«Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деп Абай атамыз айтқандай, діни білім адамның өмірінде маңызды нәрселердің бірі болып табылады.
Қазақстанда ислам діні тарихи әрі рухани маңызы зор діндердің бірі болып саналады. Ел халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатындықтан, діни білімнің дұрыс әрі жүйелі түрде берілуі қоғам үшін аса маңызды. Осы мақсатта Қазақстанда исламдық діни оқу орындары жұмыс істеп, білікті әрі сауатты дін қызметкерлерін даярлауға айрықша үлес қосып келеді. Қазақстандағы исламдық діни оқу орындары негізінен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) қарамағында қызмет атқарады. Бұл оқу орындарында білім беру дәстүрлі ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебіне негізделіп жүргізіледі. Мұндай бағыт еліміздегі діни тұрақтылықты сақтауға және жат ағымдардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ең ірі жоғары исламдық оқу орны – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті. Университет 2001 жылы Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы келісім негізінде құрылған. Мұнда исламтану, теология, дінтану, шариғат және араб тілі мамандықтары бойынша білім беріледі. Оқу бағдарламалары ислам ілімін терең меңгерумен қатар, заманауи пәндерді де қамтиды. Университет түлектері еліміздің әр өңірінде имам, теолог, ұстаз және дін саласының мамандары ретінде қызмет атқарады.
Сонымен қатар, елімізде орта деңгейлі діни білім беретін бірнеше оқу орындары бар, оларды бірлесе атап айтуға болады: медресе-колледждер және институттар. Мысалы:
Астанадағы Хусамуддин әс‑Сығанақи атындағы ислам институты,
«Астана» медресе-колледжі,
Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресе-колледжі,
«Сарыағаш» медресе-колледжі,
«Шымкент» медресе-колледжі,
«Орал» медресе-колледжі,
«Ақтөбе» медресе-колледжі,
Павлодар қаласындағы ««Әбу Бәкір Сыддық» медресе колледжі,
Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресе-колледжі
Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресе колледжі.
Бұл оқу орындарында Құран, хадис, фиқһ, ақида, ислам тарихы және араб тілі пәндері оқытылады. Медресе мен институт түлектері мешіттерде имам, наиб имам, ұстаз ретінде қызмет етеді, сондай-ақ жастарды діни сауатқа үйретеді.
Исламдық діни оқу орындарының басты мақсаты – білімді, рухани тәрбиелі және жауапкершілігі жоғары дін мамандарын тәрбиелеу. Осы оқу орындарында оқыған жастар ислам дінінің негіздерін терең түсініп, қоғамға дұрыс уағыз айта білуге қабілетті болады.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы исламдық оқу орындары елдің рухани дамуы мен діни тұрақтылығына зор үлес қосады. Олар дәстүрлі исламтану білімін насихаттаумен қатар, жастарды заман талабына сай, сауатты және білікті дін маманы ретінде тәрбиелеуде маңызды орынға ие.
Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Дәуренбек Қабибуллаұлы

