Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының салттық қызмет көрсетуде халықты ысыраптан сақтандырып, бейіт салу ісінде бірізділік мәдениетін қалыптастыруды насихаттау және ҚМДБ жанындағы «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының (бұдан әрі – Орталық) материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды.
Орталық басшысы Мейрамбек Қабылбекұлы Рсымов жұмыс сапарымен Петропавл қаласына барып, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Зират және зиярат мәдениеті» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға қатысты. Іс-шараға өңірдің бірқатар ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және имамдар қатысты. Семинарды Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат қажы Қажымұратұлы ашып, зират мәдениетін қалыптастыру мен салттық қызмет көрсету ісін жүйелеудің маңыздылығына тоқталды.
Мейрамбек Қабылбекұлы өз сөзінде орталықтың құрылу мақсаты мен өңірлерде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды баяндай келе, салттық қызмет көрсету бөлімшелерінің мешіт аумағында орналасуы, әсіресе қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға қолайлы болу үшін, сондай-ақ, жерлеу рәсімдерін шариғат талабы мен қолданыстағы заңнама аясында жүйелі түрде ұйымдастыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинардан кейін шараға қатысушыларды Қызылжар қалалық мешіті аумағындағы салттық қызмет көрсету бөлімшесінің жұмысымен орталықтың СҚО филиалының директоры Қасымхан Абдуллаұлы таныстырды.
Шараға қатысушылар ҚМДБ тарапынан зират және зиярат мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, бұл бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Іс-шара барысында Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат қажы Қажымұратұлы Қызылжар қалалық мешітінің аумағындағы салттық қызмет көрсету ғимараты мен салттық қызмет автокөлігін «QAMQOR-SHARAPAT» орталығы филиалына сенімгерлік басқаруға табыстады.
Жұмыс сапары аясында Мейрамбек Қабылбекұлы мен Қасымхан Абдуллаұлы, Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Қайыркешұлының қабылдауында болып, Қызылжар ауданы аумағындағы мұсылман зираттарынан орталық филиалына жер-секторларын бөлу мүмкіндігі мәселесі талқыланды. Тараптар бұл бағыттағы жұмысты қолданыстағы заң талаптарына сай зерделеп, өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Сапар соңында Мейрамбек Қабылбекұлы іс-шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, орталық филиалына салттық қызмет көрсету саласында халықты ысырапшылдықтан сақтандыру, бейіт салу ісінде бірізділік мәдениетін одан әрі насихаттауды тапсырып, орталық филиалының жұмысын оң бағалап, Қасымхан Абдуллаұлына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан берілген Алғысхатты табыстады.




















