﴿بِسۡمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحۡمَـٰنِ ٱلرَّحِيمِ﴾
Рахман әрі аса Рақымды Алланың атымен (бастаймын).
Тәпсірі: «Бисмиллә» сөзінің өзегінде әр ісімді, сөзімді, әрекетімді, ұйқымды, оянуымды, сапарға шығуымды, құлшылықтарымды, тамақ ішкенімді бисмилләмен бастаймын және осы істерімде Алланың қолдауын, жәрдемін, берекесін үміт етемін дегенді білдіреді. «Бисмиллә» деу арқылы барлық жалған құдайларды жоққа шығарамын, маған зиян да пайда да тигізетін тек Алла екеніне иман келтіремін дегенге саяды. Алла Тағала әрбір сүренің басталуында «бисмиллә» сөзін келтіру арқылы пайғамғамбарына (с.ғ.с) және құлдарына Құранға қатысты әбепті көрсетіп отыр.
«Аллаһ» Аллаға қатысты есімдердің ішінде ең ұлығы және Оған қатысты барлық сипаттарды қамтиды. Бисмилләһир Рахмаанир Рахиимді қысқаша діни кітаптарда «бәсмәлә» қазақша «бисмиллә» дейді. Алла сөзінен бөлек бұл жерде Алланың көркем есімдері Рахман, Рахим сипаттары бар. Екеуінің түбірі «رحم» сөзінен бастау алады. Мағынасы мейірімділік, рақымдылық. Тәпсір ғалымдары «Рахман» сипатын барлық жаратылыстарға адам, жан-жануар, құс, өсімдіктерге қатысты рақымдылық десе, «Рахим» сипатын тек мүмін құлдарға қатысты ерекше мейірімділік деп санаған. Тіл ғалымдары Рахманды ұлы Рақым иесі деп сипаттаса, Рахимді мәңгі Рақым иесі деп түсінік берген. Рахман аяттарда бастауыш орнында келсе, Рахим көбінесе баяндауыш халінде келген.
Хадистер:
- Тамақ ішерде:
عن عائشة رَضِيَ اللّهُ عَنْها قالت: قال رسُولُ اللّهِ إذَا أكَلَ أحَدُكُمْ طَعَاماً فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللّهِ، فَإنْ نسِىَ في الْاَوَّلِ فَلْيَقُلْ فِي الْاَخِرِ، بِسْمِ اللّهِ في أوَّلِهِ وَآخِرِهِ.
Айша анамыздан (р.а) жеткен хабарда былай деді: «Кімде-кім тамақ ішсе бисмиллә сөзін айтсын, ал егер басында ұмытып кетсе, соңында «басында соңында бисмиллә»[1] деп айтсын.
عن وحشى بن حرب عن أبيه عن جده وحشى بن حرب الجبشى: أنَّ أصْحَابَ رَسُولِ اللّهِ )ﷺ ( قالُوا: يَا رسُولَ اللّهِ إنَّا نَأكُلُ وَلَا نَشْبَعُ، قالَ: فَلَعَلَّكُمْ تَفْتَرِقُونَ؟ قَالُوا: نَعَمْ. قالَ: فَاجْتَمِعُوا عَلى طَعَامِكُمْ، وَاذْكُرُوا اسْمَ اللّهِ عَلَيْهِ يُبَارَكْ لَكُمْ فِيهِ.
Уаһши б. Харбтен риуаят бойынша Алла Елшісінің (с.ғ.с) сахабалары былай деді: «Ей, Алланың Елшісі! Біз жейміз, бірақ бір түрлі тоймаймыз». Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жеке жеке тамақ ішесіңдер ме?» – дегенде олар: «Иә», – деп жауап берді. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Олай болса, тамақ ішу үшін бірге жиналыңдар және Алланың есімін айтып бастаңдар. Солай етсеңдер астарың берекелі болады»[2], – деді
Жәбир (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сүндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жәйіп қою) қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын…»[3].
2-Үйге кірерде:
«Адам үйіне кірерде және тамақ ішерде «бисмиллә» деп айтса, шайтан: «Бұл жерде қонақтай да, тамақтана да алмаймыз»,- дейді. – дейді»[4] деген.
3- «Бисмилләсіз басталған әрбір іс берекесіз»[5].
4- Тамақ ішудің әдебі жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кішкентай бүлдіршін Омар бин Әбу Сәләмәға (р.а.): «Балам! Бисмиллә айт. Оң қолыңмен же. Әрдайым алдыңнан же»[6], – деп тәрбие берген.
Ғибратты әңгіме:
Нұхтың кемесі
Имам Табари өзінің «Жәмиъ әл баян» тәпсір кітабында имам Қуртуби «Жәмиъ лил әхкәәмил Қуран» кітабанда Нұх (а.с) пайғамбардың керемет қиссасы келген. Аталған қиссада Алла тағала пайғамбарына мүміндерді топан судан құтқару үшін алып кеме салуды әмір етеді. Жер жүзіне су көтеріліп, аспаннан толассыз жаңбыр жауған кезде Нұх және Аллаға иман келтірген бір топ мұсылмандар кемеге мінеді. Сол кезде Нұх пайғамбар мына сөзді айтты: «Кемеге отырыңдар. Оның жүруі де тұруы да Алланың атымен. Расында Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді»[7] деді. Яғни, Алланың қалауымен жүреді, Алланың қалауымен тоқтайды.
Қуртуби бұл аятқа байланысты: «Әрбір істі бастарда Алланың есімін зікір ету керек, бұл істің берекелі, нәтижелі болуының негізгі себебі» деген. Жүз жылдай салынған алып кеменің су бетіне аман есен көтеріліп, таудай толқындардан аман қалып, қатты соққан желге қирап қалмай, топан су аяқталғанша су бетінде тұруы «бисмиллә» сөзінің құдіреті.
Қазақи нақылдар[8]:
«Бисмиллә, бисмилләсіз іс қылма» деген қазақ халқының руханиятын жалпы жұртқа мұра етіп қалдырған ұлы тұлғалардың жыр-шумақтарынан бірер мысал бере келтірсек.
Мәселен, Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтадғу білік» дастанын:
«Алла атымен бастадым сөз әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!» десе,
Қожа Ахмет Яссауи:
«Барлық арман-тілектерді қабыл алушы,
Алла Тағаланың мейіріміне мінәжат.
Мінәжат қылды міскін Қожа Ахмет,
Иә, Алла! Бар пендеңе рахым ет!» деп, әрбір істерін Алла мінәжат етумен бастағанын көреміз.
Түркі ғалымы, әйгілі «Диуани лұғат әт-Түрік» атты іргелі еңбектің авторы Махмұд Қашқари да:
«Атымен тәңірімнің білім жидым,
Өмірдің көңіліме сырын түйдім.
Гүліме тудың таза суын құйдым,
Мәртебем содан менің биіктепті» деп,
адамзат үшін сіңірген ерен еңбегін Жаратушы Хақтың сыйы ретінде баяндайды.
Атақты Ахмед Иүгінеки де (XII ғасырдың соңы – XIII ғасырдың басы):
«Иә, Алла! Көп мінәжат етем саған,
Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам» деп,
өмірін Алланың рахметінен үміт етіп, мінәжат қылып жалбарынумен өткізгендігін тілге тиек етеді.
Қазақтың XIX-XX ғасырларда өмір сүрген, ағартушылықпен айналысқан Ыбырай Алтынсарин (1841-1889):
«Кел, балалар оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры,
Бастасаңыз Аллалап» деп, Алланың атымен бастап, ықылас қойған істің ғана қайыры болатынын жас ұрпақтың санасына сәуле етіп түсіруді мақсат етеді.
Хәкім Абай Құнанбайұлы (1845-1904) «Бисмиллә» сөзін Аллаға шынайы көңілден жалбарыну арқылы жемісін беретінін былай топшылайды:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес».
[1] Әбу Дәуіт хадистер жинағы.
[2] Әбу Дәуіт хадистер жинағы.
[3] Шарху ән-Науауй ғәлә Мүслим, Китәбул әшриба, 96-хадис, 1277-бет.
[4] Шарху ән-Науауй ғәлә Мүслим, «Китәбул әшриба» бөлімі, 103-хадис, 1280-бетте.
[5] Ибн Хиббән хадистер жинағы
[6] Бухари, Әтиғмә 2; Муслим, Әшриба 108
[7] Һуд сүресі 41-аят.
[8] https://www.muftyat.kz/kk/articles/sermons/2018-07-19/18618-bismill-n-tpsr-1/