Бүгінгі қоғамда адамдардың сана-сезімдерін улап, ақыл-парасаттан қасақана айыратын діни ағымдар көп. Олар, әдетте, жасырын әрекет етеді. Біздің елімізде де осындай діни ұйымдар бар.
“Такфир” деген сөз араб тілінен аударғанда біреуді кәпірге шығару дегенді білдіреді. Олар өздерінен басқа мұсылмандарды кәпір санайды. Зайырлы өмірді қабыл етпеуді, тек қана дін жолына қызмет етуді мақсат тұтады. Дін жолына (жиһад, соғыс) алып бару керек деп есептейді екен.
“Жиһад” – араб тіліндегі “жуһд” түбірінен шыққан “белгілі бір мақсатқа жету үшін жігер күшін салу, күресу” деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы: ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру (яғни, Алла дінін қорғау). Немесе Алла дінінің туын жоғары көтеру және дінді, жанды, Отанды, мал-мүлікті, т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу.
Қазіргі таңда өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа теріс пиғылды радикалды ағымдар исламдағы жиһад сөзін пайдаланып, қол астындағыларын сол жерге соғысқа аттандыруда. Негізі бір елдің ішкі шаруасына араласуға ешкімнің құқы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтилері бар. Мұсылмандар қақтығысқа от салмай, татуластыруы тиіс. Ол жайлы Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) көптеген хадистері бар. Соның бірі: “Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік”, – деген (Муслим риуаяты). Және де: “Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де – тозақ отында”, – деген. Сонда жанындағылары: “О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?” – дегенде, ол (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): “Ол оны да өлтіргісі келген еді”, – деді (Бұхари, Муслим риуаяты).
Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен, оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағына емес. Тек төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Оның өзі бүкіл кәпірлерді қырып-жойыңдар немесе бейбіт халыққа бас салып, мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын аяқасты ету, жерлерін отарлап, еріктерінен айыру, т.б. осы сияқты зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғымды білдірмейді. Жиһад дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында шариғатталған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед үш мәрте былай деп қайталаған: “Шектен тыс кінәмшілдік пен қаталдық танытушылар жазым болады”.
Шектен тыс кінәмшілдік, жанкештілік жақсылыққа апармайды. Кінә таға беру мұсылмандар арасындағы өшпенділікке апарады. Бұған қазіргі таңда мысал жетерлік. “Дінде зорлық жоқ”. Ислам діні мұсылмандарға дінге шақыру және оны тарату жолын белгілеп берген. Бұл жол исламға даналықпен және жұмсақтықпен шақыруды әрі көпқұдайшылармен сөз таластыру барысында көркем түрде айтысуға шақырады: “Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың тура жол тапқандарды да жақсы біледі”.
Жоғарыда аталған ұйымның қоғамға қаупін ескерген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа шығарды. Бұл пәтуада мұсылмандар арасына жік салу үшін арнайы құрылған партия болғандықтан, үгіт-насихаттық әдебиеті (кітапшалар, парақшалар) исламдық ілімге қайшы, кертартпа болуы себепті пайдаланылмасын, барлық мешіттің имамдары еліміз тұрғындары арасында “Хизбут-Тахрир” партиясы насихатының мұсылмандар үшін жат екендігі туралы түсінік жұмыстарын үнемі үзбей жүргізсін делінген.
Бір сөзбен айтқанда, экстремистік радикалдық бағыттағы ағымдардың қай түрі де біздің қоғамға жат. Шынайы мұсылман адам ешқашан шектен шығушылыққа бармайды, мойнына жазықсыз адамдардың қанын жүктемейді. Қазақ елі сүнниттік әрі ханафиттік мәзһаб негізінде Матуруди ақидасына сай сан ғасырлардан бері салтын сақтап, дінін ұстанып келген. Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, болашаққа қадам басқан алдағы уақытта да еліміз саяси тұрақтылығын шайқалтпай, діни келісім жарастығын құрған, әлем қауымдастығының алдында беделді, бейбітсүйгіш қалпынан танбақ емес.
Әрбір адам өз елінің азаматы ретінде өз мемлекетінің, қоғамның және келешек ұрпақтың тыныш өркендеп өсуіне, болашағына жауапкер екендігін естен шығармауы қажет. Сонда ғана қазіргі таңда әлемде кең етек алып отырған бұл індетпен күресіп, теріс, арам пиғылдағы идеология мен саясатқа, лаңкестік әрекеттердің қанат жаюына жол берілмейді.