Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНДА МӘУЛІТ КЕШІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Новоишимовское ауылында Мәуліт мерекесіне орай рухани кеш ұйымдастырылды. Іс-шара аудандық мешіттің бастамасымен аудандық мәдениет үйінде өткізіліп, жиналған жамағатқа ерекше рухани әсер сыйлады.

Мерекелік кешке облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Аман Асылханұлы, ұстаз Ринат Естайұлы және Петропавл қаласындағы «Береке» мешітінің наиб имамы Мырзаев Имам Одинамахмұтұлы арнайы шақырылып, олар пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көркем мінезі мен өнегелі өмірі жайлы мазмұнды уағыз-насихат жүргізді.
Кеш барысында салауаттар айтылып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамгершілік болмысы мен ислам дініндегі биік құндылықтар кеңінен сөз болды. Жиналған қауым рухани серпіліс алып, жүректерін жылытар тағылымға бөленді.

Іс-шара соңында жамағатқа жайылған дастархан басында ағайын бірлік пен бауырмалдықтың қадірін сезініп, Мәуліт кешінің рухани лебін жан-жүректерімен қабылдады.

Return to Top ▲Return to Top ▲