«Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облысында қайырымдылық шарасы өтті. Қор өкілдері коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Отбасылық үлгідегі балалар ауылына» арнайы барып, 31 жетім балаға «Рамазан тәттілерін» үлестірді.
Игі шара барысында балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында дайындалған тәтті сыйлықтар табысталды. Сыйлықтарды «Зекет және қайырымдылық» қорының СҚО бойынша жетекшісі Қасымхан Абдуллаұлы өз қолымен таратып, балаларға жылы лебізін білдірді.
«Рамазан – мейірім мен қайырымдылықтың айы. Осындай күндері қамқорлықты қажет ететін балаларға көңіл бөліп, қуаныш сыйлау – баршамызға ортақ міндет», – деді қор өкілі.
Шара соңында балалар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Айта кетейік, қор тарапынан мұндай қайырымдылық акциялары алдағы уақытта да жалғасын табады.






