18 ҚАЗАН РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІ

18 қазан – Рухани келісім күніне орай Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское ауылында түрлі діни конфессия өкілдерінің қатысуымен келелі кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты нығайту, конфессияаралық келісімді дәріптеу және рухани құндылықтарды насихаттау.

Мерекелік бағдарлама аясында қатысушыларға ауыл бойынша экскурсия ұйымдастырылып, одан кейін арнайы жиын өтті. Басқосуға өңір және аудан имамдары, сондай-ақ түрлі діни конфессия өкілдері қатысты.

Жиында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Дәуренбек Қабибуллаұлы өңірдің бас имамы Аян Болатұлының атынан сөз сөйлеп, жиналған қауымды Рухани келісім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рухани келісімнің маңызына тоқталып, түрлі дін өкілдері арасындағы сыйластық пен өзара құрметтің маңызын атап өтті.

Шара барысында өңірдің рухани өміріне үлес қосып жүрген дін қызметкерлерінің еңбегі де ескерусіз қалмады. Атап айтқанда, Қызылжар аудандық «Кәусәр» мешітінің бас имамы және Бәйтерек ауылындағы «Ихсан» мешітінің имамы Бақыт Сыздықов облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Return to Top ▲Return to Top ▲