ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С) ЖҰБАЙЛАРЫМЕН ҚАЛАЙ ЕДІ?

Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) жанұясына ерекше мейірімді еді, әйелдеріне ерекше құрмет көрсетіп, оларға сөздерінің маржанын арнайтын. Өзінің үмметіне айтқан өситетінде: «Сендердің жақсыларың жанұясына жақсы қарағандарың, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын»[1], деген.

Осы өсиетті өмірінде орындай іс жүзінде орындай білді. Жанұясымен ерекше қарым-қатынасының көрінісі – олармен тату-тәтті өмір сүретін, оларған барлық жылы сөздерін арнайтын, әзілдейтін, ерекше талғаммен еркелететін, қиналғанда демеу болатын. Соның бір мысалы Айша анамыздың атын толық айтпай, «Айш» деп қысқартып айтатын, қызыл реңіне тәнті болып, «Қызғылтым» деп еркелететін, әкесіне деген құрметін паш ету үшін «Әбу Бәкірдің қызы» деп, құрмет қылатын.

         Пайғамбар (с.ғ.с) үй жұмысында әйелдеріне  жәрдемдесетін, Айша анамыздан жеткен хабарда Пайғамбар үйде не істеуші еді?, деген сауалға: «Жанұясына жәрдемдесетін, намаз уақыты кірген кезде дәрет алып намазға шығатын»[2], деп жауап берген. Басқа бір хадисте: «Өз киімін өзі жамайтын, аяқ-киімін жөндейтін, ер адамдар үйлерінде жасауы тиіс істі пайғамбар да жасайтын»[3]. Ол өзінің хадисінде: «Сауап тұрғысынан ұлы амалдардың бірі – жанұяға жұмсалған қаражат»[4],  деген.

         Пайғамбар (с.ғ.с) әйеліне сезімен білдіруді арланбайтын. Сахаба Амр ибн әл-Ас Алла Елшісінен (с.ғ.с): «Ең жақсы көретін адамыңыз кім?» – деп сұрағанда: «Айша», – деп жауап беріпті.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні Айшаға Умму Зарр туралы хикаяны баяндап, сөзінің соңын: «Умму Зарр Әбу Зарр үшін қандай болса, сол секілді сен де маған сондайсың», – деп аяқтайды. Күйеуінің бұл сөзіне орай өзінің де терең махаббатын білдірген ол: «Сен мен үшін Әбу Зарр Умму Заррға қымбат болғаннан да қымбатсың», – дейді. Бұл – «сіз мені жақсы көргеннен де қатты жақсы көремін» дегені.

         Алла Елшісі (с.ғ.с) сапарға шыққанда жарларын (жеребе бойынша) өзімен бірге алып жүретін әдеті бар еді. Айша анамызбен бірге сапарға шыққанда онымен әзілдесіп, тіпті жүгіріп жарысып, бірде Айша бірде пайғамбарымызды (с.ғ.с) енді бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  озғаны жайында сира кітаптарында деректер бар. Сафия анамызға тізесін қойып түйеге мінгізетін, өмірден озған сүйікті жұбайы Хадиша анамыздың құрбыларына қой сойып, сый жасайтын, жалпы кез-келген әйеліне пайғамбар ерекше құрмет жасайтын.

         Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жаұядағы ерекше қасиеттерінің бірі – әйелдерінің  қате-кемшіліктерін көркем түрде түзеуі.  Бірде Айша анамыз пайғамбарды (с.ғ.с) қызғанып, оның басқа әйелі беріп жіберген тамақ салынған ыдысты сындырып қояды. Бұған куә болғандар мұсылмандардың анасынан мұндай қылықты күтпеген еді. Сол мезетте Расулалла (с.ғ.с) жанындағыларға бар болғаны: «Мұсылмандардың анасын қызғаныш билеп алды», – деп оқиғаны жылы жауып, мәселені көркем түрде жақсылыққа қарай ауыстырып қойды. Өзін ұстай алды әрі әйелін ұстамдылыққа тәрбиелей білді. Кекшілдік емес, кеңшілік жасады.

         Міне, пайғамбарымыз (с.ғ.с) жанұясымен осылай болған.


[1] Тирмизи хадистер жинағы

[2] Муслим хадистер жинағы

[3] Ахмад хадистер жинағы

[4] Муслим хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲