруге болады. Бірақ бір жылда екі рет зекет берілмейді.
- Қарыз болмауы
Адамдарға болған қарыздың барлық түрі – зекеттің парыздығына бөгет жасайды. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болды делік. Бірақ бұл адамның басқа біреуге 20 грамм көлемінде қарызы болса, бұл адамға зекет парыз емес. Өйткені, қарыздан тыс қалған малдың мөлшері нисап көлеміне (85гм шамасындағы алтынның құны) жетпейді.
Алдыңғы бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекет есесі қарызға жата ма?
Бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекет есесі қарыз болып саналады және міндетті түрде өтелуі тиіс. Өтелгеннен кейін қалған ақшаның құны нисап мөлшеріне жетіп жатса ғана сол жыл үшін зекет беріледі.[7]
- Зекеті берілетін байлыққа толық ие болу
Зекеті берілетін байлыққа зекет беруші адам толық ие болуы керек. Яғни, иесінің иелігінде және қолында тұрып, қалаған уақытта қолдана алатындай мүмкіндікте болуы керек. Мысалға, басқа біреуге кепілдікке берілген затқа зекет берілмейді. Өйткені, кепілдікке берілген зат, иесінің иелігінде десек те қалаған уақытында қолдана алмайды.
Бесінші шарт – Қажылық
Қажылық ғибадатының парыздығының шарттары
Белгілі бір адаға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы тиіс.
1.Мұсылман болу. Мұсылман еместергеиқажылық парыз емес. Сондықтан мұсылман емес адам қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін Ислам дініе кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы тиіс.
2.Ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына жету.
Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындалуы парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық.
3.Азат болу. Қажылық ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарды талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, тұтқындарға ондай мүмкіншілік жоқ.
4.Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытына өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.
5.Қажылық ғибадатын орындауға шамасының жетуі.
а) Денсаулығы болуы
Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.
ә) Қажетті қаражат болуы
Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қаражатын қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз.
б) Баратын жолдың сенімді болуы
Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.
Әйелдерге байланысты арнайы шарттар
- Қажылыққа баратын әйелмен бірге күйеуі немесе махрам[6] туыстарынан біреуі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шәрифінде бұйырған: «Әйел адам өзімен бірге махрамы болмаса, үш күннен артық сапар шеге алмайды».[7] Бұл Ханафи мәзһабында. Шафиғи мәзһабында әйел адамның жанында сенімді бірнеше тақуа әйелдер болса, махрамсыз қажылық жасай алады.
- Ғиддетті болмауы [8]
Қажылыққа баратын әйел күйеуінен талақ немесе күйеуінің қайтыс болуына байланысты шариғаттың белгілеген ғиддет мерзімінде болмауы керек. Өйткені, Аллаһ Тағала мына аятта ғиддет мерзіміндегі әйелдердің үйден шығуларына тыйым салған: «Талақ қылған әйелдеріңді үйден шығармаңдар, олар да шықпасын».[9]Қажылықты басқа уақытта өтеуге болады. Ал ғиддет белгілі уақытқа арналған.
Сал ауруына душар болған, денсаулығы нашар қарт, мүгедек адам, жол көрсететін көмекшісі жоқ соқыр адамдар, жанында бірге баратын махрамы жоқ әйелдер, шетелге шығудан мемлекет тарапынан тыйылған, баратын жолында қатерге ұшырауы мүмкін адамдар қажылыққа өздерінің орнына басқа біреуді көздерінің тірісінде жіберуіне немесе өзі дүниеден қайтқаннан кейін өкіл ретінде барып-келулерін талап етулеріне болады.
Қажылықтың түрлері
1. ИФРАД ҚАЖЫЛЫҚ. Миқатта ихрамға кірер кезде тек қана қажылық ғибадатының атқарылуы ниет етілсе, бұл қажылық түрі «ифрад» қажылық делінеді. Ифрад қажылығында умрасыз тек қана қажылық ғибадаты жасалады. Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тас) тас лақтырып болғаннан кейін қаласа құрбан шалады. Өйткені ифрад қажысын орындағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Сосын шашын алғызып немесе қысқартқызып ихрамнан шығады.
2. ТӘМАТТУҒ ҚАЖЫЛЫҚ. Қажылық аттарында умра үшін ихрамға кіріп, умраны бітірген соң, сол жылғы Зилхижжа айының сегізінші күні немесе одан да бұрын қажылық үшін қайтадан ихрамға кіру арқылы жасалатын қажылық түрін – «тәматтуғ қажылық» дейді. Тәматтуғ қажылығында умра және қажылық үшін бөлек-бөлек ихрамға кірелі. Бұл қажылықтың тәматтуғ қажылығы болып саналуы үшін умра мен қажылықтың қажылық аттарында сол жылда жасалуы шарт. Тәматтуғ қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағандықтан шүкір құрбанын шалу – уәжіп. Қазақстандық көбінесе «тәматтуғ қажылығын» орындайды.
3. ҚИРАН ҚАЖЫЛЫҚ. Миқатта қажылық пен умраны бірге ниет етіп, бір ихраммен істелетін қажылық – «қираң қажылық» делінеді. Умрасын тәмамдағаннан кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарында сол ихраммен аяқтайды. Қиран қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағаны үшін шүкір құрбанын шалу – уәжіп. Тәлбия – ихрамға кірер алдында айтылуы уәжіп болған және ихрамды болған уақытта кайталанып айтылатын сүннет дұға: «Ләббайк Аллаһумма ләббайк, ләббайка ләә шәрика ләкэ лэббайк, инналхамда уанни’мәтә ләкә уалмулка ләэ шәрика ләк» (Бухари, Хаж, 26; Муслим, Хаж, 147; Тирмизи, Хаж, 97). Қазақша мағынасы: «Аллаһым, мен сенің әміріңді орындауға келдім, сенің әміріңе бой ұсындым (2 рет). Сенің серігің жоқ, сенің әміріңді орындау – менің борышым. Күмәнсіз барлық мадақ саған тән және жалпы иелік пен нығмет сенікі. Сенің еш серігің жоқ».
Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ
«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы
[1] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[2] Бұл тармақ 2-хадисте талқыланған.
[3] Мәида сүресі, 6-аят
[4] Муддәсир сүресі 4-аят
[5] Оған қарауға міндетті жақын туған туысқандары
[6] Әбу Дәәуд, Зекет, 5.
[7] Фатауий һиндия