Орталық мешітте баспасөз мәслихаты өтті

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа арнаған Үндеуін насихаттау мақсатында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде баспасөз мәслихаты өтті. Аталмыш шараға Дін істері басқармасының дiни бiрлестiктермен жұмыс жөнiндегi бөлiмiнің басшысы Әбу-Бәкір Кәрменов, облыстық және қалалық телеарналардың тілшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы жиналған қауымға Мүфти хазреттің Үндеуін таныстырып, Рамазан айы қарсаңында облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, халықтың діни сауатын арттыру мақсатымен мешітте арнайы курстар ашылды: ораза ұстаудың тәртіптері, тарауық намазының оқылуы, тағы да басқа мәселелер бойынша осы дәрістерде толық ақпарат беріледі. Сабақтар Рамазан айы бойы жалғаспақ. Сондай-ақ Рамазан айы жайлы парақшалар, арнайы намаз кестесі, қазақ және орыс тілдерінде мақалалар әзірленді. Ал қазіргі жаһандану заманына орай атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, орталық мешіттің ресми сайтын атап өткен жөн. Онда кез-келген адам өзін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, арнайы теолог мамандардан, ұстаздардан толыққанды, анық дәлелдермен келтірілген жауап ала алады. Басқосуда облыс имамы Рамазан айның қасиеті, ораза ұстаудың артықшылықтары мен хикметтері, биылғы пітір садақа мөлшері, зекет туралы әңгімеледі.

«Бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты – асыл дініміздің құндылықтарын, ұмыт болып жатқан салт-дәстүрлерімізді және Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ізгілік, береке мен бірлікке шақырған Үндеуін, барша мұсылмандарға арналған келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтауын қалың жұртшылыққа жеткізу. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының ролі орасан зор» деп, Кенжетай қажы Байкемелұлы жиынға қатысушыларды бірлесе жұмыстар атқаруға шақырды.

Кездесу соңында БАҚ өкілдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, өңір имамы оларға толыққанды жауап берді.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲