Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар, ардақты ағайын!
Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған айы – мәуліт мерекесін мешіт-медреселерімізде, рухани басқосуларда атап өтуде.
Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам – мәуліт мерекесі деп аталады. Қазіргі таңда мәуліт көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Бұл – дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың, пайғамбардың теңдессіз тұлғасын паш етудің орайлы бір сәті.
Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).
Бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген елшінің есімін ардақтау, сүннетіне амал ету һәм оған салауат айту – сауапты іс. «Салауат» сөзі – истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз үмбетіне: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдаса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді», – деп өсиет қалдырған.
Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамда пайғамбар өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Бұл мерекеде Алла Тағаладан адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың, қайырымдылықтың арта түсуін тілейміз. Мәуліт мерекесінде айтылған салауатымыз бен құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай!
Мәуліт мүбарак болсын, мұсылман бауырлар!
Жаратушы Иеміз елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттырып, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай! Әмин!