Қоғам деп – мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас деп білетін адамдар тобын айтамыз. Мұсылман адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажет.
Жастарымыздың өмірінде Ислам діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.
Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اَلْمُؤْمِنُ اَلَّذِي يُخَالِطُ اَلنَّاسَ, وَيَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ خَيْرٌ مِنْ اَلَّذِي لَا يُخَالِطُ اَلنَّاسَ وَلَا يَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ
«Адамдармен араласып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр еткен мумин адам, адамдармен араласпайтын, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр сақтамайтын мумин адамға қарағанда қайырлы», – деген (имам ибн Мәжә).
Қазақ халқында: «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Туысы бірдің уысы бір», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген көптеген мақал-мәтелдерінде қоғаммен бірге жүретін көпшіл болуға, ағайынның қадірін білуге, сыйлап-құрметтеуге шақырған. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.
Жастар қашан да әр халықтың әр қоғамның ең құнды қазынасы болған, солай бола береді де. Себебі, жастар – елдің тірегі, болашағы. Елдің ертеңі болған жастар тәрбиесі бүгінгі күнге дейін маңызды болған, әрі қашанда басты мәселелердің бірі бола беретіні анық. Халқымызда «Ағашты шыбық кезінде түзуле» деген жақсы сөз бар. Өйткені, жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көпшілігі жастар.
Ислам діні қашанда жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырып келген. Себебі, дұрыс бағыт алған жастар елдің үмітін ақтайды. Қазіргі қоғамда дінді бұрыс бұрмалаудың нәтижесінде, оның ішкі мазмұнына дұрыс үңілместен қарайтын жағдайларда кездеседі. Ислам діні адамзат баласын тазалыққа, ілім-білімге, талапты болуға шақыратын дін. Ислам тәрбиесінің біздің қоғамымыз үшін пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Өйткені ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді қатар алып жүрген.
Жастық шақ деп аталатын осы бір өмірлік кезеңді қоғамға пайдалы істермен өткізуге тырысу қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында да жас сахабалар өте көп болды. Атап айтар болсақ, Әли ибн Абу Тәлиб, Абдулла ибн Аббас, Әнас ибн Малик, Мусғаб ибн Умайр, Муаз ибн Жабал сынды жас сахабалар (Алла оларға разы болсын). Олар Алла Елшісіне бар ықыласымен жәрдемдесіп, өздерінің жастық шақтарынан қоғамға пайдалы әрі ізгі істермен өткізген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خَيْرُ شَبَابِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِكُهُولِكُمْ وَ شَرُّ كُهُولِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِشَبَابِكُمْ
«Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары», – деген.
Бүгінгі жас ұрпақ жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал.